Басты бет » Жаңалықтар » Ырғыздың қозылары экспортқа шығарыла бастады

Ырғыздың қозылары экспортқа шығарыла бастады

Өңірде ет экспортының әлеуетін арттыру туралы тұрақты әңгіме болып келеді. Соның ішінде қой етін экспорттау өзекті мәселе ретінде қаралуда. Рас, анабір жылдары марқа еті Араб елдеріне экспортқа шығарыла бастады да, кейін әртүрлі себептермен жалғасын таппай қалды. Міне, енді араға біраз уақыт салып, бұл бастаманы жандандырудың сәті түскен секілді. Ырғыз өңіріндегі «Алтын-Әсел» ЖШС-ынан биыл туған марқалардың алғашқы тобы Біріккен Араб Әмірлігіне жөнелту үшін үлкен шетелдік жүк автокөліктеріне тиелді. Тиелген мал әуелі Тараз қаласына жеткізіледі.

«Алтын-Әсел» ЖШС — кешегі ауыл шаруашылығын жаппай жекешелендіру кезінде көбесі сөгілмеген «Құмтоғай» кеңшарының ізінен құрылған шаруашылық құрылымы. Оны ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырудың шебері Хамит Өтеуұлы басқарады.

— Ауыл шаруашылығы өндірісінің ең өзекті мәселесі — өндірілген өнімді өткізудің қиындығы. Біздің серіктестік бірыңғай мал шаруашылығымен айналысады. Расы керек, өндірген өнімдерімізді өткізу рыногы жоққа тән. Шауып шыққанда етімізді  Ақтөбенің, көршілес Қызылорданың базарына апарамыз.  Соның өзінде өз бағасына бұлдап өткізе алмаймыз, арзанға беріп кетуге мәжбүр боламыз.

Біз Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданынындағы «Жеңіс» асылтұқымды мал зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен он жылға жуық уақыттан бері әріптестік қарым-қатынас орнатып келеміз. Біз олардан асылтұқымды қошқарлар сатып аламыз, олар бізден жылқы, ірі қара, қой сатып алады. Құрылыс материалдарын, жем жеткізіп берген кездері де болды. Ұлытау ауданының Сарысу, Нұра ауданының Изенді деген жерлерінен де қошқарлар сатып алдық. Себебі, біздің қойдың тұқымымен олар өсіретін қой тұқымы бірдей. Сол арқылы отарлардағы қой тұқымын асылдандыруды одан әрі жетілдіре түсудеміз. «Жеңіс» асыл тұқымды мал зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқарма төрағасы Жамбыл Жүндібаев Біріккен Араб Әмірлігіне қозы етін экспорттауға ұсыныс жасады. «Іздегенге сұраған» дегендей, бірден келісім бердік. Міне, бүгін 1 мың қозыны толықтай тиеп жөнелткелі тұрмыз, — деді «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуұлы.

Бұл серіктестік асылтұқымды қазақтың жартылай қылшық жүнді құйрықты қойын өсіреді. Мұнда жылына еркек қозылардан іріктеп қалдырылған 250 асылтұқымды қошқар, сондай-ақ, тұсақ қойлар сатылады. Былтыр 700 асылтұқымды тұсақ қой сатылса, биылдың өзінде 150 асылтұқымды тоқты қошқар сатылған. Шаруашылық малшылары төлдейтін әр жүз малдан 100 қозы, 100 құлын, 100 бұзау алды. Серіктестік директорының айтуынша, жүн де арзанға өткізіледі, келісін 40-50 теңгеден делдалдар келіп алып кетеді екен.

Бұл шаруашылықта қысқа 7 мың қой, 1 мың жылқы, 300 ірі қара түседі. Серіктестік пішеншілері қазірдің өзінде қажетті 2 мың тонна мал азығын дайындап, қыстақтарға жеткізген. Енді жекелерге тегін берілетін 3 мың центнер мал азығы дайындалуда. Мал баздары күрделі жөнделіп, қысқа сақадай сай әзір.

Ырғыздың қозыларын экспортқа шығаруға ұсыныс жасап, оны жүзеге асырып жүрген Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс» асылтұқымды мал зауыты» ЖШС басқарма төрағасы Жамбыл Жүндібаевтың айтуынша, ол бұл шаруаға былтыр кіріскен екен. Өткен жылы ол Қарағанды облысынан қозы дайындап, ұшақпен үш рейс жасапты. Биыл да бір рейс жасаған. Енді «Алтын-Әсел» ЖШС қозыларын да Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелту үшін екі үлкен жүк автокөлігімен келіп тұрған беті екен. Мұның алдында бес жүз қозыны осылай алып кетіпті.

— Біздің серіктестікте 15 мың қой, 600 жылқы ұстаймыз. Бұл шаруамен былтырдан бастап айналысып келемін.  Хамит Өтеуұлымен келісіп, алғашқы бір отар қозыны Құрбан айт мерекесі қарсаңында Біріккен Араб Әмірлігінің Шарджы қаласына ұшақпен жеткізуге талаптанып жатырмыз. Одан әрі қозы етінің игілігін тапсырыс берушілер өздері көреді. Осы жаңа ғана олардан тағы 1 мың қозыға тапсырыс түсті. Яғни бұл дегенің — қозы етіне бұл елде қызығушылық бар деген сөз. Біз мұндай мүмкіндікті жібермеуіміз керек, — деді ол.

Ол сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллинмен кездесу барысында қозыларды болашақта Ақтөбе әуежайынан жөнелту мәселесінің әңгіме болғанын да атап өтті. Егер тиімділігі көрініп жатса, бұл бағыт та қарастырылатынын жеткізді.

— Біз болашақта басқа да бағыттарда әріптестікті нығайта түсуге әзірміз.  Хамит Өтеуұлына бие байлап, құрғақ бие сүтін өндіруге ұсыныс жасап отырмын. Келісімге келіп жатсақ, бұл серіктестікте болашақта 200 бие сауылады деген үміттемін, — дейді іскер азамат.

Әрине, экспортқа шығарылатын малдың еті таза да сапалы болуы шарт. Бұл бағытта біраз шаруалар тындырылыпты. Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амантай Досекешовтің айтуынша, экспортқа шығарылатын қозылар алдын ала малдәрігерлік тексерулерден өткен, құжаттары дұрыс жасақталып, толтырылған. Ауданда қазір 107 мың қой, 39400 ірі қара, 9300 жылқы, 1200 түйе бар. Сол малға қысқа қажетті 58 мың тонна орнына 148 мың тонна жемшөп дайындалып, соның 89 пайызы қыстақтарға тасылып, үйілген. Ауданда шалғай жайылымдықтарды суландыру да қолға алынуда. Нұра, Тәуіп ауылдық округтерінде құс өсіруге ынта білдірушілер бар екен.

— Биыл 9 тонна етті экспортқа шығару көзделген еді. Қозыларды экспорттау арқылы бұл тапсырма артығымен орындалады деген үміттеміз. Қазір 1 мың қозы тиелді. Бұл — әр марқаның орташа сойыс салмағы 16-17 келі шыққаннның өзінде 17 тонна қозы еті экспортталды деген сөз. Бұл бастаманы алда да жалғастыруға бағыт ұсталуда. Егер шаруа қалыптасып кетсе, қой шаруашылығының тиімділігі бұрынғыдан арта түсері сөзсіз, — дейді  Амантай Досекешов.

Манай жайлауының шүйгін жайылымында жайылып, семірген марқалар ірі де салмақты, саулықтарға жетеғабыл көрінді. Мал маманы Нұрбек Ақылбеков, есепші Жансерік Күмісқалиев бастаған ауыл жігіттері әп сәтте үлкен екі автокөліктің екі қабатты қорабын қозыларға толтырып, тиеп берді. Малдәрігерлік тексеруден өткен семіз марқаларды көріп алушылар да риза болды. Шөбі шүйгін, суы тұнық жайылымда семірген марқаларға тапсырыс берушілердің көңілі толатынына бек сенімді екендіктерін де жасырмады.

Жалпы облыс бойынша алғаш рет қозыларды экспортқа шығарып отырған «Алтын-Әсел» ЖШС-ында мал тұқымын асылдандыру бағытында біраз шаруалар қолға алынған. Мұнда Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының ғалым-мамандарымен тығыз байланыс орнатылған. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қуаныш Есенғалиевтің еңбегі зор. Қойды іріктеу-сұрыптауға, қолдан ұрықтандыруға, малдәрігерлік есеп-қисабын жүргізуге жете мән беретін ол серіктестіктің асылтұқымды шаруашылық атануына елеулі үлес қосқан маман.

Серіктестік директоры Хамит Өтеуұлы сөз соңында мал бағуға жастардың келмейтінін, оларды тарту үшін барлық жағдайды жасап жатқанын айтты. Мысалы, Қарақұдық ауылынан қой қырқатын пункт, үш үй салынса, тағы  екі қыстақта   малшыларға арналған жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал Қарақұдық ауылында 25 орындық интернат үйі жұмыс істейді, онда 15 малшы баласы жатады. Ал осындағы негізгі мектепке өткен жылы 900 мың теңгенің құрал-жабдықтары алынып берілсе, биыл 400 мың теңгеге еденіне төселетін жабынды сатып алып беріпті.

— Ең бастысы, өндірілген өнімімізді өткізетін нарық болса, жұмыс істеуге болады. Етің мен жүнің өзің ойлағандай бағаға өтпесе, жігерің құм болады. Мына бастаманы жетілдіре түссе, болашағы зор болғалы тұр, — дейді «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуұлы.

Манай жайлауынан қозғалған қозы тиелген үлкен жүк автокөліктері Таразға бағыт түзеді. Үлкен істің негізі іспетті бағалы бастаманың баянды болатынына сенім мол. Осы бір сәт нарықтық қатынасқа төселіп келе жатқан ауыл адамдарының бойында үміт отын ұялатқандай болды.

  Сатыбалды СӘУІРБАЕВ,

Ырғыз ауданы.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*