Басты бет » Ауыл » Науқан қарқын ала түсті

Науқан қарқын ала түсті

Астық-2017

Жаздың аяқталуына санаулы күндер қалды. Көп жағдайда күзгі маусым жауын-шашынды болатыны белгілі. Ал өтіп бара жатқан тамыз айы егінші қауымға қарасты, бұл жағынан қолбайлау жасамады. Соның арқасында егін орағы науқаны қарқын ала түсті. Айталық, өткен аптада облыс бойынша тәулігіне 7-8 мың гектар дәнді дақыл жиналса, қазір күніне 12,1 мың гектар алқаптың астығы орылып, бастырылады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін жинаудың барысы туралы осы жылдың 22 тамызына берген ақпараты бойынша аймақта дәнді дақыл егісінің 21,7 пайызы орылып үлгерген. Жаңа астықтың әр гектарға шаққандағы орташа түсімі 10 центнерге жуықтайды. Бидай мен күздік дақылдардың түсімі бұдан жоғары.

Биылғы маусымда облыс диқандары  389,5 мың гектар алқаптың дәнді дақылдарын жинайды. Әзірге орып, бастырылған астық мұның бестен бір бөлігінен сәл артығын құрайды. Демек, алда әлі де көп жұмыс тұр. Ол қарқынды үдете түсуді қажет етеді. Жауын-шашынға ұрындырмай, қысқа мерзімде, жерге шыққан астықты төгіп-шашпай жинап алу — бірінші кезектегі міндет.

Мамандардың айтуына қарағанда, бұл үшін шаруашылықтарда адам, техника күші, жанар-жағармай жеткілікті. Егін орағын өткізетін шаруашылықтарға  мемлекет тарапынан қолдау-көмек көрсетілуде.

Егін орағын облысымыздың астықты төрт ауданы — Әйтеке би, Хромтау, Мәртөк, Қарғалы аудандары биыл қарайлас бастады. 141,7 мың гектар дәнді дақыл егісі бар Әйтеке би ауданының диқандары әзірге 18,9 мың гектар алқаптың астығын жинаса, Қарғалы ауданы 91,2 мың гектардан 19 мың, Мәртөк 53,7 мың гектардан 14,3 мың, Хромтау 42,9 мың гектардан 10,3 мың гектар алқаптың астығын ғана орды. Әр гектарға шаққандағы ең жоғары түсім Мәртөк ауданының диқандарына тиесілі. Мұнда әр гектар дәнді дақылдан орта есеппен 11,6 центнер өнім алынуда. Бидай дақылынан жоғары өнім Қарғалы ауданының еншісінде. Ал арпа дақылы бойынша Мәртөк ауданының көрсеткіші жоғары.

Арпа егісін таяу арада жинап алу шұғыл шаруа. Өйткені бұл дақыл бұдан әрі ырғалып-жырғалуды көтермейді, төгіледі. Егін шаруашылығына жетік әрбір білікті маман осылай дейді. Өкінішке қарай, көп шаруашылықтар арпа дақылына орақты кеш салды. Соның салдарынан облыс бойынша бүгінгі күнге барлық арпа егісінің 44,2 пайызы ғана орылды.

Шаруашылықтардың  қарқынды үдетіп, науқанды табысты жүргізуіне жергілікті жерлерде барлық жағдай бар. Әзірге ауа райы да оған мүмкіндік беріп тұр. Мамандардың мәлімдеуінше, астық сақтайтын элеваторлардан, қабылдау орындарынан кідіріс жоқ.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*