Басты бет » Мәдениет » «Ән-ғұмыр» ғұмырларды ұзартты

«Ән-ғұмыр» ғұмырларды ұзартты

Өткен сейсенбіде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы мәдениет және демалыс саябағында республикалық «Əнғұмыр» ретро əндер фестивалі өтті. Оған Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның белгілі әншілерімен қатар Астанадан, Алматыдан атақты әншілер де қатысты. 

Ақтөбеліктердің саябақта өтетін концерттерге тайлы-таяғы қалмай баратын болғаны  тағы да көрінді. Егде жастағы адамдар да, жастар да, балалар да көп жиылды.

Облыстық филармония биыл екінші рет Қазақстанның Әнұранының  авторы, қазақтың əн падишахы, халық артисі Шəмші Қалдаяқовтың туған күніне орай ұйымдастырған  ән мерекесінде Шәмшінің ғана емес, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Еспаев, Теміржан Базарбаев сияқты дүлділдердің де ел сағынған әндері шырқалды.

Астанадан Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының әншілері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ пен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Нұрғали Тұрлыбеков, Алматыдан әнші жерлестеріміз  Мирас, Құралай Бекжановтар, Жадыра Арыстановалар келді. Сондай-ақ облыстық филармонияның Лаура Тауасарова, Бағдат Сейіт, Еркебұлан Құмаров, тағы да басқа талантты жас әншілері өнер көрсетті.

Астаналық әнші Нұрғали Тұрлыбеков Шәмшінің атақты әні «Бәрінен де сен сұлу», ал Арайлым Рақымқызы Әсеттің «Ақ гүлім», Бибігүл Жанұзақ Нұрғисаның «Қарлығаш туралы ән» сияқты әндерін құйқылжытты. Қазақ эстрадасының жұлдыздары Мирас пен Құралай Бекжановтар Шәмшінің «Қуаныш вальсін», Нұрғисаның «Сырласу вальсін» шырқағанда «Аққу» би ансамблі мен «Айша бибі» би тобы  сахнаға көрік берді. Ал Жадыра Арыстанова  Әсеттің «Арман-ай», Дулат-Рита Айтжановтар Қ.Мырзалиевтің сөзіне жазылған  Темірғали Базарбаевтың  «Тамаша» әнін орындады. Әбілахат Еспаевтың Қабдыкәрім Ыдырысовтың сөзіне жазылған «Қайдасыңдар, достарым?» әнін әнші Нұртас Омаровпен көпшілік қосыла айтты. Әрбір ән орындалғанда оның мазмұнын ашатындай билермен көмкерілді.  Айбат Мақашев Шәмшінің «Жіберілген хат» әнін айтқанда Т.Ахтанов атындағы драма театрдың актрисалары Майгүл Мұзбаева, Айгүл Оразалина тәрізді бір топ актрисалары сахнада шағын көрініс қойды. Филармония әншісі  Гүлнәзира Сағынғанова Шәмшінің бұрын орындалмаған «Алыс арман» әнін әуелетті. Ал Аймұрат Мәжікбаев «Өр көңілім саған қарай сүйреген, Әнім едің сауық кештерде салған» деп басталатын Әсет Бейсеуовтің «Бақытты бол» сияқты тамаша әнін шырқағанда көпшілік қосылып кетті.

Құтты мекен Ақтөбенің ашық аспанын әнге бөлеген керемет фестивальде халық  ретро әндерді әншілермен қосыла шырқап, бір жасап қалды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*