Басты бет » Мәдениет » Төлеген ақынның «бір тойы»

Төлеген ақынның «бір тойы»

11-13 тамыз күндері Байғанин ауданында Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толуына арналған шаралар өтті.

АҚТӨБЕ ЖӘНЕ ТӨЛЕГЕН

Қазақ өлеңінде төңкеріс жасап, ірі мектеп қалыптастырған,  небары 30 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен дара талант Төлеген Айбергеновтің мерейтойы жыл басынан бері Алматыда, Астанада, Қарағандыда, Теміртауда және ақынның кіндік қаны тамған Қарақалпақстанда аталып өткен болатын. Енді кезек Ақтөбеге де келіп жетті.

Айбергеновтің атакүлдігі — Доңызтау өңірі. ХХ ғасырдың басындағы аласапыранда әке-шешесі  бауырлас қарақалпақ еліне ауған. Бұл туралы газетімізде жазылды (Қараңыз: №94. «Төлеген Айбергенов». «Ақтөбе» газетінің арнайы қосымшасы).

Бірақ көпке дейін оның ата-бабасы Ақтөбе өңірінде өмір сүргендігі туралы айтылған жоқ. Оның бір себебі,  ақынның атадан жалғыз болғандығы һәм өмірден ерте озғандығы, балаларының тым жас қалғандығында  болса керек. Рас, ақынның барлық мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, ақтық демі үзілгенше  насихаттап өткен оның жары Үрниса Оспанқызы енесінен, жарынан естіген әңгімелерді жиі айтатын. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Айбергеновтің туған күніне жиналған бір сәтте Өтежан Нұрғалиев: «Төлеген «Ақтөбе — менің әке-шешемнің туған жері» деп айтып еді» — деген болатын. Бірақ бұл әңгімелер дастарқан басынан асқан жоқ.

Алайда ақынның атажұртында да оны ұмытпағандар бар екен. Екі мыңыншы жылдардың басында оның есімі Байғанин ауданының энциклопедиясына енді.  Төлеген Айбергенов туралы деректі фильм түсіру үшін Қарақалпақстанға барып келе жатқан ақынның қызы Салтанат Айбергенова жолда Қарауылкелдіге соғып, ел азаматтары оны күтіп алып, фильмге қажетті орындарды  түсіруге көмектескен болатын. Одан кейін белгілі кәсіпкер Базаркелді Ертуғанның ұйымдастыруымен облыс орталығында ақынның 70 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Ақынның өлеңдері Ақтөбенің  бас көшесіндегі үлкен баннерде ілулі тұрғаны да ел есінде.

Оның бер жағында  Ақтөбе қаласындағы бір  көшеге, Байғанин ауданы Миялы ауылындағы мектепке ақын есімі берілді.

Биыл Қазақстан Жазушылар одағы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына  хат жолдап,  содан кейін Төлеген Айбергеновтің мерейтойын атақонысында атап өту жөнінде шешім қабылданды.

«Мен өзім де ән салам түн ауғанша…»

Қонақтар мінген ұшақтың кешігуіне байланысты Қарауылкелдідегі Мәдениет үйінде 19.00-ге жоспарланған «О, адамдар, біргемін мен сендермен…» атты кеш 21.00-де басталды. Аудан әкімі Асқар Шериязданов меймандарға қош келдіңіздер дей отырып, ақындар елі — Байғаниннің бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Облыс әкімінің тапсырмасымен жыл басынан бері Айбергеновтің мерейтойына арналып өткізіліп жатқан, осы күндерге жоспарланған  шаралармен таныстырды.

Салтанат Айбергенова:

— Той өте жоғары деңгейде өтті. Ата-әжеміз, ата-анамыз армандаған топыраққа табанымыз тиіп тұрғанына, халықтың бізді осыншама ықыласпен күтіп алғанына шексіз ризамыз. Қаншама бауыр таптық.

Жалпы ата-бабамыз түтін түтеткен өңірде әкемнің тойын өткізу арманымыз еді. Сол арманның орындалуына мүмкіндік жасаған  облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысымыз шексіз!

Еске сала кетейік, Төлеген Айбергеновтен 5 перзент қалған. Ұлы Дәурен өмірден ерте озды.

Салтанат, Махаббат, Хұсни, Айнар есімді қыздары, Махаббаттың жары, белгілі ақын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Жақып сахнаға көтерілгенде халық ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Мынадай ыстық ықыласты көрген ақынның ұрпақтары қатты толқыды. Салтанат бұрын осы өңірге келгенде құшақ жая қарсы алған елдің пейілін еске алып, әкесінің өлеңін оқыды. Бауыржан Жақып Байғанин топырағынан шығып, қазақ әдебиетінің бір-бір бәйтерегіне айналған дарындардың аруағына тағзым ете отырып, биылғы жылы респулика аумағында, Қарақалпақстанда Айбергеновке арналған шаралар туралы әңгімеледі. Өзінің Абай туған топырақтың перзенті екенін айта келіп, марқұм Үрниса Оспанқызының: «Мен Төлегенді Абаймен, Жамбылмен құда еттім…» дегенін еске алды. Махаббат мөлтек әңгімелерін оқыды. Хұсни мен Айнар да жүрекжарды лебіздерін білдірді.

«Қазақ елі» газетінің Қырғызстандағы өкілі, Мағжанның өлеңдерін жатқа соғатын, Төлеген өлеңдерін түрік тіліне аударып жүрген ақын, ғалым Оғыз Доғанның қазақ жеріне, қазақ тіліне деген аппақ көңілі жиналғандарды ерекше тәнті етті. Тараздан келген ғалым Әлімбай Найзабаев Төлеген туған топырақ пен оның атамекені туралы сөз қозғай келіп, ақынның өлеңдерін оқыды. Астанадағы Төлеген Айбергенов атындағы №16 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сондағы ақын музейінің басшысы Ақбота Есаматова  қызықты деректер айтты. Елордадағы №10 мектептің мұғалімі Дина Емрина да ақын шығармашылығын жиі насихаттайтынын жеткізді. Белгілі әнші, Төлеген Айбергеновтің 75 жылдығына арналған композиторлар байқауының жеңімпазы Ажар Сейтенова ақынның Ғарифолла Құрманғалиевке арналған «Әуен мен ырғақ» атты өлеңіне жазылған әнін айтып, жұртты бір серпілтті.

Сахнаға шыққандардың ішінде Төлегеннің өлеңдерін оқымағаны аз. Ал «Жем-Сағыз» фольклорлық ансамблінің, аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлжан Қонаеваның, қос дауыспен шырқаған Дәулет Жұбаниязов пен Амангелді Есжановтың және   Ақтөбеден арнайы барған дәулескер күйші Жайлау Асылхановтың өнерлеріне жұрт ризашылықпен қол соқты. Әсіресе, Гүлжан ақынның «Сағыныш» атты өлеңіне  жазылған Гүлмира Саринаның әнін шырқағанда бет орамалын көзіне апарып отырғандар көп болды. Гүлзира Меңдеш Мұхтар Шахановтың Төлеген Айбергеновке арнаған өлеңін оқыды. Орал Байсеңгір «Байғанин маршын» орындағанда халық дүр сілкінді. Айта кету керек, Орал 2007 жылы ақын есімін Матайқұм мектебіне беру керектігін айтып, «Ақтөбе» газетінің бетінде  мәселе көтерген болатын.

«Мен өзім де ән салам түн ауғанша…» — дейді Төлеген. Мына кеш тура сондай болды. Лық толы залдан тырп еткен  ешкім болған жоқ. Ақын өлеңін, оған арнаған жырын  оқығысы келгендер көп еді. Түн ортасы ауған сәтте кеш тізгінін тартқанымызда әлі де айызы қанбай қалғандар  болды. Мұндай көрермендер тек Байғанинде ғана бар шығар! Құрмет пен даңқ оларға!  «Ақындар елі» деп бекер айтпаса керек бұл ауданды!

 «Бәйге берем жығылған палуанға да…»

Ауыл әкімі Исатай Мәнібаев бастаған миялылықтар қонақтарды ауыл сыртынан күтіп алды. «Базар қожа» қорымын  аралап, бабалар аруағына тәу еттік. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ибрагим  Ермекбаев қонақтарға қорым тарихы туралы мазмұнды әңгіме айтты. Төлеген Айбергенов атындағы мектепте аталарының өлеңдерін жарыса оқыған оқушыларға көз сүйсінеді. Мектеп директоры Берқайыр Оңғаровтың айтуынша, бұл оқу орнында 88 бала білім алып жатыр. Ақынның «Атамекен» атты өлеңіне жазылған Роза Әлқожаның әні мектептің әнұранына айналыпты.

Айта кету керек, осы ауылда біраз жыл әкім болып қызмет еткен Құрманғали Әлжан мектепке ақын есімін алып беру жолында біраз еңбек етті. «Ақтөбе» газетінде бірнеше ұсынысы жарияланып, оған құзырлы органдар жауап берген болатын. Нәтижесінде, 2014-2015 оқу жылында мектепке Төлеген Айбергенов есімі берілді.

Кең дала төсіне тігіліп тасталған ақ боз үйлердің жанында кешке қарай ұлттық ойындар қызды. Епті жігіттер аударыспақ, теңге алу, көкпарда күш сынасты.

«Бір тойым болатыны сөзсіз менің…» деп аталатын гала-концертте ақынның ұрпақтары тебірене сөз сөйледі, әкелерінің өлеңдерін оқыды. Әсіресе, Махаббаттың: «Біз атамыз туған топырақты тура жүз жылдан кейін басып тұрмыз…» деген сөзі көпшілікті қатты толқытты. Ән-думан түн ортасына дейін жалғасты.

Ертеңіне таң атпай жұртшылық тағы да той болатын алаңға ағылды. Өйткені бәйге болатын еді. Аламан бәйгеде Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылының тұрғыны Айбек Нақбаевтың қосқан аты дара келді. Жарқамыстық Сейілхан Тұрғанбаевтың аты екінші, жаңажолдық Рашид Садықовтың аты үшінші келді.

Есесіне тоқ бәйгеде Сейілхан Тұрғанбаевтың аты мәреге бірінші болып келді. Қопалық Арман Досекенов пен миялылық Самат Әліповтің аттары екінші-үшінші орындарға ие болды.

Жұрттың тағы бір қызыға тамашалағаны — атан жарыс. Жарықтық атандардың ырыққа көнбей бұра тартқандары да болды. Бұл жарыста көрші Атырау облысының Құлсарысынан келген Меңдекеш Жаңабаевтың атаны бірінші болып келді. Екінші, үшінші орындар Миялыда қалды. Атан иелері — Жағыпар Мәліков пен Ертай Кәкенов.

Білегінен күш саулаған палуандар да той көрігін қыздырды. Қарауылкелді ауылдық округінің палуаны Жолмұқан Төлеужан қарсыластарын қирата жеңіп, түйе палуан атанды.

Айтпақшы, осы жерде ши шыға бастады. Ұйымдастырушылар әу баста жарысты аудан көлемінде өткізуді ұйғарған екен.  Бірақ көрші Атырау облысынан, Ақтөбе қаласынан, облыстың өзге де аудандарынан палуандар келіпті. «Жігіттері мәрт» (Орал Байсеңгір) Байғаниннің азаматтары бұл жерде де жол тауып кетті. Миялыдағы «Асылзат» шаруа қожалығының басшысы Төремұрат Әліпов өз қалтасынан қосымша қаржы шығарып, қонақтар үшін бөлек жарыс ұйымдастырды. Бұл жарыста қарсыластарының бәрінің жауырынын жерге тигізген қызылқоғалық Думан Мұтышев түйе палуан атанды.

«Бәйге берем жығылған палуанға да, Адалдығы сезіліп тұрар болса…» — дейді Төлеген «Бір тойым бар» атты өлеңінде. «Адалдығы сезіліп тұрған» миялылық палуан Алмат Ақлепесовке тай мінгізген «Жексенбі» шаруа қожалығы ақын арманын орындағандай болды.

Сонымен, ақынның тойы тура өзі армандағандай болып  өтті. Той тойға ұлассын!

Бауырлар

Миялы ауылының, көрші Оймауыт, ары қарай Дияр елді мекені тұрғындарының біразы Төлеген Айбергеновтің руластары болып келеді. Бірінің әкесі, бірінің шешесі: «Ана Төлеген Айбергенов деген ақын сенің туысың» деп құлақтарына сіңіріпті. Сондықтан да қарындастарын, сіңлілерін іздеп келіп, емірене маңдайынан сүйіп жатқандар көп болды. Сол сәтте:

Көркімді көріп, қуанған,

Баладай кемпір-шалдар-ай.

Алыстан келген нарлар-ай,

Арыстан кеуде жандар-ай.

 

Жаралу шарт па егіз боп,

Туысқа мен де ғашық ем.

Тербеліп кеттім теңіз боп,

Сүйдім де көздің жасымен, — деген ақынның өлеңі еске түсті. Беу, дүние! Осындай ақ жүрегімен қымбатсың ғой, сен!

 Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Байғанин ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*