Басты бет » Басты жаңалықтар » Ойдағы елдің әлеуеті зор

Ойдағы елдің әлеуеті зор

Жылдың әр маусымының өз жауапкершілігі бар. Жаздың соңғы айы өтіп жатыр. Көпшілік шаруаны жинақтайтын, тіпті тиянақтайтын шақ келді. Егін орағы басталды.  «Балапанды күзде санайды» дегендей, күзгі маусым да қашық емес. Осындай жергілікті жердегі шаруаның жағдайын көзбен көру үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сәрсенбі күні жұмыс сапарымен Ойыл ауданына барды.

 Ақкемер ауылында жаңа мектеп салынды

Жаңа Ақтөбе-Қобда тасжолында көлік үстінде кеседегі су төгілмейді. Ал бұдан біраз ілгері салынған Қобда-Ойыл жолы туралы бұлай айта алмаймыз, әрине. Мұның алдында оның асфальт жамылғысының кейбір тұстарының тозып, бүліне бастағанын да байқағанбыз. Қазір соған жол мекемелері тарапынан ішінара жөндеу жұмыстары жүргізіліп, біраз жақсартқанын да көріп келеміз.

Ойыл ауданының аумағына өткен бетте облыс әкімі Ақкемер ауылына ат басын тіреді. Саралжын ауылдық округіне қарасты бұл ауыл күре жолдан бұру жатыр. Соған қарамастан кешегі қиын кезде де көші-қонға түспей, өзінің қалпын сақтап қалды. Облыс әкімі осыдан екі жыл бұрын өзінің Ойыл ауданына сапарын тап осы ауылдан бастаған болатын. Сол кезде апаттық жағдайдағы Жамбыл мектеп-балабақшасын көріп, ауыл тұрғындарының өтініш-тілегін тыңдап, жаңа мектеп салғызуға уәде берген-ді. Бұл жолы сол уәде бойынша салынып жатқан жаңа мектептің құрылысымен танысты.

Шалғай ауылдың бұл оқу орнының құрылысына облыстық бюджеттен 226 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Жалпы алаңы 982,7 шаршы метр құрайтын бұл мектеп — ауылдың ең сәнді ғимараты болмақ. Қазір оның негізгі құрылысы аяқтала келіп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыстың бас мердігері, «Спарта и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорнының директоры Мақсат Сәңкібаевтың мәлімдеуінше, жаңа мектептің құрылысы осы заманғы талапқа сай салынуда. Оның құрылысына жергілікті тұрғындар да қатысуда.

Мектептің құрылысы бір қабатты, ал спорт залы екі қабатты ғимараттың деңгейінде. Мердігер құрылыс аумағынан он бес метр тереңдіктен бұрғылап қазып су шығарып, ғимарат ішіне су кіргізілген. Оқу орнының өзінің асханасы, кітапханасы, басқа да қызмет көрсету орындары бар. Ауласында спорттық алаңдары болады. Жылыту қазандығы салынуда. Мектеп көмір отынымен жылытылады.

Бердібек Машбекұлы аудан әкімімен, Саралжын ауылдық округінің, Ақкемер ауылының, мектебінің басшыларымен, тапсырыс беруші құрылыс мамандарымен бірге жүріп, жаңа құрылыстың жағдайымен танысты. Мердігер құрылыстың салу барысында шамалы кейін қалу болғанын мойындап, қазір оның қалпына келгенін айтып, құрылысты 20 тамызға дейін аяқтауға уәде берді.

Жаңа мектепті оқу сыныптарын, спорт залын, химия зертханасын, шеберханасын, ашық спорт алаңын, өзге де орындарын аралап көріп, облыс әкімі бірқатар ескертулер жасады. Кейбір бөлмелердегі төсеніштердің арзанқолдығына, төбедегі ауатартқыш қондырғының жабылмай тұрғанына мердігердің назарын аударды. Оларды жақсартуға байланысты кеңестер берді.

Жаңа мектептің жабдықтары, жиһаздары түгелдей жаңадан болмақ. Алайда ол жабдықтар мен жиһаздар әлі толық жеткізілмеген. Осыны аңғарған облыс әкімі бөлмелердегі бірер оқушы парталарына қара тұрып:

— Көне мектептен бұрынғы жиһаздарды мұнда тасып жүрмеңіздер. Жаңа мектепке көшкен балалар жаңа парталарға отыруы, жаңа тақтаны тұтынуы және зертхана мен шеберханадан жаңа жабдықтарды көруі керек, — деді.

Құрылысқа байланысты екі жақты шарттардың орындалу барысын пысықтап қайталап сұраумен болған облыс басшысы:

— Мектеп құрылысын бірінші қыркүйекке міндетті түрде аяқтау керек! — деп мердігерлік мекеме өкіліне қатаң тапсырды.

Спартактың қарбыз-қауыны

Саралжын ауылының іргесіндегі ақпа-тегін суды пайдаланып, бірнеше жылдан бері бау-бақша егумен айналысып жүрген «Спарта» шаруа қожалығының басшысы Спартак Төремұратов облыс басшысына өткізу рыногінің кемдігіне байланысты өзінің мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырғанын айтты.

— Өткен жылы 15 гектар жерге бау-бақша салған едім. Биыл мұны 4 гектарға ұлғайттым. Маусымдық жұмыстарда 14 адам, еңбек лагерінде 16 оқушы жұмыс істейді. Еңбектерін ақшалай төлеймін. Сырттан жұмыс күшін шақырмаймын. Жылма-жыл қарбыз, қауын, қияр өсіріп, жақсы өнім алып келемін. Өнімімді осы аумақпен бірге, көршілес Темір, Қобда аудандарына, Атырау облысының шекаралас аймақтарына, Ақтөбе қаласына өткізіп келемін. Соның арқасында жақсы табыс тауып тұрмын. Биылғы жылдың алғашқы қарбыз, қауын өнімдері базарларға жетті.

Менің бау-бақша, көкөніс алқабының көлемін арттыруға, одан алынатын өнімді молайтуға мүмкіндігім бар. Алма бағын қолға алу да ойымда бар. Асқабақ, қызылша егуге болар еді. Алайда ол өнімдерді өткізетін жер жоқ. Біздің фермерлер бұл дақылдарды малға беріп семіртуді білмейді. Менің негізгі мамандығым зоотехник, сондықтан малды бордақылауда, әсіресе, асқабақ пен қызылшаның алатын орны бөлек екенін білемін. Егер фермерлер менімен мал азығындық дақыл ретінде асқабақ пен қызылша өсіруге шартқа отырса, мен күзде жеткізіп берер едім, — деді бағбан.

Облыс басшысы бау-бақша өсірушінің бұл ұсынысын қуаттап, фермерлер қауымның малдың басын көбейтуде, бордақылаудағы малдың қоңдылығын арттыруда, мал азығының рационын байытуда көп жұмыстарды қолға алуы қажеттігін алға тартты. Шаруа қожалығы басшысының қауын, қарбыз өсіп тұрған алқабын көріп, биылғы өнімінен дәм татты.

Спартак биылғы егілген 15 гектар қарбыз, 3 гектар қауын өнімдерін жинап, саудаға шығаруда.

Алайда кәсіпкерлердің бәрі Спартак Төремұратов сынды емес. Жер шаруашылығымен шұғылдануы әлі де кемдеу. Мұны облыс әкімі де айтпай қала алмады.

— Бұл аймақ — аты аңызға айналған тарышы Шығанақ Берсиевтің жері. Егер ұрпақтарының сол дәстүрді  ұмытқанын білсе, ақсақал ренжіген болар еді. Сондықтан жермен жұмыс істеу керек. Тары егісін ұлғайту қажет. Тары — қазақтың жеңсік асы. Ол әр уақытта да өзін ақтайды, — деді кәсіпкерлерге Бердібек Мәшбекұлы.

Ауыл тұрғынының өтінішімен…

Облыс басшысының осының алдындағы бір сапарында, аудан орталығында өткен кездесуіне қатысқан Құмжарған ауылының тұрғыны Ләззат Байманова ауылдастарының сәлемін жеткізіп, шағын елді мекенде тіршілік етіп жатқан өз жерлестерінің тұрмысын көруге тілек білдірген еді. Ауыл тұрғынының сол өтініші бойынша облыс әкімі Ойыл-Шұбарқұдық тасжолының бойындағы Құмжарған ауылына жол тартты. Мұнда ол орта мектептің, медициналық пункттің, ауыл клубының жағдайымен және жұмысымен танысты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарымен кездесіп, проблемалық мәселелері мен оларды шешудің жолдарын талқылады.

Шығанақ Берсиев ауылдық округіне қарасты осы ауылдан шығып, облыс әкімі бұрынғы кеңшар кезінде егіс егілген алқапқа бағыт алды. Осында ол өткен жылы құрылған «Нәби Диас» ауылшаруашылық кооперативінің тары егісін көрді. Мал өсірумен бірге, биыл бұл кооператив алғаш рет 120 гектар қырлық тары екті. Тары егісі қазір жақсы бас салып тұр. Кооператив басшысы Ерлан Қалниязов тәуір өнім болатынын айтты.

Облыс әкімі тарының дәнін зерделеп қарап, шығымдылығын құптағандай:

— Биыл жауын болды ғой? Тары егісін техниканың көмегімен жинайсыздар ма? — деп сауал тастады. Комбайн түсетінін білгеннен кейін, алдағы жылы бұл кооперативтің, басқа да шаруа қожалықтарының тары егісінің көлемін ұлғайтуы қажеттігін тағы да көтерді.

Осы жердегі далалық егіс қосына қойылған ауданның ауылшаруашылық жұмыстарының жайын баяндайтын ақпараттық стендтердің жанында аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева  облыс әкімін атқарылып жатқан шаруаның барысымен жан-жақты таныстырды.

Көнеден бүгінге дейін

Аудан орталығында облыс әкіміне «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ойылдан шыққан белгілі кәсіпкер Талғат Салфиков бұрынғы көне құрылыстан жөндеп, жабдықтап берген «Әлеуметтік үй» көрсетілді. Мұнда психологиялық терапия курсы өтеді. Туғанынан сал ауруына шалдыққан балалар қажетті ем-дом мен массаж алады.

Бұдан қырық алты жыл бұрын тұрғызылса да, аудан орталығындағы орта мектеп күрделі жөндеу мен жақсы күтімнің арқасында, сәнді де жинақы көрінеді. Көріктендіріліп, көгалдандырылуы да ойдағыдай. Облыс әкімін осында мектеп директоры Ш.Бисенова, ұстаздар мектептің республикалық конкурстың жеңімпаздары болған оқушылармен, олардың жұмыстарымен таныстырды. Облыс әкімі жеңімпаз оқушылармен әңгімелесті. Әсіресе, 6-сыныптың оқушысы Олжас Жәрдемовтің елімізде түйе шаруашылығын дамыту жөніндегі жобасы кім-кімді де қызықтырады. Оқушы түйе шаруашылығын дамытуды қолға алған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек деп есептейді.

Әкім оқушының бұл ұсынысын қолдап, мал шаруашылығына бағытталған қаржылардың мейлінше табыс әкелетінін айтты.

Мұнан соң облыс басшысы Ойыл селосындағы жекеменшік балабақша құрылысымен танысты. Оның барысы жөнінде мердігер Ақнұр Ғазизова баяндады.

Аймақ басшысы мұнан кейін Ойыл селосында құрылысы тәуір өрістеген бір пәтерлі жалдамалы-коммуналдық үйлердің құрылысын көрді. Бұл құрылыстарға облыс бюджетінен шамамен 100 миллион теңге қаражат бөлінді. Тұрмысқа жайлы үш бөлмелі бұл үйлердің тұрғын үй аумағы 70-тен астам шаршы метрді құрайды.

Аймақ басшысының бұл жолғы Ойылға сапарының тағы бір себебі болатын. Осы жылы әлемге аян «Көкжар» жәрмеңкесінің 150 жылдығы салтанатты жағдайда атап өтелмек.

Әйгілі «Жібек жолында» орналасқан «Көкжар» жәрмеңкесінің  бірсыпыра ғимараттары көненің көзіндей сақталып алған. Бірнеше бөлік сауда қатарлары, тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары соның дәлелі. Сонау ғасырларда осы жерге келіп, Ресейдің алыс түкпірлерінен, оның ішінде Қытайдан, өзбектің Бұқар, Ташкент  сынды қалаларынан сәудегерлер тауарларын жеткізіп, сауда жасаған.

Міне, сол көне Көкжардың тас ескерткіштері көп міні құрамай 150 жылдығында да жетіп отыр. Республикалық деңгейде аталып өтілгелі отырған осы салтанатты шараны өткізуге байланысты құрылған комиссия құрамымен облыс басшысы осы көне құрылыстарды аралап көрді. Оны мерекеге дайындауға байланысты кеңестер берді.

Осы мәселе жұмыс сапарын қорытындылаған Ойыл аграрлық колледжінде аудан активтерімен болған кездесуде де айтылды.

— Біз осы жылы «Көкжар» жәрмеңкесінің 150 жылдығын Ойылда салтанатты жағдайда атап өткіміз келеді. Бұл — аса үлкен оқиға. Оған жан-жақты дайындалу керек, — деді.

Осында Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева ағымдағы жылдың жеті айының негізгі көрсеткіштерін баяндап, есеп берді.

Өзінің қорытынды сөзінде облыс әкімі:

— Президенттің экономикалық көрсеткіштерді сақтауға байланысты берген тапсырмасы біз үшін аса маңызды. Бұл тапсырмаларды қалайда орындауға тиістіміз.

Жалпы, облысымыздың көрсеткіші, экономикалық өсім 4 пайыздан төмен емес. Бұл — тәуір көрсеткіш. Мұнымен бірге, алдымызда тұрған тағы бір міндет — Үкімет бөлген қаражатты игеру. Сондықтан алдымызда үлкен жұмыс күтіп тұр. Облысымыздың экономикалық қуатын толық пайдалануымыз қажет. Ал Ойыл ауданының көрсеткіштеріне келетін болсақ, бөтен емес. Алайда, ауданның әлеуеті, мүмкіндігі әлі де жоғары. Сондықтан осы бағытта белсендірек жұмыс істеу керек, — деп түйіндеді сөзін Бердібек Сапарбаев.

Жаңа оқу жылы таяп қалды. Облыс басшысының осымен байланысты жаңа мектеп құрылыстарына айрықша көңіл аударғанын байқадық. Тек Ойыл ауданының өзінде биыл екі мектеп құрылысы салынды. Оның бірі — біз әңгімелеген Ақкемердегі мектеп болса, екіншісі — Құрманов ауылдық округінің Шұбарши ауылында салынған тап сондай орта мектеп. Оның құрылысы қазір толық аяқтала келді.

Сондай-ақ облыс әкімі Ойыл сапарынан қайтар жолда Қобда ауданының орталығында тұрғызылып жатқан жаңа орта мектептің құрылысының барысымен де танысты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Ойыл ауданы.  

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*