Басты бет » Басты жаңалықтар » Оңтүстіккореялық мамандармен меморандумға қол қойылды

Оңтүстіккореялық мамандармен меморандумға қол қойылды

Ақтөбеде  Check up орталығы мен жануарларға операция жасап, тәжірибе жүргізетін оқу орталығы, яғни зертхана  салынады. Бұл жұмыстар оңтүстіккореялық мамандармен бірлесе жүзеге асырылады. Осы мақсатта облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Сеул ұлттық университетінің даму және ғаламдық жоспарлау жөніндегі  вице президенті, профессор Кванг Вунг Ли ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев оңтүстіккореялық мамандармен бірлесе атқарылып жатқан шаруалардың нәтижесіне оң баға берді. Облыс медицинасының дамуы үшін халықаралық тәжірибелердің маңызы зор екенін, соңғы жылдары ақтөбелік хирургтердің Оңтүстік Корея елінде тәжірибе шыңдап, нәтижесінде өңірде күрделі оталарды жасап жатқанын айтты. Өз кезегінде оңтүстіккореялық мамандар бірлесе жұмыс жасау жөніндегі  ұсыныстарын айтты. Сеул ұлттық университеті жанындағы медициналық орталықтардың жұмысымен таныстырды.

Кездесуде  Check up орталығы мен зертхананың маңыздылығы сөз болды. Check up  — кешенді диагностикалық тексеріс жүргізетін орталық. Заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған орталықта нақты диагноз қоюға, ауруды ерте анықтауға барлық мүмкіндік қарастырылады. Қазіргі таңда елімізден, оның ішінде облыстан Оңтүстік Кореяға ауруын анықтау үшін баратын науқастардың саны көп. Егер аталған орталық өңірде ашылса, науқастардың нақты медициналық көмекті жергілікті жерден  алуына жағдай туады. Оңтүстіккореялық мамандар орталықта қызмет көрсетіп, біздің дәрігерлердің тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасайды. Ал зертхана медициналық қызметтің сапасын көтеруге ықпал етеді. Бұл оқу орталығында хирургтер тәжірибесін шыңдайды. Оңтүстіккореялық мамандар семинар, симпозиумдар өткізеді. Ақтөбелік дәрігерлер Кореяға барып оқуға, тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік алады.

Аталған екі орталықтың құрылысы облыстық көпсалалы аурухананың жанынан бой көтереді. Check up орталығының құрылыс жұмыстары биыл басталса, келер жылы іске қосылады. Ал зертхана құрылысы 2019 жылы аяқталуы тиіс.

Жиын соңында облыс әкімі оңтүстіккореялық мамандарға алғысын айтып, бірлескен істің нәтижелі болуына тілектестігін білдірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*