Басты бет » Жаңалықтар » Құбырлар жөнделіп жатыр

Құбырлар жөнделіп жатыр

Қаланың бірқатар аумақтарындағы су және канализация құбырлары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алдағы айда жөндеу жұмыстары аяқталмақ.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен «Ақбұлақ» АҚ өкілдері бірлесе баспасөз турын өткізді. «Ақбұлақ» АҚ  2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бойынша, қаланың 8 наурыз, Ломоносов, Жүргенов, Шернияз, Жанқожа батыр, Уәлиханов, Ж.Кереев, М.Өтемісов көшелеріндегі коллекторларды және Ғ.Жұбанова көшесі мен Әбілқайыр хан даңғылынан бастап, Гришин көшесіне дейінгі су құбырларын жаңғыртады. Бағдарлама негізінде биыл атқарылатын жұмыстарға қарастырылған қаржы көлемі — 2,71 миллиард теңге. Оның ішінде сумен жабдықтау жүйесін жөндеуге — 1,58 миллиард, суды бұру жүйесіне 1,13 миллиард теңге қарастырылған.  Жүргізілген сараптамалық жұмыстардың нәтижесінде «Ақбұлақ» АҚ-на қарасты құбырлардың 62 пайызы тозып тұр. Сондықтан мекеме энерго-ресурсты үнемдегіш озық технологияларды жетілдіру, су желілерін санация жолымен қалпына келтіруді көздеп отыр. Баспасөз туры кезінде журналистер ескі қала аумағындағы көшелердің жөндеу жұмыстарын көрді. М. Өтемісов көшесінде  коллекторлар жаңартылып жатыр. «Ақбұлақ» мекемесі құрылыс бөлімінің басшысы Болат Қуанышевтың айтуынша, соңғы 4-5 жылдықта құбырларды жаңарту жұмыстары жаңа технология арқылы жүргізіліп жатыр. Бұрынғыдай көше жолдары бұзылып, қазу жұмыстары жүргізілмейді. Арнайы техника арқылы жердің үстін бүлдірмей-ақ құбырлар ауыстырылады.

Жалпы 2,487 шақырым құбыр жолдарын санация әдісімен қалпына келтірілу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 2,4 шақырым құбыр қалпына келтірілген.

Сондай-ақ Пожарский көшесі, Сәңкібай батыр даңғылы, Тургенев көшесі бойындағы құбырлар да күрделі жөндеуден өтеді. Сазды ауылы аумағындағы ұңғымалар қайта бұрғыланады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*