Басты бет » Жаңалықтар » «Пробация үйі» және нәтиже

«Пробация үйі» және нәтиже

Пробациялық есепте тұрған азаматтардың қайта қылмыс жасауы жиі кездеседі. Осы мәселенің алдын алу үшін жазасын өтеп  шыққан азаматтарға мемлекеттік органдар тарапынан әртүрлі көмек көрсетіледі. Соның бірі — «Пробация үйі» бағдарламасы. Ақтөбе облысы республикада алғашқы болып аталған бағдарламаны іске асырды. Бағдарламаны жүзеге асыруға прокуратура, қылмыстық атқару жүйесі департаменті, жұмыспен қамту, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік басқармалары секілді бірнеше тиісті орындар атсалысты. Әр басқармадан арнайы өкілдер бір ғимаратқа жиналып, «бір терезе» қағидатымен азаматтарға көмек көрсетті, кеңес берді. Қазіргі таңда бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталды. Облыстық прокуратура ғимаратында өткен жиында осы мәселелер сөз болды. Облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров пробациялық есепте тұрған азаматтармен қалай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Ал прокуратураның аға прокуроры Жұмабек Ізғалиевтің айтуынша, қазіргі күні облыс бойынша 1342 адам пробациялық есепте тұр. Оның ішінде 862 адам Ақтөбе қаласы бойынша тіркеуге алынған. Аталған бағдарлама бойынша 162 азаматқа медициналық көмек көрсетілсе, 345 адам психотесттен өткен. 83 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал 16 адам қоғамдық жұмыстарға тартылыпты. Кәсіби қайта даярлықтан 29 адам өтсе, 37 азаматқа құжаттандыру бойынша көмек берілген. Сондай-ақ 223 адам заңгерлік кеңес алған. Сонымен бірге 4 адам «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша оқытылыпты. Бағдарлама жүзеге асқаннан бері жазасын өтеп шыққандардың  қайта қылмыс жасауы азайған.

Жиында қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі  Ернат Ақылжанов, облыстық прокуратураның жетінші басқарма бастығы Жасұлан Бралин, жазасын өтеп шыққан азаматтармен жүргізілетін жұмыстар жөнінде баяндама жасап, бірқатар ұсыныстар айтты.

Сондай-ақ жиында «Пробация үйі» бағдарламасының екінші кезеңінің әзірлігі сөз болды. Екінші кезең қыркүйектің аяғында басталады. Бұл кезең бойынша есепке жаңадан алынғандарға көмек көрсетіледі. Бұрын есепке алынғандардың мәселесі тұрғылықты жерінде шешілетін болады. Олар бақылаудың барлық санаттарымен қамтылады.

Жиын соңында облыстың бас прокуроры «Пробация үйі» бағдарламасын жүзеге асыруда белсенді еңбек еткен қызметкерлерді Алғыс хатпен марапаттады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*