Басты бет » Мереке » Құрметті құрылысшы

Құрметті құрылысшы

23 тамыз — Құрылысшылар күні!

Жылдағыдай биыл да тамыз айының екінші жексенбісінде елімізде құрыш білек құрылысшылар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бүгінде ірі жобалардың қолға алынып, сәулеті жарасқан еңселі ғимараттардың бой көтеруі — еліміздегі құрылысшылардың арқасы. Қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамай тер төгетін құрылысшылар қашан да құрметке лайық. Осындай жандардың бірі

Ғалымжан Кекілбаев — елімізде құрылыс саласының дамуына өз үлесін қосып, осы салада 35 жыл еңбек еткен құрметті құрылысшы.

Ол 1970 жылы Шымкент техникалық институтын инженер-технолог мамандығы бойынша бітіріп, арнайы жолдамамен Ақтөбеге келеді. Сол кездегі «Казглавзападстрой» аталатын құрылыс мекемесіне жұмысқа орналасады.

  • Сол жылы жолдамамен «Казглавзападстройдың» құрылыс материалдары комбинатына институтта бірге оқыған курстасым Кәрима (шын аты — Якуда) Абдуллина екеуміз бірге келдік. Ол Ембінің қызы еді. Кәрима темірбетон жасайтын цехқа, мен арматура жасайтын цехқа технолог болып жұмысқа орналастық. Көп ұзамай Құрылысшылар күнінде кезек бойынша Кәрима екеуміздің отбасымызға үш бөлмелі пәтер берді. Сол үйде екі отбасы болып тұрдық. Кейін мен комбинаттың өндірістік бөліміне ауыстым, — дейді Ғ.Кекілбаев.

Жұмыста жауапкершілігі мол, ісіне мығым, жоғары білімді құрылысшы-инженердің еңбектегі жетістігін көрген сол кездегі құрылыс мекемелерінің басшылары оны жаңа қызметке шақырады. Сөйтіп ол «Жилстрой» тресі мекемесінде, «Казводстрой» темірбетон бұйымдары зауытында, «Ақтөбетрансстрой» зауытында, «Дорстрой Трест» зауыты, тағы басқа өндіріс орындарында инженер, цех басшысы, бөлім басшысы болып жұмыс жасайды.

1998 жылы ол темірбетон бұйымдарын шығаратын зауытқа жұмысқа орналасып, ол жерде цех басшысы, кейін директордың орынбасары лауазымына дейін көтеріледі.

— Ол кезде цехта 30 адам жұмыс жасайды. Жылына 25 мың текше метр темірбетон өндіреміз. Сол жылдары зауыттың басшысы Ербол Көшербаев болды. Кейін бұл зауыт жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып аталды. Заманның қиындау тұсы болатын. Темірбетонға тапсырыс аз болды. Көбіне Атырау, Маңғыстау облыстарынан тапсырыс алатынбыз. Сөйтіп жүргенде 2005 жылы осы зауыттан зейнеткерлікке шықтым, — дейді кейіпкеріміз.

Басқарушылық қабілеті мен кәсіби тәжірибесінің арқасында қызметте көпке үлгі болған құрылысшының зейнеткерлікке шыққанға дейінгі еңбек еткен зауыт және мекеме басшыларынан алған грамоталары мен Алғыс хаттары жетерлік. Ал оның 2015 жылы алған «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің орны тіпті бөлек.

  • Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі жылдары біздің құрылыс саласында еткен еңбегіміз көп еленбеді. Соңғы екі-үш жылда ғана құрылыс саласының ардагері ретінде іс-шараларға шақырады. Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімшілігі «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапаттады. Құдайға шүкір, балаларымның арасында аман-есен отырмын, сондықтан артық мақтау-марапат алмадым деп айтпаймын, — дейді ардагер ағынан жарылып.

Көп мақтауды сүймейтін Ғалымжан атай әңгіме арасында кейінгі жылдары республикамызда, оның ішінде біздің облыста құрылыс саласы қарқынды дамып, осы ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар айтарлықтай еңбек сіңіріп жатқанын жеткізді.

  • Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Мемлекет басшысының қолдауымен Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді. Бұл — өте қуанарлық жайт. Қазір құрылысшылардың жағдайы да жақсы. Тек бір кемшілігі, қазір зәулім-зәулім үйлерді тұрғызғанмен, оның сапасын тексеретін жауапты мамандардың жоқтығы. Мәселен, кеңес заманы тұсында барлық зауытта, мекемеде техникалық бақылау бөлімі жұмыс жасайтын. Бөлім мамандары барлық өндірілген өнімнің, салынған құрылыстың сапасын тексеретін. Сондай-ақ құрылысшылардың, бөлім басшыларының қалай жұмыс жасап жатқанын қадағалайтын. Ал қазір ондай тексеріс жоқ. Құрылыстың сапасыз болуы, міне, сондықтан. Егер тексеріс көп болса, онда жасалған жұмыстың нәтижесі сапалы болмақ, — дейді ол.

Бүгінде Ғалымжан атай зайыбы Жаным Кекілбаевамен бірге осыдан 47 жыл бұрын алған үш бөлмелі пәтерінде тұрып жатыр. Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген қос қария қазір төрт немере, бір шөбере сүйіп отыр. Немересінің үлкені сот саласында еңбек етсе, екінші немересі тау-кен саласында жұмыс жасайды. Ал үшінші немересі Нұркен атасының жолын қуып Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрылыс факультетін бітіріп, биыл қолына дипломын алыпты.

  • Өткен жылы отау құрғанымызға 50 жыл толып, алтын тойымызды атап өттік. Аллаға шүкір, немере-шөберенің қызығын көріп отырмыз. Еткен еңбек пен төккен тердің арқасында бүгінгі күнге қиындықсыз жеттік. Сондықтан балаларыма әрдайым адал еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестеріңді қосыңдар деп айтып отырамын, — дейді Ғ.Кекілбаев.

Ғұмырын құрылыс саласына арнап, ел игілігіне қызмет еткен ардагерді біз алдағы мерекесімен құттықтаймыз.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*