Басты бет » Әлеумет » Бруцеллезден сақ болыңыз!

Бруцеллезден сақ болыңыз!

Бруцеллез — Brucella атты жалпы атаумен біріктірілген бактериялар қоздыратын созылмалы өтетін, іш тастау, шуы түспеу, эндометрит, орхит және жануарлардың жыныстық қабілетінің бұзылуы арқылы ерекшеленетін адам және жануарлардың жұқпалы ауруы. Brucella туыстастығы 6 түрге бөлінеді. Бруцеллалар жоғарғы температураға сезімтал. Сұйық ортада 60 градуста 30 минутта, 80-85 градуста 5 минут ішінде, ал қайнатқанда бірден өледі. Тікелей түскен күн сәулесінің әсерінен 4-5 сағатта өледі, топырақта тіршілігін 100 күн, суда 114 күн сақтайды. Қоздырушы азық-түлікте ұзақ сақталады. Төменгі температураға өте төзімді болады.

Адамдардың бруцеллез ауруына шалдығуына себепкер, негізгі көзі болып қой, ешкі, сосын сиректеу болса да мүйізді ірі қара, түйе, шошқа, марал және тағы басқа жануарлар екенін білуіміз керек. Адамдарға ең қауіптісі — қой-ешкі бруцеллезі. Көбінесе ауру малмен жанасқанда, олардың өнімдерін, шикізаттарын пайдаланғанда немесе алиментарлық жолмен жұғады.

Жануарлардың бруцеллез ауруының алдын алу үшін бақылау, зерттеу жұмыстары уақытында  жүргізілуін аумақтық инспекция, жергілікті атқару органдары тарапынан қадағаланып отырылуы қажет. Әрбір мал кем дегенде жылына екі рет серологиялық жолмен тексерілуі тиіс. Бұл шара бруцеллез жұқтырған малды дер кезінде анықтап, індетті одан әрі таратпау, әрі оның малдан адамға жұғуын шектеу үшін жасалынады. Міне, сондықтан да  инфекция қоздырушысының бастауы болып табылатын ауруға шалдыққан жануарларды түгелдей тез арада анықтап, оларды оқшаулап, жою үшін жануарларға жаппай серологиялық зерттеулер жүргізіледі. Ал бұл ауруды анықтаудың ең сенімді тәсілі болып бактериологиялық әдіс саналады, себебі зерттелінген патологиялық материалдан бруцеллез қоздырушысының табылуы, індеттің бар екені күмән туғызбайды. Бактериологиялық зерттеулер үшін аналық малдың түсігі, шуы немесе ауруға күдікті малдың ішкі органдары (ағзалары), лимфа түйіндері және т.б., кейде сүті, қаны алынады. Диагнозды уақытында әрі дәл анықтау үшін мал иелері бруцеллезге күдік туған жағдайда мал дәрігеріне хабарласып, жоғарыда келтірілген материалдарды ветеринарлық зертханаға жеткізуге ықпал жасау қажет. Осы бруцеллез ауруына бейім малды сатып алғанда немесе басқа да жолмен әкелінген малды 30 күн бойы басқа малдан бөлек, оқшаулап ұстау керек.

Қазіргі кезде бруцеллез ауруының кең таралуының ең негізгі себептерінің бірі де осы болып тұр. Өйткені жоғарыдағы себептермен мал әкелінген жағдайда жергілікті жерлердегі мал дәрігерлеріне жолығып ескерту жағы ұмытылып жатады. Сол себепті үкіметіміз бекітіп берген ветеринарлық-санитарлық талаптардың орындалмай, керісінше бұзылуына әкеліп соғады.

Ал  округке бекітілген жалғыз мал дәрігері өздігінен бүкіл тіркелген ауылшарушылық малдарының қозғалысын  қадағалай алмайды. Малдың қозғалысын, яғни ауылға кірген, шыққан малдарды бақылау үшін ауылдың әкімінен бастап, учаскелік полиция қызметкері және ауылдың әрбір тұрғыны атсалысуы қажет. Сонда ғана біз өзіміздің маңдай терімізбен өсіріп жатқан малымыздың жұқпалы аурулардан аман екенін біліп жүреміз.

Қандайда болмасын ауру өздігінен пайда болмайды, сырттан келеді. Бруцеллез ауруын жұқтырып алмас үшін малды күтіп-баққанда және олардан алынатын өнімді пайдаланғанда барынша абай болып, тазалықты сақтай отырып, уақытымен жергілікті мал дәрігерлеріне көрсетіп, олардан кеңес алып отырған абзал.

Мәлік ӘБИЕВ,

Қазақ ғылыми-зерттеу малдәрігерлік

институты Ақтөбе стансасының меңгерушісі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*