Басты бет » Басты жаңалықтар » Мүмкіндігі мол аудан

Мүмкіндігі мол аудан

Аудан

Ресеймен шекаралас жатқан Мәртөк  — өңірдегі әлеуеті жоғары, әсіресе, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аудандардың бірі. Аудандағы жалпы егіс алқабы — 95,8  мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл бұл өңірде 8,6 мың гектар жерге артық егін егілген.

Тағы бір ерекшелігі — Мәртөк облыстағы көп ұлтты аудан. Қазір мұнда 30-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешуде.

  • Экономика

ӨНІМДЕР ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Бүгінде аудан бойынша 8 кәсіпорын тұрақты жұмыс жасайды. Мәртөк — облыстағы ірімішік  және сүзбе өндірісінің  — 8,7 пайызын, сүт өндірісінің — 47,9 пайызын, ет өндірісінің —  5,8 пайызын, нан өнімдерінің — 5 пайызын өндіреді. Ауданның сүт өнімдері Ақтөбеден бөлек, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарына шығарылады.  Сол сияқты, қиыршық құм өнімдері  Атырау облысына,  металл  өнімдері жабдықтары мен кислород өнімдері Ақтөбе қаласы мекемелеріне, шлак кірпіштері облыс аудандары мен Ресей Федерациясының Ақұбұлақ ауданына жеткізіліп тұр.

Сондай-ақ, жиһаз  өнімдері Ақтөбе, Тараз, Атырау, Хромтау қалаларына шығарылады. Бүгінде ауданның өнеркәсіп саласына 447 адам қамтылған.

Биыл жеке кәсіпкер «Каспаков» және «Престиж» шаруа қожалығымен бірге «Чечил» ірімшігін өндіруді қолға алды.

Ауданда жыл басынан бері 1431 миллион теңгенің  өнімі өндірілді немесе 101 пайыз. Биыл  «Қызылжар» өндірістік кооперативі  (ет өнімдері), «Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде (сүт, ет) өнеркәсіп өнімдерін өндіру тоқтатылды. 2017 жыл қорытындысы бойынша күтілетін өнім көлемі — 3055,4 миллион теңге немесе 100 пайыз. Аудан осы жылдың екінші жартыжылдығында 1624 миллион теңгенің өнімін өндіруі қажет, — деді Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауов.

Жыл басынан бері ауданға 1546 млн. теңгенің инвестициясы тартылды. Бұл өткен жылғы кезеңнен 719,6 млн.теңгеге артық немесе 154,7 пайыз.  Биыл  55 жоба бойынша 4601,0 миллион теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Екінші жартыжылдықта өңірге 1,5 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарда бар.

Ауданда бағаны тұрақтандыру және негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында өткен 13 ауылшаруашылық  жәрмеңкесінде  9,3 млн. теңгенің өнімі сатылды.

  • Құрылыс

АЛТЫ АЙ ЖӘНЕ 16 ҒИМАРАТ

Мәртөк ауданында жыл басынан бері  8100 шаршы метр  жеке тұрғын үй құрылысы  пайдалануға берілді немесе 113,4 пайыз. Жыл қорытындысы бойынша 14700 шаршы метр тұрғын үй көлемін пайдалануға беру жоспарлануда. Өткен алты айда  16 жаңа ғимарат іске қосылды (2 бала бақша, 1 спорттық және 13 бизнес ғимараты). Екі әлеуметтік ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілуде, бес әлеуметтік орын  газдандырылды және бір елді мекенге газ тартылды. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемін 2182 млн.теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Осы жылдың екінші жартыжылдығында Мәртөк селосында әкімшілік ғимарат құрылысын, Байторысай, Бөрте, Вознесеновка ауылдарындағы шекарашылар бекетіне жылжымалы тұрақтар алу, Жайсаң, Сарыжар ауылдарында мал қорымдары құрылысы үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу, Сарыжар ауылындаға жаңа құрылыс аймағына электр және газ желілерін тарту жұмыстарын аяқтау, Мәртөк ауылындаға жаңа құрылыс аймағына 36 учаскеге электр желілерін және 103 учаскеге газ желісін тарту секілді бірқатар жұмыстар жоспарланып отыр.

  • Ауыл шаруашылығы

МАЛ МЕН ҚҰСТЫҢ САНЫ ӨСТІ

Ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі — 5044,7 млн теңге . Алғашқы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, ауданда 3,6 мың тонна ет, 21 мың тонна сүт өндірілді, 2,1 миллион дана жұмыртқа алынды.  Мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде  барлық  мал саны мен құстың  өсуі байқалды.

Ауыл шаруашылығы  тауар өндірушілері мемлекеттен көмек ретінде субсидия алған жоқ, 24,5 млн теңгеге субсидия алу үшін құжаттар ұсынылған. Ауыл шаруашылығына 204,6 млн теңгенің инвестициясы тартылды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілері 82,1 млн теңге несие алды.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспар 130 ірі қара сатып алу болса, нақты орындалғаны — 35 млн теңгеге 35 ірі қара алынды.  «Ырыс», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аудандағы жалпы егіс алқабының көлемі —  95,8  мың гектар. Өткен жылмен салысырғанда биыл 8,6 мың гектар алқапқа  артық егін егілді.

Аудан бойынша ірі қараны бірдейлендіру жоспары — 70,7 пайызға, ұсақ малды бірдейлендіру — 101,4 пайызға, жылқы — 20,2 пайызға, шошқа —  140 пайызға, түйе —  6 пайызға орындалды.

Дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін дамыту  бойынша  6 округте 3 шаруа қожалығы, 1 жеке кәсіпкер, 9 жеке тұлға   320  омарта ұстап,  қазір омарта саны 104-ке өсті. Ауданда үй қоянын өсіру, бөдене шаруашылығымен айналысу, ешкі фермасын дамыту ісі жақсы жолға қойылған.

Ауданда ет, сүт өңдеу цехтарын ашу, сүт қабылдау пункттерін көбейту, дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін дамыту секілді жұмыстарды атқару міндеті тұр.

  • Кәсіпкерлік

БИЗНЕСТЕ ЖАСТАР КӨП

Бүгінгі күні ауданда  бизнес субъектілерінің саны — 1 759. Бизнес саласына  6 396 адам  қамтылды, бұл жалпы жұмысқа қабілетті тұрғындардың — 41,6 пайызы. Жыл басынан бері  16 заңды тұлға, 115 жеке кәсіпкер  тіркелді,   152 жаңа жұмыс орны ашылды.

Бизнес қызметінің  32,0 пайызы —  ауыл шаруашылығына, 33,0 пайызы — саудаға арналған. Барлық жеке кәсіпкерлердің 23 пайызын 27-29 жасқа дейінгі жастар құрайды.

Өндірілген өнімдер мен көрсетілген қызметтердің көлемі  — 6031,1 млн теңге. Кәсіпкерлер өз бизнесін ашу мен кеңейту үшін 165 млн теңге несие алды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде 161,1 млн теңгеге 10 жоба жүзеге асырылды.

Аудан кәсіпкерлері Орынбор қаласында өткен Ақтөбе облысы күндеріне, Ресейдің Ақбұлақ ауданындағы жәрмеңкеге қатысып,  тәжірибе алмасты.

Биыл ауданда бизнес субъектілерінің санын арттыру, 2 кемпинг, 3 жанар-жағар май құю бекеті құрылысы мен  13 бизнес ғимаратын іске қосу міндеті тұр. Сол сияқты, ауданаралық және өңіраралық байланысты күшейту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2 амбулатория құрылысы және 2 балабақша ашу жоспарда бар.

  • Жер қатынастары

СУАРМАЛЫ ЖЕР КӨЛЕМІ ҰЛҒАЯДЫ

Биыл бірнеше жылдан бері пайдаланылмай келген 6131,32 гектар  4 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. 1933,28 гектар 20 ауылшаруашылық жер учаскесі шаруашылықтарға берілді, аукцион арқылы 3 жер учаскесі сатылды.

2006 жылдан бері тұрғын үй құрылысы үшін  жер кезегінде  6119 адам тұр. Өткен жылы ауданда   жер учаскелерін беру жұмыстары басталып, нәтижесінде 1123 жер  учаскесі берілді.

Бүгінде Мәртөк ауылының бас жоспары әзірленуде. Сол сияқты, Сарыжар ауылының бас жоспарын әзірлеуге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні ауданда 4020 гектар суармалы жер бар. Биыл «Радагро» серіктестігінің 100 гектар суармалы жеріне инфрақұрылым тартылды. Биыл аудандағы суармалы жерлер аумағын 1936 гектарға жеткізу жоспарлануда, — деді Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауов.

Аудандағы 35 бөгеттің  12-сі  сенімгерлік басқаруға берілді.

Биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін 772 жер учаскесін беру,  ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару, кәсіпкерлік мақсаттағы 10 жер учаскесін аукцион арқылы беруді жүзеге асыру секілді міндеттер нақтыланған.

  • Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау

БЕС АУЫЛДА ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН АШЫЛДЫ

Ауданда жұмыспен қамтудың кешенді жоспары  52,1 пайызға орындалды,  410 жұмыс орны құрылды, 506 адам жұмысқа орналастырылды, 249 адам қоғамдық жұмысқа тартылды, 6 адам шағын несие алуға оң шешім алды, 88 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 68 адам жастар тәжірибесіне, 40 адам қайта даярлауға тартылды.

Жыл  басынан бері 8 рет бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, сол арқылы 136 адам жұмысқа орналасқан.

«Өрлеу» бағдарламасы бойынша 38 отбасындағы 193 адам жұмыспен қамтылды.

Биыл 1134 балаға 13,6 млн.теңге көлемінде  мемлекеттік жәрдемақы берілді. Әр санаттағы 2 мүгедек мемлекеттік әлеуметтік қолдауға ие болды, 132 жалғыз басты қарт адамға әлеуметтік қолдау жасалды, мүгедектерге оңтайлы орта жасау мақсатында 37 ғимаратты бейімдеуден өткізу жоспарланды.

Мәртөк ауылында мүгедектерге көмек көрсету орталығы ашылды, инватакси қызметі ұйымдастырылды.

Ауданның бес елді мекенінде әлеуметтік дүкен жұмысын бастап, 9376 адамға 10,9 млн.теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.

  • Білім

4118 БАЛА ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Білім саласына жұмсалған қаржы көлемі  — 1559,9 млн.теңге.  Ауданда балаларды балабақшамен қамту үлесі — 98,0 пайыз. Бүгінде Мәртөкте 15 балабақша мен 26 шағын топ жұмыс жасайды.

Аудан орталығында мемлекеттік тапсырыс арқылы Сарыжар ауылында  100 орындық  екі балабақша ашылды. Қазір аудан бойынша тек Сарыжар ауылында балабақша кезегі қалды, — деді Н.Қалауов.

Аудан әкімінің айтуынша, Сарыжар және Родниковка ауылдарында мектеп құрылысы басталды. Хазірет және Қазан мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жайсан, Родниковка, Қаратоғай ауылдарындағы балабақша мен Жайсан орта мектебі және Қазан негізгі мектебі газға қосылды. «Өңірлерді дамыту»  бағдарламасы бойынша 5 мектеп және 1 балабақшаға ағымды жөндеу жүргізілді.

Цифрлық білім беруді ұйымдастыру мақсатында 16,6 млн теңгеге  128 компьютер алынды, сол сияқты екі мектепке 10,1 млн теңгеге биология кабинеттері жасақталып, бес генератор сатып алынды.

Жазғы демалыспен 1-10 сыныптар аралығындағы 4118 оқушы қамтылды.

Аудан әкімінің айтуынша, білім саласы бойынша биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың қатарында Сарыжар ауылында 175 орындық балабақшаны іске қосу,

мектептерді  резервтік генераторлармен қамтамасыз ету, 2018 жылы 4 әлеуметтік нысанды күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу, коррекциялық кабинет ашу секілді жұмыстар тұрғанын айтты.

  • Денсаулық

АМБУЛАТОРИЯЛАР САЛЫНЫП ЖАТЫР

Қазір ауданда тұрғындарға 29 денсаулық сақтау мекемесі қызмет көрсетеді. Алты ай ішінде орталық аурухананың күндізгі стационарында  — 399, үйде — 13 , ауруханада — 72 науқас ем алды.

Ауданда туу көрсеткіші төмендеген. Яғни, 100 мың тұрғынға шақанда 6,1 баланы құрады. Бұл — 91 пайыз. Өлім саны көбейді, 100 мың тұрғынға шаққанда 4,5  адамды құрады.  Ана өлімі тіркелген жоқ.

Ауданда ісік, жүрек, қан-тамыр аурулары жетекші орынды иеленеді.

Биыл Жайсаң ауылындағы амбулатория автокөлікпен қамтамасыз етілмек. Ауданда туберкулез, бруцеллез ауруларының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту шаралары қолға алынған. Сол сияқты, Вознесеновка ауылында дәрігерлік пункт, Родников ауылында амбулатория  құрылысы басталды.

  • Инфрақұрылым

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛУЫ — 74,4 ПАЙЫЗ

Бүгінде аудан тұрғындарының газбен қамтылуы —  74,4 пайыз, елді мекен бойынша —  23,5 пайыз. Вознесеновка, Достық ауылдарын газдандыру жобаларын әзірлеу жұмыстары басталыпты.

Тұрғындардың орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуы — 94,4 пайыз, елді мекендер бойынша — 67,6 пайыз.

Биыл Мәртөк ауылының көшелері қосымша жарықтандырылады.

Мәртөк, Сарыжар, Жайсаң елді мекендерінің көше жолдарын және Мәртөк ауылына кіре беріс жолды орташа жөндеуге жоба жасалды. Бұл мақсатқа 30 млн.теңге бөлінді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Жайсаң және Саржансай ауылдарының көшелеріне ағымды жөндеу жүргізілмек.

Сол сияқты, биыл Сарыжар ауылының жаңа құрылыс аймағына газ және электр желілерін тарту құрылысы жүргізілуде. Аудан бюджеті есебінен  Торайғыр ауылының көшелері жарықтандырылмақ.

Биыл аудан бюджетінен Құмсай ауылын газдандыру үшін қаражат бөлінбек. Сонымен қатар,  Қаратаусай, Хазірет, Қызылжар ауылдарын газдандыруға жобалық-сметалық құжат әзірлеуге қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім жолданды. Сарыжар ауылының жаңа құрылыс аймағына су құбырын жүргізу үшін де жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр, — деді аудан әкімі Н.Қалауов.

  • Мәдениет

САЯБАҚТАР ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Қазір ауданда 44 мәдениет мекемесі жұмыс жасайды. Бөрте ауылында ескі ғимаратты клуб үйі етіп жасақтауға жоба жасалды. Жыл басынан бері барлық елді мекенде 1175 түрлі мәдени шара өтіп, әр сенбі сайын  аудан орталығында округ күндері ұйымдастырылуда.

Кітапхана қоры  — 249 047 кітап. Мұражайда 110 экскурсия ұйымдастырылды.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында 14,9 млн.теңгеге 18 жоба іске асырылды.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл кітапхана қорын толықтыру, Құрмансай ауылдық клубын күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынбақ.

«Мерейлі менің Мәртөгім» акциясы аясында 2 округте (Байторысай, Родниковка) саябақ құрылысы басталады, Мәртөк ауылының саябағын көркейту жұмыстары да қолға алынбақ.

  • Спорт

 7 МЫҢ АДАМ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТПЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Ауданда 88 спорт қондырғылары бар, жыл басынан бері 72 спорттық шара өтті. Бұқаралық спортпен  айналысушылар саны — 7172 адам. Ресей Федерациясының  Ақбұлақ және Мәртөк аудандары арасындағы жолдастық кездесуде Мәртөк ауданы  бірінші орынды иеленді.

Биыл  бюджет есебінен Мәртөк ауылында «Воркаут стрит» қондырғысы орнатылды, «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде жеке кәсіпкер — З.Қожаев пен М.Итеғұлов екі «Воркаут стрит» қондырғысын орнатты.  Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде  «Нұрай бөбек» ЖШС басшылығы  Сарыжар, Құрмансай, Байнассай ауылдарында жасанды төсеніштен жасалған спорт алаңы құрылысын жоспарлауда.

Қазіргі уақытта спорт мектебінде 10 спорт түрі бойынша 520  бала қамтылған.

Белгілі болғандай, Мәртөк ауылында 160 орынға арналған дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасау, Мәртөк ауылындағы «Қайрат» стадионын күрделі жөндеуден өткізу шаралары тұр.               

  • Құқық бұзушылық

ЖОЛ КАРТАСЫ — ҰРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Ауданда құқықбұзушылық көрсеткіші 43 бірлікке төмендеді.

Биыл прокуратурамен бірлесе отырып мал ұрлығының алдын алу мақсатында жол картасын бекіту жоспарлануда. Бостандығынан айыру мекемелерінен шыққан азаматтарды әлеуметтік бейімдеу үшін шаралар қабылдау, қоғамдық тәртіпті күшейту, учаскелік инспекторларды материалдық қамтамасыз ету бойынша қолдау көрсетілмек.

  • Қоғамдық-саяси ахуал

ТЕОЛОГТАР ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗЕДІ

Жыл ішінде ауданда тұрақты жағдай сақталды. Шиленісті жағдайлар тіркелген жоқ.

«Достық үйі» жанындағы 8 этномәдени  бірлестік, Ауған, Чернобыль, Семей  үкіметтік  емес ұйымдары, қоғамдық көмекшілер ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, көпшілік маңызды істердің басында болды.

Аудандық  жастар ісі жөніндегі орталық аудан жастарымен 42 шара өткізіп, 4 мыңнан аса адамды қамтыды. Аудан әкімі жанындағы 13 ақпараттық-насихаттық топ мүшелері елді мекендерде 54 кездесу өткізді.

Жыл басынан бері бір рет аудан тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіліп, аудандағы қоғамдық-саяси ахуал талданды. Діни ахуалды жақсарту, дәстүрлі емес діни ағымдардан тұрғындарды аулақ ұстау мақсатында 2 мешіт пен шіркеуде көпшілік шаралар өткізіліп тұрады. Бүгінгі күні аудан әкімдігіне теолог жұмысқа алынып, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ауданда 837 адамның қатысуымен  21 іс шара өткізілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*