Басты бет » Мәдениет » Шынайы талант, дамылсыз ізденіс…

Шынайы талант, дамылсыз ізденіс…

ТӨЛЕГЕН — 80

Шынайы талант, дамылсыз ізденіс…

 Әбіш Кекілбаев:

«Ол өз буыны өкілдерінің көбінен кейін келсе де, жедел ілгері шығып, көш басына оза бастап еді. Бұл, ең алдымен, Төлегеннің жер астынан бәрібір жарып шықпай тұрмайтын гейзер суындай қуатты да мол талантының арқасы. Сосын соңғы жылдардағы қазақ жырындағы қаулап өсу, қауырт биіктеудің арқасы. Мұндай шынайы творчестволық бәсеке шын талантты ширатады. Кейінгі жылдары Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаевтың кесек-кесек ақындық тұлғамен көрінуі жас қауымда орынсыз көбейіп кеткен өлеңшілер тобының қатарын саралаңқырап, ақындықтан дәмелілерге өзінше бір еріксіз сұрыптау жасады. Сол сұрыптауда суырылып ілгері шыққандардың бірі — Төлеген Айбергенов.

Мұндай жүйрік көп, жүлде аз жыр бәйгесінде өзіңнің өнерпаздық құныңды, суреткерлік қасиетіңді, азаматтық абыройыңды сақтап қалу үшін шынайы талантпен қоса дамылсыз ізденіс те керек. Ізденістің де із шиырлай беретін әшейін әуре-сарсаңы бар да, көкіректегі дарын мен көңілдегі ой-сезімді фонтан суындай көкке бір-ақ шапшытып, өнерпаз мандайын айдай жарқырататын абыройлысы бар. Төлеген Айбергеновке сол абыройлы ізденіс тап болыпты…

Ақын өзі суреттеп отырған дәуірдің ең басты сипаты — қуаныш деп біледі, бірақ әншейін желік көңілдің емес, жасампаздықтың қуанышы. Т.Айбергеновтің Маңғыстау сапарына, Семей сапарына, космос сапарына арналған жырларының ең басты пафосы да — сол жасампаздық. Мұнда өзге ақындардың жол-сапар жырларындағыдай не көріп, не қойғандарының жалаң фиксациясы емес, ең алдымен сол өлкедегі өмір үні, сол өмірдің адамдар жанындағы өзгеше көрінісі жырланған. Онда «жақсы болған екен, алақай» деп бөркін лақтырған жалаң қуаныш жоқ, адамның шынайы бақыты мен шынайы қуанышын тану бар. Ол ең алдымен өзі барған өлкеден бейбіт өмірді, бейбіт еңбекті, адамдар жанындағы жарастықты көріп қуанады.

Сөз жоқ, Төлеген жырлары — қуаныш жырлары. Бірақ бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы. Сондықтан мұндай қуаныштың бояу әлемі, әуен әлемі бір ғана гаммадан тұрмайды. Онда сонау көкірек айырар күрсіністен бастап барша сезім түлегі бар, түгел көрінеді. Осындай сезім байлығы оған өмір байлығын танытады».

«Екінші өмірі ұзақ болады»

 Ыбырайым Юсупов,

Қарақалпақстан және Өзбекстан халық ақыны:

«Төлеген өмірінің де, ақындық шабытының да «жиырма бесінде» қайтыс болды. Бірақ бұндай ақынның екінші өмірі ұзақ болады. Оның өлеңдері халқына, ұрпақтарға рухани күш һәм ләззат беріп жасайды.

Егемендік-еркіндік алған еліне, біздің ортақ үйіміз болған Түркістанның жақсы келешегіне оның рухы сүйсініп:

«Шығысқа қара,

Қарашы, мынау шығыстың

Шұғылаға мөңгі қанатын

малып жатысын!» —

деп қуанатын болады.

… Мен өзімнің «Пошша торғай» («Жавронок») деген ертеректе жазған бір өлеңімде мынадай бір оқиға айтылар еді: зеңгір көк аспанға өз жүрегін шегелеп, туған жерін есі кеткенше шырылдап жырлап, сайрап тұрған торғайды аспаннан жауған бұршақ қағып құлатады.

«Өлді ол. Бірақта, өлеңінің

Күшін

Көз жетпес биікке шығарып

Өлді» — деп бітер еді ол өлең.

Міне, туған жерін поэзияның зеңгір көгінде тұрып асқақтата жырлаған Төлеген де, біз түсінетін түркі тілдес поэзияда дүниеге өте сирек келетін ақын ретінде жасайды».

Мектебі — домбыраның бауырынан өрбіген өлең-жырлар

 Қадыр Мырзалиев:

«Мен Төлеген Айбергеновтің өлеңдері туралы өз пікірімді әр жерде жазып та, айтып та жүрмін. Қазақ поэзиясында сондай бір ақын келу керек еді, ол келді де, әттең… ұзақ тұрмады. Бізге мәлім бір-ақ Төлеген ғой бұл. Шын мәнінде, Алтай мен Атырау арасында қаншама Төлегендер болды? Олар әлі де бар. Айбергеновтің өмірі де, өлеңі де жаңа өспірім жас таланттарға қамқорлықпен, сеніммен қарау керек деген ақиқатты одан сайын ұқтыра түседі.

Оның тіл сындырып, әліп таныған мектебі домбыраның бауырынан өрбіген өлең-жырлар әлемі еді. Қазір қазақ жырына домбырадан келетін ақындар аз, ендігі жерде ондайлар тіпті азая бермек. Мұның жақсылығы да, жамандығы да бар. Лайым, жақсылығы басым болғай. Бірақ бұл тілек қана. Тілек жүзеге асу үшін күресу керек. Бардың нарқын, жоқтың парқын білмеумен күресу керек. Басбұзарлыққа қарсы жұмыс жасалынып жатса, тілбұзарлыққа қарсы сонша жұмыс атқарылуы тиіс.

Айбергеновтің самалдың желі секілді ақпа-төкпе, ақжарма өлеңдерін оқып отырғанда осындай ойлар келеді».

 

Әбділдә ТӘЖІБАЕВ

Интервью

Тоғызыншы интервью — тағы да ақынды жерлеп қайтқан ағадан:

«Аппақ қардан омбылап,

Көктем іздеп келем мен».

Деген ақын өлеңмен,

Деген жоқ қой — өлем мен…

 

«Көктем іздеп келем мен»

Көктемімді көрем мен.

Көктем жайлы әлі көп,

Өлең жазып берем мен.

 

Қайда — қайда көктемім,

Қайда жасыл кептерім?

Деген ғашық ақынға,

Мың жасаса көп пе еді?

 

Өмірдің мол өткелі,

Кімдер одан өтпеді,

Көргендер көп көктемін,

Ақын ғана жетпеді…

 

Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ

 ТӨЛЕГЕН

Ұшы-қиырын ұсақ жандар көрмеген,

Төлеген-ай, теңіз ең ғой көлбеген, —

Мен Ырғызда, сен Нөкісте өссең де,

Жершіл дейді. Тұрған не бар жерменен?

Ей, Төлеген, жан Төлеген! Төлеген!

 

Төлеген-ай! Ерте туып көбеген,

Неміз артық адырна мен жебеден?

Келатқанда маңып мұнар мұхитта,

Кенет неге кеттің қарғып кемеден,

Эх, Төлеген! Төлеген-ай! Төлеген!
Төлеген-ай! Төлеген ең не деген,

Кім бар сені тірі кезде елеген?!

Енді, міне, заңғар залда самғайды,

Өлеңдегі өлмес сенің өнегең,

О, Төлеген! Төлегенім! Төлеген.

 

Поэзиясында қандай болса,

өмірде де сондай болатын

 Мұхтар Шаханов:

«… Айбергенов өз поэзиясында қандай өр әрі қызба, жомарт, меймандос болса, өмірде де сондай болатын. Егер біреудің мінін көрсе, бетің бар, жүзің бар демей тіке айтып салатын. Бірақ тірлігінде (өкінішке қарай) осы бірбеткейлігінің залалын көп тартты.

Ол сырлас достары Зәкір, Бердәулі, Қалаубек, Еркінбайларды ерекше қадірлейтін. Ал Әбділда Тәжібаев дегенде ішер асын жерге қояр еді. Оны өзіне ұстаз әрі қамқор әке санайтын. Төлеген өз тұстастары Тұманбай, Қадыр, Жұмекен, Әбіштердің кей жырларын жатқа соғар еді. Оның аспаны пенделіктің ұсақ шаңдық желінен мейлінше таза болатын. Әрдайым кісіден жақсылық іздеуге бейім тұратын. Тіпті өзі дарынсыз деп есептейтін ақындардың да бүкіл жинағын ерінбей-жалықпай сүзіп шығып, жылт еткен бір жолы болса да жатқа айтып отыратын.

Ақынның еске тұту қабілеті таңғаларлық-тын. Өзінің бүкіл өлеңдерін, тіпті анда-санда жазған мақалаларына дейін жатқа білетін. Ал дауыс пен оқу мақамы жайлы әңгіме қозғап керегі жоқ. Өз басым қазақтың қазіргі жас ақындарының ішінен өлеңді Төлегендей шеберлікпен оқи алатын ақынды әлі көре алмай келемін.

Айбергенов сәулесі өз басынан артылмайтын, қайырымы қаңтарулы жандарды ұнатпайтын. Өзі ылғи да қабілетті жастарды іздеп тауып, топ-тобымен ертіп жүрер еді. Оның жадағай, жұпыны үйі салауатты ақынның мекенжайынан гөрі жатақханаға көбірек ұқсайтын. Кейбір қаламдастары Төлегеннің осы мінезін орынсыз даңғазалыққа теліп, әжуалап та жүрді.

Ол тұрмыстың алуан тауқыметін бастан кешірсе де мойымай, өле-өлгенше езуінен күлкі үзбей өтті.

Оның ағалық ыстық ықыласы өзінен кейінгі інілеріне бір сәт те суыған емес…

Болашағың алдыңда әлі, жас інім!

Қазір сенде қуат та бар, от та бар,

Қандай дарын жиырма бесте тоқталар?

Қызығумен қыз да саған көп қарар,

Шараппенен сыйлайтын да көп болар,

Баяны жоқ бақыт та бар кеп қонар,

Жауың да бар — бір сілтесең жоқ болар…

«Саналы іні бола алмаған, паналы аға да бола алмайды» дер еді ол.

«Сені іні тұту арқылы өзімді ағалыққа тәрбиелеп жүрмін», — дер еді тағы да.

Үндемейтінмін. Бірақ ризалығымда шек болмайтын. Ол да бір дәурен екен-ау».

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*