Басты бет » Мәдениет » Ақын музейіндегі игі істер

Ақын музейіндегі игі істер

ТӨЛЕГЕН — 80

Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толуына орай Ақтөбе жерінде өтетін мерейтойлық іс-шараларға ақынның ұрпақтары, төлегентанушы-ғалымдар, басқа да қонақтар келеді. Солардың бірі — Астана қаласындағы Т. Айбергенов атындағы №16 мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбота Есематова.

Ақбота Есематова осы мектеп жанындағы ақын музейінің ашылуына да тікелей атсалысты.

— Мектебіміз кеңестік дәуірде Тың игерудің 25 жылдығы атындағы мектеп болған. Ол кездегі Целиноград, атынан-ақ көрініп тұрғандай, тың игерудің орталығы ретінде танылған қала еді. Ал 2001 жылы мектеп ұжымының өтініші бойынша, Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен, мектепке Төлеген Айбергеновтің есімі берілді, — дейді Ақбота Бақытжанқызы.

Қазір Т.Айбергенов атындағы №16 жалпы білім беретін бейімдік мектептің түлектері орта мектепті аяқтау жөніндегі аттестатпен қоса, нақты бір мамандық бойынша жұмыс істеу немесе оқуын жалғастыру үшін бейін бойынша біліктілікті растайтын куәлік те алып шығады.

Ал ақын музейі 2007 жылдың соңында ашылған.

— Музей ашу жөнінде шешім қабылданғаннан кейін, материалдар жинау мақсатында Ташкентке, Қарақалпақстанға, Алматы, Сарыағаш қалаларына сапар шектім. Ташкентте ақын оқыған педагогикалық институттың басшылығы мені жылы қабылдады. Төлеген Айбергенов оқыған аудиторияның, жатақханадағы бөлмесінің көріністерін суретке түсіріп, естеліктер жазып алдым. Қарақалпақстанда, Сарыағашта ақынның замандастарымен кездестік. Оның бұрынырақта шыққан кітаптарын, жазған хаттарын сақтап жүрген жандар бар екен, көпшілігі сол жәдігерлерді бізге табыстады. Архивтерде де болдым. Сарыағаштағы ақын қызмет еткен мектепте, Алматыдағы Төлеген Айбергенов атындағы мектепте болып, ақын-жазушылармен кездестік. Сөйтіп, мол материал жиналды. Бізге ақынның қыздарының да көп көмегі тиді. Олар ақынның өздерінде сақтаулы жеке заттарын да табыстады. Әкелерінен тым ерте, ес білмейтін шақтарында қалса да, Салтанат пен Айнардың ақын туралы деректерді көп ізденіп-жинайтынын, тіпті әр күндерінің бір бөлігін сол ізденіске арнайтынын көріп, қатты риза болдым. Олардан өте көп мағлұмат алдық, — дейді Ақбота Есематова.

Мектеп жанындағы ақын музейі 2010 жылы өткен республикалық байқауда «Ең үздік мектеп музейі» атағын жеңіп алған.

— Сондай-ақ біздің ұжым, мектеп директоры Балжан Айтмұхаметованың тікелей басшылығымен, ақын есімін ардақтау, шығармашылығын насихаттау мақсатында көптеген шараларға ұйытқы болып келеді. Тек сыныптарда, мектеп ішінде ғана емес, қалалық деңгейде оқушылар, жастар арасында байқаулар, әдеби кештер, кездесулер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастыруға әрдайым көңіл бөлінеді. Өлең, эссе, шығармалар байқаулары жеңімпаздарының туындыларын, яғни қазіргі ұрпақтың ақын жайлы ой-толғаныстарын да музейге жинақтап келеміз, — дейді Ақбота Есематова.

А.САРЫБАЙ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*