Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Қадағалаушы органдар көп болғанымен, олардың жұмысы көңіл көншітпейді

Бердібек САПАРБАЕВ: Қадағалаушы органдар көп болғанымен, олардың жұмысы көңіл көншітпейді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе қаласының атмосфералық ауа сапасының жағдайы және оны жақсарту жолдарына қатысты мәселе қаралды. Облыс әкімдігінде өткен жиынға басқарма, кәсіпорын, мекеме басшылары мен экологтар, құқық қорғау және қадағалаушы органның өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.

Соңғы кездері Ақтөбе қаласы тұрғындарын толғандырып жүрген өзекті мәселе — ауаға таралған жағымсыз иіс. Ақтөбе қаласында экологиялық талаптардың дұрыс сақталмауының салдарынан қазір бұл жағдай ушығып тұр.

Соңғы кезде күннің ыстық болуына байланысты қаланың ауасы бұзылып, қала тұрғындарының денсаулығына әсер етіп жатыр. Бұл жөнінде мен орынбасарым Қайрат Бекеновке, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа тапсырма берген болатынмын. Олар тиісті басқармалармен үлкен кәсіпорындарды, компанияларды, мекемелерді тексерді, тиісті тапсырма берді. Өкінішке қарай, әлі де болса нәтиже нашар. Бұл мәселелер кеше туындаған жоқ. Пәленбай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Алайда біздегі осы мәселемен айналысатын департаменттер, басқармалар тиісті әрі нақты шаралар қолданбай келеді. Қолданылатын шара — 20-30 мың теңгенің көлемінде айыппұл салу. Бұдан басқа нақты шаралар жоқ. Кәсіпорындар басшылары жазалаудың осы түріне  үйреніп алған. Соның салдарынан қазір біздің жұтып отырған ауамыздың жағдайы осы күйге жетті. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында ауаны бұзатын 167 орта және ірі кәсіпорын бар. Соның 9-ы — ірі кәсіпорындар. Олар бірінші кезекте ауаға химиялық қалдықтарды шығарады. Бұдан кейін ауаны ластайтын кәсіпорындардың қатарында сауда, мейрамхана қызметімен айналысатын компаниялар тұр, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бердібек Машбекұлы күн тәртібінде бір ғана мәселе — экология проблемасы сөз болатынын, оның ішінде Ақтөбе қаласын жағымсыз иістен арылтудың жолын шешуді бірігіп қолға алу керектігін, ол үшін қандай нақты шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Журналистермен кездескен кезде қаладағы иіске қатысты қойылған сауалға байланысты қандай іс-шаралардың қолға алынып жатқанын айтқан едім. Өкінішке қарай, ол іс-шаралар әлі де болса өзінің тиімді, тиісті нәтижесін беріп отырған жоқ. Сондықтан біз бәріміз бірігіп бұл мәселені нақты шара қолданып, шешуіміз керек. Әрине, бұл мәселені бір күнде шешу мүмкін емес. Себебі, бұл мәселені шешу үшін қалаға қосымша қондырғылар, технологиялар қою керек. Ол үшін қосымша қаржы шығару керек. Бірақ, бұл жұмыстарды бастауымыз қажет. Мәселен, Ақтөбедегі ферроқорытпа, «Максимус» зауыттары бұл істі қолға алды.  Еуропа қайта құру және даму банкінің қаражатымен «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының біраз жұмыстарын жасап жатырмыз. Жергілікті бюджеттен 300 миллион теңгеден астам қаражат бөліп, қалада 3 канализациялық сорғы стансасының құрылысы тұрғызылып жатыр. Осындай жұмыстарды жандандыруымыз керек. Әрине, бұл бір күнде болмаса бір айда шешілетін мәселе емес. Бұл бағыттағы істі кезең-кезеңімен қолға алуымыз қажет.  Олай болмаса, іс жүрмейді. Соңғы екі-үш күннен бері халық арасында қаладағы күкіртті сутегінің иісінен аллергия пайда болғаны туралы айтылып жатыр, — деді Б.Сапарбаев.

Жиында облыс әкімі Ақтөбенің ауасына қатысты соңғы 3 жылдағы талдау қорытындысы бойынша қаладағы ірі кәсіпорындардың атмосфераны ластау үлесі жылдан-жылға өскені байқалатындығын айтты. Бұл — «Ақтөбе ферроқорытпа», «Ақтөбе хром қосындылары» зауыттары мен «Ақбұлақ» акционерлік қоғамына, сондай-ақ, жаңадан салынған рельс-арқалық зауытына да қатысты жағдай. Бұл орайда Бердібек Машбекұлы экология мәселесіне тікелей қатысты құрылымдардың жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, экологтар, қадағалаушы органдар қалаға өндірістік қалдық шығаратын компания басшыларына қатаң ескерту жасамағанын, соның нәтижесінде тиісті жаза қолданбағанын айтты.

Жиында облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов аталған мәселеге байланысты жағдайды баяндады.

— Ауаны ластаудың жалпы көлемінің 93,5 пайызы 8 кәсіпорынның үлесіне тиеді. Олар: Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе жылу-электр орталығы» АҚ, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, Ақтөбе рельс арқалығы зауыты, «Стройдеталь», «Батыс Даму Жолы», «Ақтөбе мұнай өңдеу» және «Южпромснаб» ЖШС-лары. Өткен жылы «Қазгидромет мекемесі қадағалау желісі деректері бойынша қаланың ауасы ластанудың жоғары деңгейін көрсетті, осы бағытта 6266 деректер тіркелді, — деді облыстың бас экологы.

Ол  кәсіпорындар тарапынан зиянды заттардың концентрациясын қалыпты мөлшерден асырып төгетіндердің әрекеті бірнеше рет анықталғанын, олардың қандай химиялық қоспалар екенін санамалап айта бергені сол еді, Бердібек Машбекұлы облыстың бас экологының  сөзін кілт тоқтатып, бұл мәселеге байланысты қазір департамент тарапынан қандай шаралар жүзеге асырылып жатқанын сұрады. Облыс әкімі бұл істе экология департаментінің өз құзыреттіліктеріне байланысты экологиялық талаптарды бұзатын кәсіпорындарға қатаң жаза қолданбайтындықтарын  сынға алды.

Сізді зауыттар орналасқан аумақ — Махамбет ауылына көшіру керек. Сонда бір ай тұрып көріңіз, сосын тіпті басқаша сөйлеген болар едіңіз. Сіз Махамбет ауылында болмайсыз. Мен сонда болып, ондағы халықпен кездескенде, олар зауыттан шығатын жағымсыз иісті мәселе етіп көтереді. Ал сіз келіп, «бізде күкіртті сутектен басқа жағымсыз иіс жоқ» деп өз-өзіңізді алдайсыз.  Егер бізде барлығы қалыпты болса, қаламызда адамдар ауырмас еді, аллергия болмас еді. Халық бұл мәселе бойынша шағымданбас еді. Мен сіз басшылық ететін департамент тарапынан қаланың атмосфералық ауа сапасын жақсартуға қатысты қандай да бір іс жасағандарыңызды көріп отырған жоқпын, — деді Б.Сапарбаев.

Жиында табиғатты қорғау басқармасының басшысы Нұржан Аққұлға облыс әкімі   2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралдар жоспарының бірқатар бөлігі орындалмағаны үшін сын айтты. Сол сияқты, Ақтөбе қаласында салынып жатқан 34 қосымша сквердің, далалыққа ағаш егу ісінің басқарма тарапынан бақылауға алыну жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегені айтылды.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қаланың экологиялық жағдайына байланысты бірқатар шаралар қолға алынғанын айтты. Атап айтсақ, қала аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін полигон аумағына көшет егу жұмыстары жүзеге асырылып, қаланы көгалдандыру бағытында Богословка тас жолы бойына 1 миллион көшет егілген. І.Испановтың айтуынша, бүгінгі күні қаланың өзінде 2 мың шаршы метр аумаққа ағаш егілген. Қала әкімі Ақтөбе аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтар шығаратын полигонды жабу ісі де қолға алынғанын, қазіргі күні бұл шаралар үшін 70 миллион теңге қаржы қарастырылғанын айтты.

Сол сияқты жиында «Ақбұлақ» АҚ, «Ақтөбе жылу электр орталығы», «Ақтөбе ферроқорытпа» зауыты, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» серіктестіктері өкілдері жағдайға байланысты кәсіпорын тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шараларды баяндады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыста экологиялық талаптарды сақтау үшін әрбір кәсіпорын қаражат бөлуге тиіс. Бұл істе құзырлы мекемелер бақылауды күшейту керек. Экологиялық талапты бұзған кәсіпорындардың жұмысын тоқтату туралы жаза қолданылуы қажет. «Бізде қадағалаушы органдар көп болғанмен, олардың жұмыс атқарудағы нәтижесі көңіл көншітпейді», — деген облыс әкімі  бұл істе қадағалаушы органдардың қоғамдық ұйымдармен, депутаттармен бірлесіп жұмыс атқаруы керектігін ескертіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*