Басты бет » Жаңалықтар » Кешенді жоспар аясында 20 328 адам жұмыспен қамтылды

Кешенді жоспар аясында 20 328 адам жұмыспен қамтылды


Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен өткен жиында

облыста халықты жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің кешенді жоспарын орындау мәселелері талқыланды.

Аталған жиынға Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері, сондай-ақ облыстық басқарма басшылары қатысты.

Айта кету керек, өңірдегі жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыс орындарын құру, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы қайта оқытуды қарастыратын халықты жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді жоспар жасалды. Биылғы жылы жоспар аясында облыста 31,1 мың адам жұмыспен қамтылу керек.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Бисенғалиеваның айтуынша, қазіргі таңда жоспар 65,4 пайызға орындалған немесе 20 328 адам жұмыспен қамтылған.

Өңірде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын жүзеге асырудың тиімді шаралары қабылданып, Ақтөбе облысына 4,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінде осы бағдарлама аясында  техникалық және кәсіби білімі бар мамандарды қайта даярлау, азаматтарды еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа ие кәсіпке немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды ұйымдастыру шаралары қабылдануда.

Сонымен қатар еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, алдағы уақытта техникалық және кәсіби оқытуға 1 085 адам жіберілмек.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама аясында бүгінде 1 055 адам қысқа мерзімді оқуды бастады.

Бүгінде Ырғыз, Ойыл, Мұғалжар, Темір, Мәртөк, Шалқар аудандарында «Бастау Бизнес» жобасы жемісті жүзеге асырылып, тәжірибелі жаттықтырушылар 1125 ауыл тұрғынын кәсіпкерлік негіздеріне үйретуде. Сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен инфрақұрылымдарды дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауыл мен қала тұрғындарын шағын несиелеуде де белгілі нәтижелер бар.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналастыру, құрылған және бос орындардағы жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындарындағы жұмыстар бойынша қол жеткізген нәтижелердің төмен екендігін айтып, бірқатар кемшіліктерді атап өтті. Сондай-ақ ол кешенді жоспардағы барлық болжамды жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

— Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді жоспарды жүзеге асыру — Мемлекет басшысының негізгі тапсырмаларының бірі. Сонымен қатар бұл мәселе облыс әкімінің қатаң бақылауында. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстардың барлығы нәтижелі болуы керек, себебі  ол халықтың әл-ауқатына әсер етеді. Біз неғұрлым осы бағдарлама аясында көп адамды жұмыспен қамту үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Осы мақсатқа қарастырылған қаражат өз уақытында және толық мөлшерде игерілуге тиіс, — деді Ербол Нұрғалиев.

Жиында сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қатысты мәселелер де қаралды. Бүгінде өңірдегі халықтың әлеуметтік мәртебесін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Ауылдық округ әкімдерінің жұмыспен қамту орталығының мамандарымен бірге жүргізген тексерулерінде көрсетілгендей, қазіргі таңда 246 780 адамның әлеуметтік мәртебесі анықталып, мәліметтері ақпараттық базаға енгізілген.

Жиын соңында Ербол Нұрғалиев аталған жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*