Басты бет » Білім » Жергілікті колледждерде 27 мыңнан аса студент білім алады

Жергілікті колледждерде 27 мыңнан аса студент білім алады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында техникалық және кәсіптік білім беру мен қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүйесінде мамандар даярлау мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша өңірде еңбек нарығында сұранысқа ие 89 мамандық пен 139 біліктілікке оқытатын 41 колледж жұмыс жасайды. Оқу орындарында 27 мыңнан аса студент білім алады.

Соңғы бес жылда республикалық және жергілікті бюджет есебінен 693 миллион теңгеден астам қаржыға колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары қабылданды, 1 миллиард теңгеден астам қаржыға 18 колледжге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, зертханалар мен шеберханалардың технологиялық парктерін, әсіресе аудандық колледждерді жаңарту қажеттілігі әлі бар.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 2 342 оқытушы жұмыс істейді, соңғы үш жылда екі мыңнан аса маман біліктілігін арттырды. Бұдан басқа арнайы пәндердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің 122 оқытушысы әлеуметтік серіктестік кәсіпорындарынан тәжірибеден өтті.

Таяудағы үш жылда өңірдің білікті кадрларға деген қажеттілігі 7800 маман мен жұмысшыны құрайды. 2017-2018 оқу жылына студенттерді қабылдау үшін жергілікті бюджеттен 4025 орынға қаражат, сонымен қатар, республикалық бюджеттен  1085 орынға трансферттер қарастырылған. Мемлекеттік білім тапсырысы 82, соның ішінде 14 сұранысқа ие  мамандық бойынша бөлінген.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында облыста еңбек нарығы талаптарын ескере отыра  мамандар даярлау және жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қысқа мерзімді кәсіби оқыту жүргізілуде.

Түрлі себептерге байланысты кәсіби білім ала алмаған өткен жылдың 9-11 сынып түлектері, сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар «Тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасының қатысушысы бола алады. Олар жатақханамен, шәкіртақымен, ыстық тағаммен қамтамасыз етілетін болады.

Қысқа мерзімді оқыту бағдарламасына 28 колледж 31 мамандық бойынша қатысады. Қазірдің өзінде 1055 тыңдаушы оқытылды. Шалғай елді мекендерде тұратын тұлғаларды оқыту үшін жылжымалы мобильдік оқыту орталықтары қарастырылған.

Облыс әкімі еңбек нарығының талаптарын ескере отыра білікті мамандар даярлау жұмысын күшейтуді, сонымен қатар, техникалық және кәсіптік  білім беретін оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруды тапсырды.

Бұдан өзге жиналыста алдағы қыркүйек айында «Ақтөбе – құтты мекен» жерлестер форумын өткізуге дайындық мәселесі қаралды. Оған әлемнің 15 елінен келетін Ақтөбе облысының 300-ден аса танымал тумасы қатысады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*