Басты бет » Әдебиет » Бесқала жауһары

Бесқала жауһары

Тағдырдың жазуымен қазақ өткен ғасырда төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне тарап кеткені мәлім. Еліміз Тәуелсіздік алған тұста олардың бірсыпырасы атамекенге оралды.

Сыртқа кеткен қазақтың дені тілі мен дінін, ата дәстүрін сақтап қалды. Тіпті өз елінде қыспаққа түскен кейбір өнер түрлері сонда дамыды. Соның бірі — жыршылық өнер.

Жақында Алматыдағы «Дәстүр» баспасынан «Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының мұрасы» атты оқулық-хрестоматия жарық көрді. Қарақалпақстандағы қазақ ғалымдары, марқұм  Қаржаубай Жұмажанов пен Тұрсынай Төрткүлбаева құрастырған бұл кітапқа енген ақын-жыраулардың бірқатары ХХ ғасырдың басындағы аласапыранда  Ақтөбе топырағынан кеткен.

Біз төменде кітаптың редакторы  Бауыржан Бабажанұлының сол жинаққа  алғысөз  ретінде жазылған дүниесін ұсынып отырмыз.

Қарақалпақстандағы  қазақ ақын-жырауларының  мұрасы Кеңес заманында-ақ ғалымдардың назарын аударған болатын.  2007 жылы «Арыс» баспасынан   белгілі қарақалпақстандық ғалым Қаржаубай  Жұмажановтың «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» атты монографиясында 1960-63 жылдары  Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері Т.Бекхожина, Т.Қанағатов, Б.Ысқақов, Б.Байділдаев, Т.Сыдықов, музыка зерттеушісі А.Серікбаевалардың арнайы сапармен келіп, материалдар жинақтағаны айтылады. Одан кейін де бірнеше дүркін экспедициялар ұйымдастырылған.  Мысалы, ұстазым, белгілі ғалым Алма Қыраубаева Қайролла жыраудан 4 дастан жазып алғандарын айтатын. «Әттең, әбден шау тартқан шағында жолығыппыз. Он жыл бұрын кездескенімізде, көп дүние алып қалар едік…» деп өкінетін.

Тарихта Бесқала атауымен белгілі өңірде қазақ бұрын да тұрған. Мысалы,  XVI ғасырда өмір сүрген  Ер Қосай батырдың асыл сүйегі Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласының іргесінде жатыр. Әйгілі Сырым Датұлының да бейіті — Қарақалпақстан аумағында. Әзберген Мұңайтбасов та  сонда хандық құрған.  Батырдың соңы Байқазақ Жолдасбайұлы да   сол киелі топырақта жатыр.

Өткен ғасырдағы кәмпеске, аштық, репрессия жылдарында Қазақстанның батыс облыстары халқының  біразы бауырлас қарақалпақ жеріне қоныс аударды.

Бұл өңірде ірі жыр мектебі қалыптасты. Өзбек, қарақалпақ, түрікпен халықтарының әйгілі жүйріктерімен араласып,  үзеңгі қағыстырған  жыршы-жыраулардың сөз қоры молайып, мақамдары түрлене  түсті. Тіпті Кеңес заманында да Бесқала жыршылық мектебінің жібі үзілген емес. Аясы тарылған шығар, бірақ арнасы құрғаған жоқ. Халық жыр арқылы өзінің тамырына үңіліп отырды.

Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібай бір еңбегінде Орталық Азия елдерінің көбінде  жыршыларды жырау деп атай беретінін атап өткен  болатын. Жыраулар дегенде біз осы ұстанымды алға ұстап отырғанымызды ескертеміз.

XX ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақ өлеңінде төңкеріс жасап, Алтай мен Атыраудың арасын дүр сілкіндірген ерекше дарын иесі Төлеген Айбергенов поэзиясының  бастау-бұлағы да  осы жыраулар поэзиясы  болатын. Ақын «Жақсылық жыры» деп өлең арнаған жыршы, ғаламат әнші Жақсылық Мамытовтың әдеби мұрасы да осы кітапта бар.

Жыраулар поэзиясының негізгі тіні — дін. Ендеше, дінмен күрескен Кеңес заманында жыршылық өнерді аман-сау сақтап қалған не құдірет? Осыған тоқталайық.

Ертеректе  жырауды арнайы шақырып тыңдайтын дәстүр болған. Мысалы, өз басым бала күнімде ақсақалдардан  ел арасында «Таз жырау» атанған Құдайберген жырау бір айтқан сөзіне 16 күннен кейін қайтып оралады екен дейтін әңгімені есітіп едім.  Бұл әсірелеп айтылған сөз болуы да мүмкін, бірақ жыраудың репертуары жұтаң болмағаны анық.

Әрине, бұлай апталап жыр тыңдап отыруға мүмкіндік бола бермейді.  Сондықтан да бертін келе жырауды  жырлату, оны тыңдау уақыты кейін ықшамдала түскен сықылды. Енді жыраудың «сахнасы» — той болып қалды. Кәдімгі келін түсірген той. Оқырманға ұғынықтырақ болу үшін мектеп бітіргенге дейін  өзім көрген той мен ондағы жыр  тыңдау дәстүрі туралы қысқаша баяндап кетсем деймін.

Келін түскен әулеттің туыстары және ел ағалары алдын ала жасалған кеңесте тойға қай жырау шақырылатынын ақылдасып, шешеді. Оған кісі салып, келісімін алады.

Ертең беташар болады деген күні тойдың «қонығы»  болады. Яғни алыстан келген қонақтар қона жатады. Әрине, оларға қонақасы беріледі. Міне, осы кезде жырау жырлай бастайды. Келген қонақ әуелі жырау отырған жерге келіп, ақша тастайды. Оның қасындағы  көтермешілер ақша тастаған адамның атын ерекшелеп айтып: «Пәленше пәлен сом  тастады…» деп жарнамалайды. Осылайша бірте-бірте қонақ келіп болады, қонақасын жейді, жұрт аяғы басылады. Енді әр-әр үйге жіберілген меймандар жырау тыңдауға жиналады. Бұл кезде үш-төрт сағат терме-толғау айтқан жыршы әбден бабына келіп, зар күйіне түседі. Яғни аламанға дайын деген сөз.

«Ортаға салу» дейтін дәстүр бар. Жырау өзі білетін дастандарды қысқаша өлеңмен  жұртшылық назарына ұсынады. Осы жерде жыршының сөз қоры көрінеді. Мысалы,  әйгілі Наурызбек жырау ортаға қырық шақты дастанды салған деген дерек бар.

«Ортаға салуға» арналған жырын жиналғандарға ұсынған соң, жырау сәл демалады. Себебі,  алқаға жиналғандар қай дастанды тыңдайтындарын таңдауы керек. Әркімнің қалауы бар. Кейде дау да туып кетеді. «Өй, тездетіңдер, жырау суып қалмасын…» дейді көтермешілер. Сосын ақсақалдар өзара мәмілеге келіп, шешімдерін айтады.

Жырау әуелі күй тартады  немесе біршама уақыт тек домбыраның өзіне кезек береді. Яғни алдағы «аламанға»  өзін де, тыңдарманды да дайындайды. Шынында да осы уақытта абыр-сабыр, күбір-сыбыр басылып, жиналғандардың ықыласы ортадағы жырауға ауады.

Жырау жырлағанда қошеметшілер қиқулап отырады. Таң сыз бере жыр аяқталып, жырау беташарға дейін демалады.

Анадай екпінмен жыр айтып отырған жырау, әрине, терге малшынады. Көйлек ауыстырып отырады. Таң ата сол ауыстырған көйлектерін кейуаналар жыртып, талап әкетеді. Немерелеріміздің бетін сүртеміз, олар да сондай жырау болсын деген ниет. Той иесі жырауға жаңа көйлектер ұсынады.

Міне, осындай тыңдаушысы барда жыршылық өнер өлген жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, Рахманқұл Бердібай «жыршылық өнерді ерекше қастерлейтін  эпикалық аудан» деп баға берген Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының  мол қазынасы  бұған дейін  кітап болып шықпады.

Осы тұрғыдан алғанда, осы өңір  ақын-жырауларының мұраларын жинақтап, зерттеп, жүйелеген ғалым, профессор, марқұм Қаржаубай Жұмажанов пен  оның ісін жалғастырушы жас ғалым Тұрсынай Төрткүлбаеваның мына кітабы — қыруар еңбектің жемісі.

Бұл кітапта XIX  ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген ақын-жыраулардың өз дүниелері — жырлары, ән мәтіндері, мақал-мәтелдері  жинақталған. Автордың тікелей өзінен жазып алмағандықтан кейбір жаңсақтықтар болуы, бір жыраудың дүниесі екіншісіне телінуі әбден мүмкін. Репертуарындағы дүние авторға тиесілі деп жарияланып кетуі де ғажап емес. Олай болып жатса, кешіріммен қарауды сұраймыз. Ақын-жыраулар мұрасын  тірнектеп жинаған кітап авторларына мың алғыс!

Ал осы ақын-жыраулардан қалған, Бесқала қазақтары жол деп атайтын (Мысалы, «Құдайбергеннің жолы», «Қайролланың жолы»)  мақам түрлерін зерттеу де алдағы күндердің еншісіндегі шаруа.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*