Басты бет » Тарих » Ақтөбеде ер Шоғының көшесі неге жоқ?

Ақтөбеде ер Шоғының көшесі неге жоқ?

Елбасымыз бабалар бойындағы ұлттық рухты кейінгі ұрпақ жүрегінде зерделеу қажеттігін ұдайы айтып келеді. Осы ретте халқымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт батырларының ерлігін паш ету — бүгінгі сананы жаңғыртудағы берік ұстанымның бірі десек, қателік болмас.

«Ақиқаттың мекені — жүрек». Бұл қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғаларының бірі жазушы Әбіш Кекілбаевтың кейінгіге қалдырған қанатты сөзі. Заманаларда қанша дауыл соққанымен елі үшін қанын төгіп, жанын берген батыр тұлғалар халық жадында сақталып қалатыны анық.

Сондай ерлердің бірі — осыдан үш жарым ғасыр бұрын дүниеге келген Шоғы батыр. Айтулы тұлға Баһадүр Бөкенбай мен Есет Көкіұлының замандасы. Шоғы Мұңалұлы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында үдере көшкен елдің қорғаны бола білген. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев өз шығармасында «Ордабасыдағы Әбілқайыр жасағына күн батыстан құйғытып Шоғы батыр бастаған сарбаздар жетті» деп жазса, Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» атты романында «алшынның алтын ұшты найзасын жоңғар қанына малмай қайтпаймыз деп кесіп айтып, ақтық шайқасқа бел буған бұл Аңырақай жеңісі» деп өр батырлардың ерлік жолын осылай сипаттаған-ды.

Есет батыр Шоғыны «От қару» деп әзілдейді екен  деген сөз бар. Жан алып, жан беріскен сондай шайқастардың бірінде қазақ жасақтарының бір тұсын анталанған жаудың тықсырып бара жатқанын байқаған хан Әбілқайырдың  қапелімде Шоғының аты есіне түспей қалып, әлгі қырық мылтықтылар қайда деп оларды майданның қиын шебінде тойтарыс беруді тапсырады. Шоғының сарбаздары садақ емес, мылтықпен қаруланса керек. Содан әлгі жерде дұшпанды лезде екіге бөліп тастап, ұмтылған жоңғардың бетін қайтарып, жеңіске зор үлес қосқаны туралы аңыз-әңгіме халық жадында қалған. Содан олар қырық мылтық атанып кеткен екен дейді көне көз қариялар.

Шоғының Сауран қаласын азат етудегі ерлігі бір бөлек. Талай шайқастарда батыл қимылымен көрінген Шоғы батырға үлкен сенім артып, бес жүз жауынгерден құралған сарбаздардың майдан басшысы етіп тағайындаған. Осы шайқаста Әбілқайыр хан Шоғы батырға айрықша тапсырма берген дейді тарихшылар. Сәуір мен мизам айының арасындағы мезгілде әскери қимылдардың түрлі әрекетін жасаған Шоғы сарбаздары Сауранды азат етеді. Өзі де ауыр жараланады. Көп жылдар бойы Шоғы батырдың қайда жатқаны, құлыптасы белгісіз болып келгенімен, зерттеуші ғалымдар қырық мылтықты батырдың есімі жазылған көне ескерткішті тапты. Ақиқат айқындалды. 2007 жылы Шоғы  батырдың ұрпақтары Түркістанда баба рухына арнап ас берді. Талай ерлігіне тәнті болған Әбілқайыр хан батырымен қимай қоштасып, Түркістандағы Яссауи зиратына жерлеуге шешім қабылдағаны белгілі.

Шоғы — заманы туғызған өр тұлға. Дүниеге келген уақытынан бастап-ақ қазақ жері талай оқиғаларды  өткерді. Соны көріп өскен ол бала күнінен қару асынып, тайға мініп ел қорғайтын сарбаз болуға асықты. Бұл оның тағдыры еді. ХVIІ ғасырдың басында орыс патшалығының құрамында қалмақ хандығы пайда болды. Ресей империясы жауынгер халықты пайдаланып, шығыс жағындағы шекарасын күзеттіріп қоймай, көршілес қазақтың жерін, әрі қарай Орта Азияны жаулап алатын күш деп білді. Орыс тарихын мектеп партасынан оқыған біздер бірінші Петрді даңқты қолбасшы деп білдік. Ал оның қазақ еліне және көршілес теңіз жағалауындағы халықтарға жасаған озбырлығын білген жоқпыз. Алдымен атты казактарды пайдаланып, Еділ, Жайық бойындағы тұрғындардың малын айдап кетіп отырды. Ресей патшалығынан қару алған қалмақтың Хо-өрлігі, Шүкір Дайшинның кезінде де, кейін олардың ізбасарлары болған Пинцуктың заманында да қазақ жеріне талай рет басып кіріп, үстемдігін көрсеткен.  Міне, осыны көрген Шоғы ат жалын тартып мінгеннен бастап–ақ жат жұрттықтармен арпалысып өсті. Өмір ерте есейтті. Өзі көзімен көрген батырлардың намысты қолдан бермеу жолындағы өнегесін сезген ол ел үшін күресті, тартысты. Осылай қабырғасы ерте қатайып, бабалардың өр қасиетін бойына сіңіріп, қаумалаған қалың жаудан қорғануды басты мақсат етті. Туған елінің әр ауылындағы әр шаңырақтың зарын естімеу үшін бес қаруын сайлап, жаудың жағасынан алуды, кеткен кекті қайтаруды көкірегінде сақтады.

Қазақ мен қалмақ Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жан берді. Қазақ ата қонысын қорғаса, қалмақ құнарлы жерді өзіне қаратқысы келді. «Әсіресе бұл Пинцуктың үлкен ұлы Аюке хан тағына отырған шақта күшейе түсті» деп жазады тарих ғылымдарының кандидаты Самат Есқалиев.  Тәуке хан өмірден өткеннен кейін Еділ бойын жайлаған қалмақтардың аш көздігіне Шоғының Бөкенбай, Есет батырмен бірлесе, қарсы тұрған күресі бір бөлек тарих. Шоғы жайлы Ыбырайым ахун, Кердері Әубәкір жырлағаны оқырман қауым жүрегінде.

2013 жылы Бейнеуде Асау-Барақ батыр рухына бағышталып үлкен шара өтті. Бұл жиынға Тараздан Шоғы батыр ұрпақтары қатысып, екі ақ боз үй тігіп, қонақтарды қарсы алуға ат салысты. Олар Асау-Барақ біздің ата қонысымыз Маңғыстау өңірі үшін күрескен тұлғалар деп арнайы келгендігін білдірді.

…Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін заманында ел қорғаған тұлғаларды ұлықтау арқылы сананы жаңғырту қажеттігі айқындала түсті. Осы ретте Ақтөбе қаласының бір топ зиялы қауымының өкілдері Мұңалұлы Шоғы батырдың есімін Ақтөбе қаласының бір көшесіне беру туралы ұсыныс түсірген-ді. Оған елге белгілі көптеген азаматтар қол қойған. Сол кездегі қала басшылығына жолданған хатта  «тарихта жоңғар басқыншылығы зардабынан ел басына күн туған «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған халқымыздың азаттығы жолындағы ақтық шайқастарға, ұлы жорықтарға қатысқан сардарлардың қатарында Пір Бекет әулиенің атасы — Мұңалдың кенже баласы Шоғы батыр болғандығы ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат болып үзілмей жеткен» деп ғылыми зерттеулермен тұжырымдалып, Шоғыны ұлықтау мәселесі көрсетілді. Қазақстан прокуратурасының ардагері Селбай Қожықов ынталы топ атынан Шоғы батырдың ерлігі жайындағы бірнеше кітаптағы деректерді жинастырып, ономастикалық комиссия отырысында қарастыруға ұсыну үшін жолдайды. Міне, содан бері біраз жыл өтті. Талай көшелер жаңа атауға ие болды. Даңқты Бөкенбай, ер Есет Көкіұлының замандасы, көптеген қанды шайқастарда қаһармандық танытқан батыр Шоғыға қатысты мәселенің назардан тыс қалуы өкінішті.

Шоғы жайында халқымыздың талантты қаламгерлері Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаевтың туындыларында айтылған. Түркістан қаласында бір көше Шоғы батыр есімімен аталады. Маңғыстауда еңселі ескерткіш тұрғызылды. Ал ата қонысы Ақтөбеде әзірге қозғалыс болмай тұр. Шоғымен қатар Сәрке батыр, Баһадүр Бөкенбайдан бата алып, қалың қолды басқарған Тайлақ және де Дәуіт, Арқар батырлардың есімін ұрпақ есінде қалдыру да парызымыз екенін ұмытпасақ.

«Қан майданда қол бастаған Шоғы батырға көрсетіліп жатқан ел құрметіне жан сүйсінеді. Бабасына қарай баласы, данасына қарай баршасы бой түзеген қауымның алмас асуы, жетпес биігі болмайды. Осыны есте ұстаған біздің замандастарымыздың да көсегесі көгере беретініне нық сенімдіміз» деп жазған-ды халық жазушысы Әбіш Кекілбаев.

Бұдан артық не айта аламыз…

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*