Басты бет » Ауыл » Бір орынға үш үміткерден

Бір орынға үш үміткерден

8 тамызда Мәртөк ауданының жеті округінде жергілікті әкімдердің сайлауы өтеді.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Күнбаева аудандық сайлау комиссиясы мүшелерінің, аудандық мәслихат депутаттарының, селолық округтер әкімдігіне үміткерлердің және олардың сенімді тұлғаларының қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өткізді.

Оның айтуынша, облыстың 74 округінде село әкімдері сайлауы өтеді.

— 2013 жылы 7 тамызда республикада тұңғыш рет селолық округтер әкімдерінің сайлауы өтті. Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен бекітілген Ережеге сәйкес 149 әкім төрт жылға сайланды. Содан бергі аралықта бірқатар әкімдер өзгерді, кейбіреулері басқа жұмысқа ауысты. Ал содан бері қызмет атқарып келе жатқан әкімдердің мерзімдері аяқталды, — деді Г.Күнбаева.

Ол біздің облысымызда басқа өңірлермен салыстырғанда сайлаудың орталықтандырылған түрде бір күнде — 8 тамызда өтетінін хабарлады. Облыс бойынша барлығы 238 кандидат ұсынылды.

Темір ауданында, Шалқар қаласында және Ақтөбе қаласына қарасты бір селолық округте төрт кандидаттан, қалғандарында үш кандидаттан тіркелген.

Село округі әкімі лауазымына үміткер аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесіп, олардың алдында өздерін жан-жақты танытуы тиіс. Дауыс беру жасырын, жабық күйде өтеді.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы депутаттардың бұл іске саналы түрде және жауапты қарауларын өтінді, өйткені селолық округтердің алдағы дамуы мен тіршілік-тынысы дауыс берулеріне қатысты болмақшы.

— 2018 жылдың қаңтарынан бастап селолық округтер қаржыландырылады. Селолық әкім мен округ тұрғындары өз проблемаларын өздері дербес шеше алатын болады. Алдағы төрт жылға сайланатын әкім осы мәселеге жауаптылықпен қарауы тиіс, — деді Г.Күнбаева.

 Елена ОНИСЬКОВА,

Мәртөк ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*