Басты бет » Мәдениет » Мәңгілікті мүсіндеу

Мәңгілікті мүсіндеу

Тағзым

Бақытжан Әбішев — Ақтөбе топырағының перзенті. Мүсінші ретінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде өз қолтаңбасын қалдырды: Алматыда, Павлодар облысының Баянауыл ауылында, т.б. жерлерде ол сомдаған ескерткіштер тұр. Ақтөбедегі Қ.Жұбанов, Ж.Кереев, Ырғыздағы Ұ.Құлымбетов ескерткіштерінің авторы — Бақытжан Әбішев, сонымен қатар ол — бүгінде облыс орталығындағы ең көрнекті орындардың біріне айналған Әлия Молдағұловаға арналған мемориалдық кешеннің (2005 жыл) авторларының бірі.

Оның еңбектері шетелдің музейлерінде, Мәскеудегі Ә.Молдағұлова атындағы мектепте тұр. Қазақ КСР Ленин комсомолы сыйлығының. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Бақытжан Әбішев 70-ке қараған шағында, үстіміздегі жылдың 18 қаңтарында дүниеден өтті.

Оқырмандарымызға белгілі ақын, Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулеттің мүсінші туралы эссесін ұсынып отырмыз.

 Ол кезде сақал дегенді суретшілер қоятын…

…1982 жылы екі бөлмелі пәтерге әрең қолымыз жетіп, баранды болмасақ та үйлі болғанымызға сенер-сенбесімізді білмей, есіміз шыға есіп жүрген тұс еді. Асқар Сүлейменов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Шәрбану Құмарова, Жамалиддин Босақов, Сейілхан Асқаров, Сұлтанәлі Балғабаев, Иранғайып, Күләш Ахметова Қайырбек жездемізбен, Александр Сергеев, Василий Антонов сияқты қаламдас аға-апалар мен әйгілі Зейнолла Қабдолов, Бердібек Соқпақбаев, Оспанхан Әубәкіровтей ағалардың ұл-қыздарымен және Әсет Бейсеуов, Мұрат Ахмадиев, Ерболат Төлепбаев сияқты композитор, әнші, суретшілермен көршілес қоныстандық.

Жаңа үй, жаңа тұрмыс. Күнде қоныстой, күнде қонақ, таусылмас думан.

— Есентай өзенінің арғы бетінде жазу­шы­лардың екі үйі тұрғанын білесің. Бі­рі — «Сараңдардың сары үйі», екіншісі — «Алғыштардың ақ үйі» деп аталады. Ал біз өз үйімізге қандай ат қоямыз? «Жо­март­тардың жолым үйі» дейміз бе? — деп ақылдасады Иранғайып. Жомарт десе жомарт едік, жарымай жүрсек те қолымыз ашық, дастарқанымыз жиналмайтын.

Бірақ Иран­ғайыптың айтқаны болмады, ел аузын­да біздің тұрағымыз «Суретшілер үйі» атанып кетті. «Суретшілер үйі» десе дегендей, Есен­тай өзенінің жағалауына жақын са­лын­­ған еңсесі биік ереймен үйіміздің до­ғадай иілген бір пұшпағы тұтасымен суретшілердің, бірінші қабаты түгелімен мүсіншілердің шеберханалары еді. Бұл жерде бір үй тұрмақ, тұтас аула суретшілер мен мүсіншілер орамы екен. Иелері — бел­гілі суретшілер Әубәкір Ысмайылов, Гүлфайруз Ысмайылова, Тоқболат То­ғысбаев, Әбдрашит Сыдыханов, Камил Муллашев, Мағауия Аманжолов, ортаншы Ақа­наев, Балтабай Табылдиев, Табылды Мұқатов, Тимур Ордабеков, Ерболат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиев, Анарбек Нақысбеков, т.б. мүсіншілер Төлеген Дос­мағамбетов, Еркін Мергенов, Ескен Сер­гебаев, Бақытжан Әбішев… т.б. бәрі осы кварталдан мекен, тұрақ, шеберхана тапқан. Осылардың көбі сақал қоятын. Атшап­ты­рым ауладағы бір-бірімен иін тірескен төрт үйдің әр есігінен қаба сақалдылар, ақ сақал, көк сақал, қара сақалдылар әр кез­де кіріп-шығып жататын. Өйткені ол кез­де сақ­ал дегенді иегіне салафилер емес, суретшілер қоятын…  Атышулы Асқар Сүлейменовтің анасы Айтотым апамыз аулада оларға қарап отырып:

— Осылар сақал қоймаса сурет сала алмай қала ма? – деп сұрағаны есімде қалды. Сол суретшілерге жақын жүріп, мен де сақал қойдым. Бала кезімде суретші бо­лу арманым болған. Салған суреттерім ба­лалар газетінде, «Жыл — он екі ай» альма­нағында жарияланған. 9-сыныпта облыста сурет жарысынан бірінші орын алып, Алматының Гоголь атындағы сурет училищесіне жолдама да келген. Амал не­­шік… сөз сиқыры жеңіп, жын иектеп, жыр қуалап кете бардым. Сөйтіп, маған Карл Маркстің сақалындай қап-қара бұйра сақал бітті. Иегіне қылтанақ шықпайтын суретшілер сақалды суретшілердің сақа­лы­на қызыға қарайтынын байқадым. Кейбірі тіпті мен суретші болмасам да са­қа­лымды сипап тұрып, үңіліп қараған. Сақал қойғасын суретші-мүсіншілер қа­у­ымына тіпті өз адамындай етене болып кет­тім. Ерболат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиев­пен ертеден тонның ішкі бауындай жақын, дос-жармыз. Енді күнде жолығып, ішек-қарнымызға дейін араласып кеттік. Кейбір кештерде суретшілер мен мүсіншілердің шеберханааралық басқосулары болып тұратын. Араларына кейде Асқар аға екеумізді шақыратын. Маған өлең оқы­татын. Асқар Сүлейменов бәрінің ау­зын аштырып, өнер тарихынан не бір қысқа да тағылымды сырлар шертетін. Сон­дай кештің бірінде мүсінші Бақытжан Әбішевпен жақынырақ таныстым. Көр­кемсурет училищесін аяқтамастан оқудан шығарылған соң, Мәскеудің Суриков атындағы атақты оқу орнын бітірген екен. Ол мені өз шеберханасына бастады. Сөре-сөре толы балшықтан, гипстен, ағаш­тан, қоладан, гранит пен мәрмәрдан сомдалған мүсіндер. Үлкенді-кішілі бас­тар. Ұлылар мен бейтаныстар. Әл-Фараби мен Махамбет, Мұхтар мен Күләш, Тоқаш Бокин мен Сәкен, генералдар мен

ба­тырлар, Жамбыл мен Қонаев… Әне бір Владимир Ильичтің қасында Абай Құнанбаевич сынай қарап тұрғандай. Солардың қатарында маң-маң басқан түйелер және жылқылар, жылқылар, жылқылар…

Жығылып жатқан, ойнақтаған, шиыршық атқан, қарғыған, орғыған, көкке атылған, сүрінген, аласұрған, тулаған, көсіле шапқан, құлағын тіккен, жымитқан, қайшылаған, жалы күдірейген, жел­біре­ген, танауы делдиген… түрлі кей­іптегі

жыл­қылардың балшық, гипс, қола, тас мү­сіндері. Дөңгелек жозыда жат­қан қа­ғаз­дарды парақтай қалсаң — жылқы жа­ну­ардың самсаған эскиздері шыға келетін. Сол тұста Бақытжанның қолынан туған бір шедеврге Асқар Сүлейменов «Құлагер» деп ат қойды. Жығылып жатқан жылқы мүсіні. Құлагер десе Құлагер!.. Желмен жарысып, құйындап-құйғытып келіп, тосыннан омақаса құлаған қайран жануар өмір мен өлімнің арасында ышқынып, ар­па­лысып жатыр. Жантәсілім сәт… Кісін­е­ген дауысы жер дүниені жаңғыртып, жан дү­ниеңе ине сұққылағандай. Қапияда қаза құшқан тағдырдың қиянатқа лағнеті. Үнсіз шырқыраған жан дауысы…

Бір жылқының емес — бір адамның, бір адамның емес — тұтас бір халықтың қырқай шалынған шерлі тағдыры…

Сөз суреткері Асқар Сүлейменов осы мүсін туралы үнемі сүйсіне айтып жүр­ді. Бақытжанның 1991 жылдың ақпа­нын­да Ә.Қастеев музейінде өткен сурет көрмесінде Асқар ағаның сөйлеген сө­зін жары Әлия Бөпежанова қағазға түсі­ріп, кейін жариялаған: «Әбішев — өз алдына дара тұлға. Бұған оның

шығар­ма­шы­лығының күретамыры, кіндігі — сұлап түсіп мерт болған тұлпар бейнесі — «Өліара» деп қате аталған мүсін дәлел. Жанарына жар­ты әлемді сыйдырған тұлпардың қа­рашығына зер салыңыз. Жарты әлемнің емес, күллі ғаламның қасіреті осы қара­шық­та тұнып тұр. Бұл — келіспеске амал­дарыңыз кем, — классика, ал классика деу­ге тіпті қимасаңыздар, классикаға же­теғабыл туынды».

Осы тақылеттес ба­ға­лау сөзін Асқар ағамыз суретші-мү­сінші-қаламгерлердің ортасында да, Бақытжанның шеберханасына шетелдік қонақтарды ертіп әкелген түрлі лауазымды-шенділер алдында да айылын жимай айтқ­ан. Дуалы ауыздың сол бағасы – баға болып қалды. Мүсіншінің тырнақалды толымды туын­дысы Алматыдағы Тоқаш Бокиннің ес­керткіші екенін естігенде авторынан: «Ол қай жерде тұр?» деп сұрағаным есімде. Сол кезде өзім он жылдан астам уа­қыт мекен еткен Алматыда Бокиннің ес­кер­ткіші барын білмегенім ұят-ақ еді.

Сөй­тіп, панфиловшылар паркінің темір жол жақ бетінде тұрған «Тоқаш Бокинге» ар­найы сәлем бере барғанмын. Сол ес­керткіші үшін Бақытжан Қазақстан

комсо­молы сыйлығын алған екен. Басында Бақытжан ана тіліне шорқақ болды. Бірақ тілі келсін-келмесін қазақша сөйлеуге тырысатын. Түсінбеген сөздерін, жан-жары М.Әуезов драма театрының актрисасы Шәмшәгүл Меңдияровадан сұрап алатын. «Орыс мектебінде оқыдым. Қаланың баласымын. Ақтөбеде туғанмын, Алматыда өскенмін» дейтін.  Қазақша сөйлеуге қысылмай-қым­ты­рыл­май тырмысып жүрген Бақыт­жан келе-келе бір қазақтай жатық сөйлейтін болды. Нағыз қазақ болуға жан-тәнімен ұмтылды. Тіпті соңғы 10-15 жылда дінге бойұсынып, бес уақыт намазын қаза жібермейтін дә­рет­ті тақуаға айналған. Ас-отырыстарда қал­тасынан ақ тақиясын суырып алып, тө­бесіне қондыра қойып, заулатып Құран оқи­тынына да куә болғам. Міне, саған «асфальттің» баласы!

Басында портретші ретінде көрінген оның шығармашылығы «Құлагер» туындысынан кейін ұлттық-тарихи тақырыпқа түбегейлі бет бұрды. Келе-келе ат жалын­да­ғы азаттық, бабалар философиясы, ұлы да­ла рухы, көшпенділер тұрмысы Әбішев өнері­нің негізгі лейтмотивіне айналды. Ол осы тұста көне түркі дүниесіне көп үңі­ліп, тәңіршілдік тереңіне құлаш ұрды, кө­не жәдігерлерді зерделеп, балбал тас­тар әлемін жаңа мазмұнмен тірілтуді қол­ға алды. Оның «Ұмай ана», «Кездесу», «Ұран», «Беташар», т.б. мүсіндері осы ке­зе­ңнің жемісі.

Сонау бір жылы Алматыда қойылған Жамбыл ата ескерткішінің жобасын

тал­қы­лауға қатыстым. Бақытжан сомдаған дом­быра ұстаған мүсін көптің көңілінен шықты. Ал архитектуралық шешіміне кел­генде екіұдай пікір туды. Өйткені жоба бой­ынша Жамбыл атаның онсыз да аласа тұғырының астынан бұлақ ағып жатуға тиіс екен. Сонда сол кездегі жоғарғы жақ­тың жауапты қызметкері, қазіргі депутат Сауытбек Абдрахманов жанды пікір айтты:

— Қазақта «Астыңнан су шықты ма?» деген жағымсыз әсер беретін сөз бар.

Сон­дықтан, меніңше, суды Жамбыл атаның ас­тынан ағызып қою жарамайды. Су болса болсын, ағып жатсын, бірақ астынан емес, бір жағынан, қасынан, жанынан ақса бол­май ма? Көкейге қонымды осы пікірді қолда­ған­дардың ішінде мен де болдым. Қазір Жам­был атаның ескерткішін көрген сайын сол әңгіме есіме түседі. Жыраудың жанынан жыр ағысындай жылап ағып жатқан сызашық су соншалық үйлесімді.  Бірде Бақытжанның шеберханасына кіріп келгенде, бұрыштағы қоқыс шеле­гін­де жатқан ақ гипс бас мүсінге көзім түс­ті. Қос қолдап суырып алып қарасам — М.Әуезовтың бюсті екен.

— Бәке-ау, мынауың не? — деп шыр ете түстім.

— Жата берсін, қозғама, ол брак! — деді Бақытжан.

— Ойбай-ау, брак та болса Әуезов қой!

— Оның ерні дәл келмей қалды. Міне, мын­аны көр, нағыз Әуезов мұнда! Ал ан­д­а­- ғыны сындырып, лақтырып тастау керек, – деді мүсінші.

Сөйтіп, ол ақ шүбе­рек­пен қымтап қойған басқа мүсінді ашып көрсетті. Ерні сәл түріле дүрдигені болмаса көп айырмашылық байқамадым. Ойда жоқта тапқан олжадан айырылғым келмей:

— Маған осы Әуезов те жарайды.

«Ит жегенше Қоңдыбай, Қанай жесін!» деген бар. Қиратып, лақтырғанша маған бер, — деп, қойныма қыса түсіп едім:

— Алсаң — ал, бірақ үйге апарған соң ду­хо­в­када пәлен сағат күйдіру керек. Әйт­песе тез сынып қалады, — деді.

Қуанып ала жөнелдім. Айтқанын айнытпай жасап, сол гипс мүсінді газ пешінің духовкасына салып қойып, әйеліміз екеуміз күні бойы қасынан шықпай қадағалап, әбден күй­ді­­р­генімізде қына түсті әдемі қыш бюст сыңғырлап шыға келген.

Пеш қасынан шы­р­ғалап шықпай жүргенімізді көрген қызым Назым:

— Сіздер Әуезовті торт пісіргеннен әрман әдемілеп пісірдіңіздер ғой. Күйіп кетіп жүрмесін, — деп әзілдеген.

Біраз жылдан кейін інім Рүстем Есдәулет пен қызым Назым «Хабар» ар­на­сының «Тілашар» атты 40 сабақтан тұ­ратын сериалына түскен кезде реквизит үшін біздің үйден М.Әуезовтің сол мүсіні мен қабырғада ілулі тұрған елік сапты қамшыны апарып қойыпты. Кейін қайтпай қалды. Оны естіген Бақытжан сол тұста өткен 50 жылдық мерейтойымда маған М.Әуезов бюстінің кейінгі өзіне ұнаған фарфор нұсқасын тарту етті. Одан бұрынырақ қоладан құйылған «Бөріге мінген қыз» атты мүсіншесін сыйлаған болатын. Бөрісі сақ стилінде, сауырындағы қазақ қызы антикалық пішінде. Қазір ұлы жазушының мүсіні мен екеуі менің кітап сөремде тұр.  Бақытжан Әбішевтің шығар­ма­шы­лығының бір үлкен шыңы деп Атырауда орнатылған Исатай-Махамбет ескерткішін айтар едім. Жалпы, бұл ескерткіштің идеясы мен жо­басы о баста Иманғали Тас­мағам­бет­ов­тен туған. 2000 жылы

Пре­мьер-Ми­ни­стрдің орынбасары болып жүр­ге­нін­­де мені өзіне шақырды. Мәдениет сек­то­рының мең­герушісі едім. Қолында өзі сыз­ған ес­кер­ткіш жобасы. Екі салт атты адамның сұл­басы, артында самсаған қалың қол әл­де қамал.

— Махамбеттің 200 жылдығына орай Атырауда ескерткіш орнату керек. Соның қау­лысының жобасын жасауға кіріс. Мы­нау — менің ойымдағы Исатай мен Ма­хамбет мемориалы. Осы ескерткішті жа­сауға байқау жариялау керек. Өзіңді 200 жылдықты өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның құрамына енгіземін. Бастан-аяқ өзің жауап бересің, — деп шегелеп, мені жегіп қойды.

Конкурсты Мәдениет министрлігі өт­кізіп жатқан. Ескерткіштер жөніндегі

ко­миссияның мүшесі ретінде талқылауға қа­тыстым. Комиссия мүшелері мүсін, архитектура өнерінің майталман мамандары, өнертанушылар, кілең ығай мен сығайлар финалға шыққан мүсіндердегі батырлар мінген аттардың аяқ алыстарын, дене-тұрқын іске алғысыз етіп, әбден сынап тас­тады.

Сол кезде мен:

— Осы ескерткішті жасауға неге Бақыт­жан Әбішевті тартпасқа? — деп қал­дым да, — мен білсем, жылқының мүсінін ке­лістіріп сомдайтын хас шебердің бірі сол. Оның Махамбетін де көргенмін, өте жақ­сы, — деп сөзімді үстедім.

Бәрі де елең етті. Бақытжанға комиссия мүшелерінің Еркін Мергеновтен басқасының бәрінің көзқарасы түзу болып шықты. Бақытжанның кандида­ту­расын Иманғали Нұрғалиұлы да қол­да­ды.

«Менде оның «Құлагерінің» көшір­ме­сі бар. Оның қолынан келеді», — деді ол.

Сөйтіп, ойламаған жерден мемори­ал кешенін жасау Бақытжан Әбішев пен Ескен Сергебаевқа тапсырылды. Жә­не олар абыроймен орындап шықты. Ба­қыт­жан салт атты қос қаһарман мен олар­ға ілескен садақшы-мергенді сомдаса, Е.Сергебаев монумент-горельефтің екінші бө­лігін — қамалдай қалың қол, тұтасқан күрес­кер халықтың жиынтық бейнесін жа­сап шықты. Бұл күнде Исатай мен Махамбет ескерткіші Атырау қаласының бетжүздігіне айналды. Бұрын ол жерде үлкен асыққа ескерткіш болғанын жұрт жымия еске алатын болды. Аруақты

ба­тырлардың тамаша ескерткіш-кешені бұл күнде халықтың көзайым жәдігері, ру­хын көтеретін, өркенін өсіретін сүйікті орны. Бірақ дер кезінде ұсынылғанымен горельеф-ескерткішке Мемлекеттік сый­лық бұйырмады…

Бұл туындыларға қоса, Астанадағы Мұстафа Ататүрік, Жаяу Мұса ескер­ткі­штері, Ақтөбедегі Әлия, Қараған­ды­дағы Сәкен Сейфуллин, Баянауылдағы Жа­сыбай батыр, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Алматыдағы Әди Шәріпов ескерткіштері Бақытжан Әбішев­тің сиқырлы саусағы, аялы алақа­ны­нан шыққанын айта кетсем деймін.

Дүниеден озарынан бірер ай бұрын, былтырғы күзде ол мені кейінгі жылдары көшіп кірген жаңа үйіне шақырып, жертөлесіне жайғастырған бұрынғы-соңғы жұмыстарын көрсетіп еді. «Бүркітші», «Салт атты», «Ұмай ана», «Томирис», «Ұран», «Көш», «Құрылтай», «Күйші», «Олимпиадашы», «Нәпсі», «Құдалар», «Беташар» туындыларының әрқайсысы бір-бір жауһар әлем! Ұлы даланың рухындай жүрегіңде жаңғыратын жырлар! Бір күндік емес, тарихпен тілдесетін, мәңгілікпен мұңдасатын мүсіндер! Бұл жербауырлаған күйкі тіршіліктен емес, биік адамзаттық философиялардан туын­даған шығармаларда тылсым сыр, ғарыш­тық ғұмыр бары сезіледі. Қарапайым тір­лік кешіп, қасымызда жүріп, ертеден қара

кеш­ке дейін балшық илеп, тас қашап, қо­ла құйып, ағаш жонумен-ақ, қаншама өл­мес туындылар беріп кеткеніне қалай та­ңырқамассың! Екінің бірі алып жатқан «Еңбегі сіңген қайраткер» атағына қатты қуанып еді. Қызығын да көріп үлгермеді. Тірі болса осы күндері 70 жасқа келер еді.  Бақытжанның қолының табында құ­дірет бар еді.

Бірде мен одан:

— Сен мү­сінді жасағанда портретін суретке сызып аламысың әлде, көзге елестетесің бе? — деп сұрағанымда:

— Қолымның ырқына бағынамын. Сау­сағым қалай сезінсе солай сомдап

шы­ға­р­амын. Қолым өзі біледі, — деп жауап бе­ріп еді Бақытжан.

— Е, онда сенің қолыңның көзі бар екен ғой, — деп әзілдегем.

…Шеберханадағы бұрынғы және жаңа ту­ындылар арасынан орындықта отырған Ғабит Мүсірепов пен оның қасында түре­геп тұрған Асқар Сүлейменовтің мүсінін бір­­ден таныдым. Екеуі үйлесіп-ақ тұр. Бұй­­ыртса, сәті түскенде бұл ескерткіш те Алаштың көз алдында асқақтап тұрар күн келер…

 Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, 

ақын.

egemen.kz сайтынан.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*