Басты бет » Жаңалықтар » «Астана» топтық кезеңге шықты

«Астана» топтық кезеңге шықты

Чемпиондар Лигасы

Үшінші кезеңнің алдында футбол білгірлері бірден «Легияны» дәріптеген еді. Тек бұлар бірінші ойында 1:3 есебімен ұтылғаннан кейін ғана күмәнді әңгімелер айтыла бастады. Шетелдік жанкүйерлер бұдан былай «Астанамен» санаспауға болмайтынын ұқты.

Рас, Варшавада өткен қарымта кездесуде «Астана» гол соққан жоқ. Тіпті екінші таймда негізінен қорғаныста ғана жүрді. Дегенмен кейде ойынның тамсандырар өрнегінен гөрі нақты қорытынды есебіне баса көңіл бөлуге тура келетін тұстар болатыны мәлім. Сәрсенбі күні сол тұсқа келіп тоқтаған едік. Есеп ойлағанымыздай болды.

«Астана» екі ойынның нәтижесі бойынша плей-офф кезеңіне шығып қана қойған жоқ, сонымен бірге Қазақстан командаларының польшалық клубтарда кеткен өшін де бір қайтарып берді. Олай дейтініміз, осы Еурокубок ойындарында келесі кезеңдерге әр жылдары «Тобыл», «Шахтер», «Жетісу», «Ақтөбе» командаларын осы польшалық клубтар («Дискоболия», «Рух», «Лех», әрине, «Легия») жібермей қалған еді. Ақтөбелік жанкүйерлер 2014 жылы Еуропа Лигасы аясында өткен кездесулерде осы «Легиядан» екі рет ұтылғанымызды (0:1; 0:2) ұмыта қоймаған шығар.

Сонымен, «Астана» Еурокубок ойындарында осымен үшінші рет топтық кезеңге шығып отыр. Олар 2015 жылы Чемпиондар Лигасында ойнаса, былтыр Еуропа Лигасында өнер көрсеткен болатын. Ал биыл қай Лигада ойнайтыны плей-офф кезеңіндегі кездесулерден соң мәлім болады. Егер жеңіске жетсе, алдыңғы жылғыдай Чемпиондар Лигасының сайыстарына қосылады, ұтылып қалса, Еуропа Лигасында ойнайды.

Бүгін, 4 тамыз күні УЕФА штаб-пәтерінде сағат 15.00-де жеребе тартылып, «Астананың» нақты қарсыласы анықталады. Әрине, жерлестерімізбен ойнауы мүмкін бес команданың қай-қайсысы да осал емес: ««Олимпиакос» (Грекия), «Селтик» (Шотландия), «Копенгаген» (Дания), АПОЭЛ (Кипр)  және «Марибор» (Словения). Дегенмен, қазірге дейін әбден шыңдалған «Астана» таланына бұл командалардың қайсысы тап болса да, абыржымайтыны, алақандарын ысқылап отырғаны күмәнсіз.

Ал сәрсенбі күнгі кездесудің нақты деректері төмендегідей.

«Легия» (Варшава)-«Астана» (Астана) — 1:0 (Бірінші ойынның есебі — 1:3).

Гол авторы : Якуб Червиньски, 76-минут (1:0).

2 тамыз 2017 жыл. Варшава. 

«Астана» бұл кездесуде төмендегі құраммен ойнады: Александр Мокин, Игорь Шитов, Марин Аничич (Евгений Постников, 63-минут), Ласло Кляйнхайслер, Серікжан Мужиков (Срджан Граховац, 84-минут), Иван  Маевский, Патрик Твумаси, Юрий Логвиненко, Джуниор Кабананга, Роман Муртазаев (Абзал Бейсебеков, 57-минут), Дмитрий Шомко.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*