Басты бет » Спорт » Тоғызқұмалақ: әйелдер арасындағы қазақстан чемпионаты өтті

Тоғызқұмалақ: әйелдер арасындағы қазақстан чемпионаты өтті

Ақтөбе қаласында өткен командалық бәсекеге еліміздің өңірлерінен тоғыз команда қатысты. Олар: Батыс Қазақстан, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының командалары.

Жарыс ережесі бойынша ойын айналмалы жүйемен тоғыз турдан өткізілді. Демек, командалар барлығы бір-бірімен кездесіп ойнап шықты. Алғашқы үш турдан кейін негізгі бәсеке төрт команда арасында өрбіді: Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстары командаларының ойыншылары. Ал алтыншы турдан кейін чемпионаттың көш басына Оңтүстік Қазақстан облысының командасы суырылып шықты. Кұрамында үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, тоғыз дүркін ҚР чемпионы ойнаған оңтүстікқазақстандық тоғызқұмалақшылар қалған ойында да жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Жүлделі орындар үшін талас соңғы 9-турдың ақырғы минутына дейін тартысты өтті. Тек ойын соңында Павлодар мен Қостанай командаларының ойын нәтижесі анықталғаннан кейін жағдай белгілі бола бастады. 3:2 есебімен Павлодар жеңді, Ақтөбе-Маңғыстау 4:1 болып аяқталды. Сонымен, 26 ұпай жинаған Ақтөбе мен Қостанай облысы командалары ІІ және ІІІ орынды бөлісті. Ұпай саны бірдей, бірақ өзара ойында Ақтөбе облысы Қостанайды 3:2 есебімен жеңген болатын. Төртінші орынды Павлодар облысы қанағат тұтты, бір ұпай кем.

Жалпы, командалық жарыс әр уақытта өте қызықты да тартысты өтеді, себебі командадағы әр ойыншының алған ұпайы өте қажет.

Жабылу салтанатында жеңімпаз бен жүлдегер ойыншыларға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан медальдар мен мақтау қағаздарын ҚР тоғызкұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев тапсырды. Сондай-ақ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы атынан командалық Кубоктар табысталды.

Қабидолла НҰРШИН,

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Бір пікір

  1. Нұрлан Ізденұы ЕСЕНҒАЗЫ

    Құтты болсын!
    Қазақ ұлттық құндылықтарын дамытып жүрген азаматтарға Алла тағаланың нұры жаусын!
    Əумин!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*