Басты бет » Денсаулық » Екпеден бас тартпаңыз!

Екпеден бас тартпаңыз!

Бүгінде облыс бойынша екпе алмаған 2572 бала бар. Оның ішінде 1686-сы, яғни 65,5 пайызы туғаннан бастап ешқандай екпе алмаған. Бұл алдағы уақытта балалар ағзасының әртүрлі инфекцияны тез қабылдап алуына әкеліп соғады. Қазір облыстағы дәрігерлер осы мәселені қолға алып, қарқынды жұмыстар жүргізуде.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің

балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты, доцент Галина Жұмағалиеваның айтуынша, бүгінгі күні елімізде 8500 бала ешқандай екпе алмаған. Оның ішінде Ақтөбе облысында 2572 бала екпе алудан бас тартқан. Биылғы жылдың І жартыжылдығында екпе алмаған балалардың ата-аналарымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша 182 бала екпе алыпты.

Өкінішке қарай, қазір ата-аналар балаларына екпе салдыртуға салғырттықпен қарайды. Олардың арасында екпеге қатысты екіұдай пікір қалыптасқан. Бірі екпенің бала денсаулығына пайдасы бар деп есептесе, екінші тарап бұл пікірмен келіспейді. Сондықтан қазір біз осы мәселені қолға алып, ата-аналармен жұмыс жасап жатырмыз, — дейді Г.Жұмағалиева.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Ұлттық иммундық күнтізбе» бойынша кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында балалар мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдер 11 инфекциялық аурудан екпе алуы керек. Атап айтсақ, туберкулез, «В» вирустық гепатиті, полиомиелит, көкжөтел, паротит, дифтерия, делбе, гемофильді инфекция, қызылша, пневмокок, т.б.

  • Топтық иммунитет деген ұғым бар. Егер топтық иммунитет қалыптаспаған жағдайда мектепте, балабақшада немесе басқа да көпшілік ортада балалар жұқпалы ауруды тез жұқтырып алуы мүмкін. Ал мұндай иммунитет қалыптасу үшін әр инфекция бойынша балалардың 95 пайызы екпе алуы керек. Топтық иммунитет қалыптаспаса, аурудың таралу қаупі де жоғарылайды. Мысалы, 1994-1998 жылдар аралығында облыста дифтерия ауруы, ал 1998-2001 және 2014-2015 жылдары қызылша ауруы өршіп кетті. Осыдан кейін елімізде аурудың алдын алуға байланысты шаралар жасала бастады. Бүгінгі күні облыста балалардың екпе алу көрсеткіші 87 пайызды көрсетеді. Бұл аздық етеді, — дейді Г.Жұмағалиева.

Кафедра меңгерушісінің айтуынша, екпеден бас тартқан ата-аналардың бір тобы екпеден кейінгі асқынулардан қорықса, кейбіреулері екпе алу балалар арасында аутизм, туабітті мүгедек (ДЦП), аномалия сияқты аурулардың пайда болуына әсер етеді деп есептейді. Алайда бұл дұрыс емес.

  • Қазіргі кезде екі, үш, төрт айлық сәбилерге берілетін кешенді екпелер бар. Олардың тиімділігі сол, бір екпе 5-6 аурудың алдын алады. Сонымен қатар бүгінгі күні жасөспірімдер мен 29 жасқа дейінгі жастар арасында қызылша ауруымен ауырғандарды жиі кездестіруге болады. Бұл инфекцияның көзі — тек ауру адам. Ол ауа арқылы таралады. Екпе алмаған балалар бұл ауруды өте тез жұқтырып алады. Қазіргі кезде қызылшамен сәбилер сирек ауырады, көбінесе балабақша, мектепке баратын балалардың арасында, сондай-ақ жастарда көп кездеседі, — дейді Г.Жұмағалиева.

Биыл облыста екпеден бас тартқан адамдардың санын азайту мақсатында «Арасан Ақтөбе» ЖШС-ның ұйымдастыруымен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы Хромтау, Мұғалжар, Темір, Алға, Байғанин аудандарын аралады. Олар екпеден бас тартқан ата-аналармен кездесіп, әңгімелесіп, оларға екпенің маңыздылығы мен пайдасы жөнінде мағлұмат берді. Аталған профессорлық-оқытушылар құрамында М.Құрманғазин, Б.Түсіпқалиев, Г.Жұмағалиева, А.Жұмалина, М.Мамырбаева, К.Әбдірахманов, И.Мұсабекова, Б.Сапарова, Ж.Омаровалар бар.

Алдағы уақытта біз облыстағы басқа да аудандарға барып, балаларына екпе алудан бас тартқан ата-аналармен жұмыс жүргізетін боламыз. Ата-аналарға айтарым, балаңыздың денсаулығына салғырт қарамай, екпе алыңыз. Себебі екпе балаларды өлімнен, мүгедектіктен құтқарады, — дейді Галина Жұмағалиева.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*