Басты бет » Денсаулық » Облыста екпе алмаған 2572 бала бар

Облыста екпе алмаған 2572 бала бар

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен халық денсаулығын қорғау жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға үйлестіру кеңесінің мүшелері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас мамандары, қалалық емдеу, алдын алу мекемелерінің бас дәрігерлері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ақтөбе облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкерлері қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде облыста тұрғындар арасында иммуннопрофилактика бойынша 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында жасалған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы және екпе алудан бас тартушылардың санын азайту бойынша мәселелерді шешу жолдары қаралды.

Отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев биылғы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

  • Бүгінгі күні облыста 18 жасқа толмаған 264 967 бала бар. Оның ішінде 32 231-і жасөспірім болса, 17 889-ы — 1 жасқа дейінгі балалар.

Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Ұлттық иммундық күнтізбе» бойынша кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында балалар мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдер 11 инфекциялық ауруға қарсы екпе алады. Атап айтсақ, туберкулез, «В» вирустық гепатиті, полиомиелит, көкжөтел, паротит, дифтерия, делбе, гемофильді инфекция, қызылша, пневмокок, тағы басқалары.

Бүгінде облыстық денсаулық  сақтау басқармасын өңірде екпе алмаған балалар мен олардың белгілі себептермен балаларына екпе салдыртудан бас тартқан ата-аналарының санының көптігі мазалайды. Себебі облыс бойынша қазіргі кезде 7 жасқа дейінгі 2572 бала, соның ішінде 1686-сы, яғни 65,5 пайызы туғаннан бастап ешқандай екпе алмаған. Бұл алдағы уақытта балалардың әртүрлі инфекцияны тез қабылдап алуына әкеліп соғады. Сондай-ақ олар ауруларын мектеп, балабақша қабырғасында басқа балаларға да жұқтыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе бүгінгі күні біз үшін күрделі болып отыр, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, облыста ата-аналардың екпеден бас тартуы 2005 жылдан басталған. Атап айтсақ, бұл көрсеткіш 2005 жылы 11 баладан басталса, 2011 жылы екпеден бас тартқандардың саны 243 балаға жеткен. Ал бүгінгі күні облыста екпе алмаған 2572 бала тіркеуде тұр. Яғни 5-6 жыл ішінде екпе алмағандардың саны 10 есеге дейін өскен.

Ақтөбе қаласы бойынша екпе алмаған балалардың саны — 1506, ал аудандарда — 1066.

Аудандарға талдау жасасақ, бүгінгі күні аталған көрсеткіш бойынша 1-орында Темір ауданы (315 бала), 2-орында Мұғалжар ауданы (305 бала) тұр. Ал Алға ауданы екпе алмаған балалардың саны жөнінен — 3-орында. Облыс бойынша Ырғыз ауданында ғана екпеден бас тартқандар жоқ, — деді Ә.Қалиев.

Басқарма басшысы баяндағандай, баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналардың 77,5%-ы — еш жерде жұмыс жасамайтын азаматтар. Сондай-ақ 37%-ы кәсіпкерлер болса, 17,7%-ы мұнайшылар. Қалғандары — мектеп, балабақша қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, жұмысшылар, т.б.

Отырыста облыс әкімінің орынбасары басқарма басшысынан 6 айда жасалған түсіндіру жұмыстарының нәтижесі қандай екенін, сондай-ақ облыс орталығы мен аудандардағы емханаларда мамандар қалай жұмыс жүргізіп жатқандығын сұрады.

  • 6 айда жалпы облыс бойынша 186 балаға екпе егілді. Ата-аналармен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында біз осыған қол жеткіздік. Атап айтсақ, оның 116-сы Ақтөбе қаласы бойынша, ал қалғаны — аудандарда. Биылғы жылы облыс орталығында әрбір емханаға арнайы штат бөлініп, мамандар алынды. Олар екпе алудан бас тартқан балалардың ата-аналарымен жеке-жеке әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Соңғы көрсеткіштерден көргеніміздей, қай емханада білікті, арнайы маман бар, сол емхана жақсы нәтижеге қол жеткізген. Ал маманы жоқ емхана тиісті дәрежеде жұмыс жүргізбеген. Сондықтан алдағы уақытта біз бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға аламыз. Емханалар өзара тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс жасайтын болады, — деді Ә.Қалиев.

Жиында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ақтөбе облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Н.Беркімбаева, облыстық дін істері басқармасының басшысы Ж.Қалмағамбетов баяндама жасап, 6 айда екпе алудан бас тартушылардың санын азайту үшін бірқатар жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

Міне, биылғы жылдың жартыжылдық нәтижесін талдап отырмыз. Уақыт болса өтіп барады. Бұлай болмайды. Алдағы уақытта жауапты басқармалар мен мамандар бірлесіп, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін қарқынды жұмыс жасауы керек. Екпе алудан бас тартатын ата-аналарға екпенің қажеттілігі туралы түсіндіріңіздер! — деді Е.Нұрғалиев.

Отырыс соңында облыс әкімінің орынбасары басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, нақты міндеттер қойды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*