Басты бет » Жаңалықтар » Жағажайлардағы қауіпсіздік шаралары талапқа сай ма?

Жағажайлардағы қауіпсіздік шаралары талапқа сай ма?

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов бастаған мамандар Ақтөбе су қоймасындағы «Саяхат» жағажайында көшпелі отырыс өткізіп, онда өңірдегі су айдындарында тұрғындардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Көпшілік суға шомылатын жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сала мамандары ұдайы әртүрлі шараларды өткізіп, демалушыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, 1 маусымнан бастап департаментке қарасты жедел-құтқару жасағының 68 құтқарушысы кезекшіліктің күшейтілген түріне ауыстырылып, су қоймаларындағы азаматтардың қауіпсіздігін 3 станция және 3 мобильді бекет құтқарушылары қамтамасыз етуге көшті.

— Демалыс және мереке күндері судағы жаппай демалу орындарында алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінің арнаулы қызметтері де тартылады. Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметімен бірлесіп патрульдеу және рейд жұмыстары жүргізіледі. Айталық, жергілікті полиция қызметімен бірлесіп 210 осындай рейд ұйымдастырдық. Мұнымен бірге, Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық аудандарында «Судағы қауіпсіздік» және «Суда бірде-бір құрбан болмасын» сынды акциялар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Мақсат — судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу, оны болдырмау, — деді Бауыржан Сыздықов.

Шара барысында адамдардың өлімінің негізгі себептері ретінде белгіленбеген жерлерде суға түсу, балаларды су қоймаларының маңында ересектердің қарауынсыз қалдыру, қауіпсіздік ережелерін сақтамау, т.б. айтылды.

Белгілі болғандай, бүгінгі таңда облыс аумағында 31 жағажай бар. Оның 10-ы — Ақтөбе қаласына тиесілі. Ал «Шомылуға тыйым салынады» белгісі 202 жерде орнатылыпты.

Дей тұрғанмен, қаралы статистика әлі де азаймай тұр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, жыл басталғалы 15 адам су қоймаларында бақилық болған. Оның 10-ы — балалар.

Жалпы, жауапты қызметкерлер өз сөзінде ауа температурасының жоғарылауы және қатты ыстық кезінде, су қоймаларында мас күйінде шомылуға тыйым салынатыны туралы СМС-хабарламаларды ақтөбеліктерге дәйім жолдайтынын, қайғылы оқиғаларды алдын алу мақсатында аудио және бейнероликтер ЛЭД-экрандарда, көрсетілім алдында кинозалдарда көрсетілетінін, сондай-ақ, парақшалар таратылатынын атап өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*