Басты бет » Әдебиет » Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Поэзия

Қазақтың белгілі ақыны, көрнекті көсемсөзші, жерлесіміз  Мырзан Кенжебай биыл 70 жасқа толып отыр.

Әр жылдарда «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Қазақ мемлекеті», «Аманат» газеттерінде  тілші, республикалық «Қайнар» баспасында редактор, «Таң-Шолпан» журналында жауапты хатшы қызметтерін атқарған Мырзан  Сахиұлы қазір «Мәдениет» журналында бас  редактордың орынбасары болып қызмет етеді.

Қазақ өлеңінде өз қолтаңбасы бар ақынның қазақ әдебиеті мен мәдениеті, ұлттық болмысымыз туралы жазған мақалаларын оқырман іздеп жүріп оқиды. Оны ақтөбеліктер  Кердері Әбубәкір шығармаларының насихатшысы ретінде де біледі.

Алдағы аптада ақынның мерейтойы өзі мектеп бітірген Шалқар ауданында кеңінен аталып өтілмек.

Біз қазақ поэзиясына  әдемі өрнек салған ақынды мерейтойымен құттықтай отырып, бір топ өлеңін жариялап отырмыз.

 

«Никольский» скверіндегі көктем

Мына көктем қайтеді, мына көктем,

Қылаң еткен алдымнан сылаң еткен.

Меңдуана жегендей, мына баққа

Тағы келдім,

Бақ бар ма бұдан өткен?!

 

Жапырағында ойнатып Күн-арайын,

Әлі тұр ғой әппақ боп мына қайың.

Куәсі еді дәмі бал балғын шақтың,

Оны көріп қалайша жыламайын?!

 

Осы жерде қалқамды, осы  шақта,

Шығарып сап жүргенмін тосып ап та.

Менен басқа тірі жан сала алмайтын,

Бір Қорлан ән көмілді осы бақта.

 

Қол бұлғаған беймәлім арман елі,

Бұл бақ бізге бақ та еді, бағбан еді.

Есіме алсам ішімде ит ұлытқан,

Бір тәтті мұң осында қалған еді.

 

Біз екеуміз көктемге көрімдік боп,

Көк шалғынды көрпе қып көмілдік кеп…

Әне қара! Мұңаяды маған қарап,

Біз отырған баяғы орындық тек.

 

Мұңымды айтсам өткен шақ жайлы бұлай,

Күлсең, күл жұрт деп «Мұның қайғысын-ай».

Жалғыз бұлбұл бар еді мен тыңдайтын,

Ол да жоқ қой, қайда екен байғұсым-ай?

 

Көктем-дүние көңілі қош айналам,

(Жоқ бақытты жалғанда жасай ма адам?!)

Неге келдім бұл баққа,

Кілең қарға,

Өз үніне мәз болып масайраған?!

  11.03.2017

 

Өзіме ақыл айту

Тұла бойың қырық жамау, жүз кетік,

Қаңғы қиял ноқтасы жоқ құр аттай,

Өтті өмір,

Беймәлімнен із кесіп,

Сахарадан су табатын мұраптай.

 

Өмірді әлі сүйесің-ау, жарқыным,

Жүрегіңе тырнап жазған жазуын.

Дөңгеленіп батқан сайын әр күнің,

Әрбір таңың ақситады азуын.

 

Салдауыры суға кеткен кемеше,

Таппасаң да айдынның бір тұрағын.

Ит-өмірге құрып сонша емешең,

Неге ғашық болдың, Мырзан шырағым?

 

Мына жұртың азғынын да асыл деп,

Айырмаса ағы менен қарасын.

Жер бетінде не досың, не қасың жоқ,

Енді кіммен табам дейсің, жарасым?

 

Бар мінімнің табамын деу күнде емін,

Қате екен ғой, (кештеу болды-ау білгенім!).

Адамға ортақ ақымақтық болмысты,

Ойлаппын-ау, мінім ғой деп бір менің.

 

Кеш те болса өз құныңды біл енді,

Қан құстырған көп қатеңді түсін де.

Жүрмін деп біл қисабы жоқ кілең бір,

Шуылдаған байғұстардың ішінде.

 

Қош айтысты әлдеқашан балаң жыр,

(Саған бауыр басқан мұңға не дерсің?!)

Бүкіл пенде сіңіп кеткен сонау бір,

Көк түнекке сен де бір күн кетерсің.

 

Зәуреш

Шолсам дағы түгел жырақ-жақынды,

Жерден саған теңеу таппай татымды,

Өзім ғана білетін бір жұлдызға,

Енші тағып бергем сенің атыңды.

 

Көз ілгенше таң алдында тыныстап,

Түніменен тілсіз, үнсіз ұғысқан —

Ол да басқа әлемге бет бұрады,

Дәл сен құсап кейде ренжіп ұрысқан.

 

Бүгін тағы қиялыммен бір жүзген,

Бір түнімді жалғастырып күндізбен.

«Мені енді өткен шақпен жырла» — деп,

Араласып кетті ол сансыз жұлдызбен.

 

Түнгі аспанға оймен салып көпірді,

Жұлдыз жайлы қиял кешіп не түрлі.

Жердегі бар шаруамды бітіріп,

Соған қолым жетпей қалған секілді.

 

Келбеттім де, көріктім де кескіндім,

Сен екенін, әттең, дүние-ай, кеш білдім.

Ессізіме ес кірсін деп тілесем,

Бір Құдайдан басқа мұны естір кім?!

 

Болашағы әр күнімен бірге өлген,

Мені қойшы, мен бәріне үйренгем.

Сені ойлаймын, сені аяймын аңқауым,

Ізін  аңдып, атқан талай сұм мерген.

 

Сенсіз мына қаңыраған бос кеуде,

Бір күні әлі-ақ «Қош бол, дүние, қош!» — дер де.

Мен боп саған сыңсып құстар сыр айтар,

Күзгі кеште Құс Жолымен көшкенде.

 

Сонда нәзік жаныңа бір мұң ұйып,

Күзгі желден тітіркеніп, бұйығып.

Мені есіңе ап, көкке қарап тұрарсың

Жанарыңа ыстық жасты үйіріп.

 

Жетеу

Жеті қырдың астынан,

Жеті жынын шақырып.

Қыс та өтті мас құдам,

Ақ қар, көк мұз қақырып.

 

Жеті обал жасап ап,

Жуасқа да асауға.

Жүз күнәсін тасалап,

Жеті сауап жасауға.

 

Жаз боп еді балмағыз,

Жазирама құт толып.

Жұтты осы жалмауыз,

Жеті түрлі жұт болып.

 

Түн еңсеріп күндізді,

Албастыдай ызғарлы.

Желкеме әкеп мінгізді,

Жеті түрлі мұң-зарды.

 

Келіспеген ұсқыны,

«Киік матау» — кімге сын?

Күз-көңілді қыс қылып,

«Тоқсан» келіп кіргесін.

 

«Күн тоқырау», «Қараша»,

Қайтып,

«Үркер батқаны».

Жетінші амал санасаң,

Далаға «мұз қатқаны».

 

Білсем жеті атамды –

Тарихым да — бір азап.

Түзетер ме қатемді,

Жетінші ұрпақ — туажат.

 

Жеті ғашық қайғысы,

Жеті жұртта жырланды.

Батиха еді деп Ләйлісі,

Кім еске алар Мырзанды?!

 

Тіршіліктің түрі көп,

(Кім қайсыған бас иеді?!).

«Жеті қазынаның» бірі боп,

Үру де бір «қасиет».

 

«Үміт күтер бітті шақ», —

Десе тағдыр нетесің?

Жетінші қазына ит құсап,

Ұлуменен өтесің.

 

Жеті мүшел жасқа да,

Шіркін өмір, жетсең-ау.

Жеті қат көк жаққа ана,

Сосын ұшып кетсең-ау.

 

Ақындарға ақыл

Сапқа тұрсаң ақын деген санатқа,

Бар арманың, бар үмітің сол-ақ па?

Абайла, сен!

Басқада жоқ ауру бар,

Қолыңдағы қалам мен ақ парақта!

 

Ойлай көрме, саламатпыз, саумыз деп,

Ойнамай көрме, дауасы жоқ дауды іздеп.

Баламыз — біз, аңқау, аңғал сәбиміз,

Бәрімен дос, жауыздықпен жаумыз тек.

 

Табиғаттың тез қурайтын гүліндей,

Тасқайрақтай морт сынатын үгілмей.

Қалбалақтап қайыршының алдында,

Хан алдында тік тұрамыз бүгілмей.

 

Жоқшылықтың дауысы жоқ дауынан

Шаршаса да, ойлайтыны сауық, ән —

Аурумыз біз, ақ параққа біз жазған,

Ақылдың да ауруы көп сауынан.

 

Бұл сөзімді дей алады бекер кім,

Ой орман боп өтер талай, өтер түн.

Хұжыраңды көк түтін қып отырып,

Жөтелсең де есіттірмей жөтелгін.

 

— Әй, қияли, әй, кеңкелес, миғұла!

Ояттың ғой, бала жатыр ұйқыда,

десе қатын, — жөтелді тый, сол сәтте,

Сосын көз сал айнадағы сиқыңа!

 

Өйткені біз, жеп-жеңілміз, желеңбіз,

Өмір менен Өлім жайлы өлеңбіз.

Бірақ, бірақ… өлер болсақ, тек қана

Сұлулыққа ғашық болып өлерміз.

 

Құландым — Темірқазығым

Көзімді алғаш ашқанда,

Көргенім болған Құланды.

Іңгәлап жылап жатқанда,

Жөргегім болған Құланды.

 

Шырқатса жас шақ — ғазал бақ,

Сыр-сарын толған бір әнді.

Жыр арнап өзім, саз арнап,

Іңкәрім болған Құланды.

 

Басқа бір бала жатпаған,

Бесігім болған Құланды.

Әлемге алғаш аттаған,

Есігім болған Құланды.

 

Жалғаны бетін жасқаған,

Жаралы ұлыңмын, Құланды.

Басын имейтін Басқаға,

«Қарағымыңмын», Құланды.

 

Қиялмен көкті құшсам да,

Бас ұрам саған, Құланды.

Кеудемді қайғы қысқанда,

Асығам саған, Құланды.

 

Сен жайлы жыр мен әнімді,

Құлағына құйып пысықтап.

Ұйықтатам  балапанымды,

Топырағыңмен сенің ұшықтап.

 

Ұрпағыңа медет керек қой,

Арманға артса иегін.

Киеңмен өзің демеп қой,

Құланды деген киелім!

 

Көрінбей кетсем келмей тым,

Тағдырда жатыр жазығым.

Сен жанып тұра бергейсің,

Жердегі «Темірқазығым!».

 

Махаббатты «Мың бiр түнше» жырлау

(1)

Ей, сұлуым,

Біз ғарып айтсақ жанның азапты әнін,

Перизат, сонша неге  мазақтадың.

Кетті ғой бұл дүния қусырылып,

Білгізбей күн батқанын, таң атқанын!

 

Жүргенде сабыр таппай самғап әні,

Фақырдың сіз едіңіз таңдағаны.

Сіздегі пейіш көңіл тұрған болса,

Беймағлұм қандай сұмның алдағаны.

 

Пәкизат жанды мүжіп бойда қайғым,

Күбірлеп елесіңізді аймалаймын.

Басра, Бағдадты мың айналсам да,

Һүрзада, сіздей бар деп ойламаймын.

 

Сезімін жатпаған соң ақылға сап,

Махаббат құсалығы ақынға азап.

Бағышлап сізге бәйіт Құптаннан соң,

Жатамын қайта-қайта атыңды атап.

Бір бәйіт жаза алмаймын жыламай тек,

Біз фақыр кетсек бұған шыдамай көп.

«Кінәлі бұл ажалға кім-дүр?» —  десе,

Үндеме, ойлама тек «Бұ қалай?» — деп.

(2)

Түнгі аспаннан Ай қараса,

Жайса оған Жер құшақ.

Мың сандуғаш сайраса да,

Жыр төге алмас мен құсап.

 

Ақырып кеп жүз арыстан,

Тітіресе көк мейлі.

Кеудемде күн, түн алысқан

Бір шырылға жетпейді.

 

«Кел, диуана!» — дегендей бір,

Ерніңізден бір лебіз…

Айбан1 жаққа елеңдеймін,

О, перизат! Күлмеңіз!

 

Айбан1 — қазір оны латыншалап терраса деп жүр.

(3)

Сүйсе сендей хас сұлуды қылықты,

Біз фақырды қашан және кім ұқты.

Бұ дүнияда ұққан жалғыз өзің боп,

Ей, диуана! Үзбе, — деші, —  үмітті!

 

Арамызда махаббат жоқ!

Жоқ және еш келісім,

Сөнген едім жандым, сүйдім сені шын.

Білетінім қиын бірақ сені анаң,

Дүнияға әкелмеген мен үшін.

 

О, Пәкизат!

Мазақ қылып, күл мейлі,

Басқа түспей бұл жәйді ешкім білмейді.

Сен — ақбұлақ,

Ернеуіңде мен тұрсам,

Таңдайыма тамшы су да тимейді.

 

О,Перизат!

Сездім сенде ақыл көп,

«Мені сүй!» — деп қақсауға да хақым жоқ!

Мен өлсем де ойлап жүрші: «сол Мырзан

маған арнап өлең жазып жатыр» — деп.

 

Ауыл. Қыс. Таң алды

Ақырын жылжып Ай батып,

Аспанда әлсіз іріп нұр.

Қаңтарға қылыш қайратып,

Таңғы аяз бетті тіліп тұр.

 

Құмайдай көзін жаңа ашқан,

Таратып таңнан әр хабар.

Ақ қырау төгіп ағаштан,

Асығыс ұшты қарғалар.

 

Таңда оян, мейлің түнде оян,

Әр сәтің тұрса сынақта.

Қорадан шығып бір қоян,

Жұлдыздай ақты жыраққа.

 

Шілтерін ашты шығыстың,

Көк бояу көлкіп қарға аппақ.

От жаққан үйден тік ұшты,

Көк түтін көкке будақтап.

 

Айырылып едік байқамай,

Отыз жыл қазір өтті ағып.

Отыр-ау қазір қалқам-ай,

Өзге бір үйде от жағып.

 

Есіне түсіп әлдене,

Кешірім, бәлкім, сұрады:

Қара шал әппақ сәждеге

Сақалын тірей құлады.

 

Жалына таңның жармасып,

Күнә мен Сауап — ескі дау.

Дәурен-ай, күн-түн алмасып,

Біздің де бастан өттің-ау.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*