Басты бет » Жастар » «Жасыл ел» жасағында 600 жасқа жұмыс тауып берді

«Жасыл ел» жасағында 600 жасқа жұмыс тауып берді

Биылғы жазғы еңбек маусымы мамыр айында басталды. Қазір Ақтөбе қаласы бойынша «Жасыл ел» жасағында 600 жас еңбек етіп жатыр. Олар қаланы тазарту, абаттандыру, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған.

«Мағаджан» тәлімбағында 17 түрлі ағаш өседі

«Жасыл ел» жасағының аға комиссары Артур Әзиевтің айтуынша, бүгінгі күні «Жасыл ел» жасағындағы 322 жас көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылған.  Ал қалғандары құрылыс жасағында еңбек етіп жүр.

Биылғы жылы Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 100 студенті «Жасыл елде» жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, арнаулы білім беретін колледждердің студенттері де бар. Биылдан бастап облыс әкімдігі мен Ақтөбе қаласының әкімдігінің қолдауымен 30 шақты басқарушы компания 100 студентті өз аумақтарына жұмысқа алып жатыр. Олар да «Жасыл ел» жасағы сияқты көшелерді көркейту, абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылады, тұрғын үйлердің кіреберісін әктеп, тазартады, гүл егіп, суарады,  — дейді А.Әзиев.

«Жасыл ел» жасағының аға комиссары бізді «Мағаджан» тәлімбағына апарды. Ол жерде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 50 шақты студенті жұмыс жасап жатыр. Дені — қыз балалар.

— Жыл сайын Ақтөбе орман шаруашылығына қарасты осы «Мағаджан» тәлімбағына  Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенттері келіп, еңбек етеді. Бұл жерде үшінші жыл қатарынан жұмыс жасап жатқандар да бар. Мәселен, осы студенттердің ішінде экология мамандығында оқып жатқандар бар. Олар осы тәлімбақта жұмыс жасай отырып, тәжірибе жинақтайды. Әр түрлі жеміс ағаштары мен өсімдіктерді зерттеп, оларды егу, тұқым шашу сияқты жұмыстарға араласады. Оқуға қажетті өсімдіктерді суретке түсіреді. Қорыта айтқанда бұл жерде жұмыс жасау жастарға пайдалы. Ауасы таза, жан-жағы шалғын шөп. Сондай-ақ бұл жерде жастар тәлімбақ шеберінен өздеріне қажетті мағлұмат алады, — дейді А.Әзиев.

«Мағаджан» тәлімбағының жалпы аумағы — 32 гектар. Биыл оның 10 гектарына қарағаш, үйеңкі, шаған, қарағай, терек, қайың, қарлыған, бөртегүл, бозқараған, жылауық тал, сондай-ақ алмұрт, алма, таңқурай жеміс ағаштары егілген. Алдағы уақытта 5,6 гектарына тағы да әр түрлі ағаш егілмек. Оларды тамшылатып суару әдісі арқылы суарады.

«Мағаджан» тәлімбағының шебері Амантай Сатыбалдиннің айтуынша, 2007 жылдан бастап тәлімбақ Ақтөбе орман шаруашылығына қарайды. Тәлімбақта қазір 17 түрлі ағаш өседі.

  • «Жасыл елдің» жастарының арқасында биыл да жақсы жетістікке жетіп отырмыз. Студенттер белсенді. Бұл жерде олар еңбекке үйреніп, ағаштардың қалай өсетінін көріп, үйренеді. Өздеріне тәжірибе жинайды. Осы тәлімбақтың шебері ретінде мен де жастарға бар білгенімді айтып, үйретіп жатырмын. «Жасыл ел» жасағымен бірге биыл шілденің басында қарағаш, терек ектік. Қазір олардың биіктігі 25-30 метрге жетеді. Биылғы жылы осы тәлімбақтан әр түрлі ұйымдар мен мекемелер 685 мың дана қарағаш көшетін алды. Атап айтсақ, қобдалықтар 120 мың, Қарабұтақ ауылы 10 мың, «Елім-ай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 130 мың қарағаш сатып алды, — дейді А.Сатыбалдин.

Артур Әзиевтің айтуынша, «Жасыл ел» жасағындағы жастардың бір тобы Қарабұтақ орман шаруашылығында, екінші тобы 41 разъезд аумағында жұмыс жасап жатыр. Жастар бұл аумақтарды күл-қоқыстан тазартады, арамшөп жұлады, қалаға әкеліп егу үшін тал-теректерді дайындайды.

«Жасыл ел»: қамқорлық және марапат

Артур Әзиевтің айтуынша, былтырғыдан қарағанда биыл жұмыс көлемі аз. Сондықтан «Жасыл ел» жасағында жұмыс жасап жатырған жастардың бір бөлігі жеке аумақтарға, яғни басқару компанияларында бөлінген. Олар көп қабатты үйлердің аумағын тазартып, абаттандырады.

  • Жұмыс жасағысы келетін жастардың саны көп. Биыл «Жасыл ел» жасағында еңбек еткендерге берілетін еңбекақының мөлшері өсті. Қазір студенттер ай сайын 58-60 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Онымен қоса ай сайын жұмыс формаларын, апта сайын жұмыс қолғаптарын алады. Аптасына бес күн жұмыс жасап, екі күн (сенбі, жексенбі) демалады. Жұмыс кестесі — таңертең 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін, — дейді «Жасыл ел» жасағының аға комиссары.

Оның айтуынша, шілде айында Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен «Жасыл ел» жасағына аз қамтылған отбасылардан шыққан 140 жас қабылданған. Олардың 120-сы мектеп оқушылары болса, 20-сы — колледж оқушылары.

Биыл Астана күнінде студенттік құрылыс жасақтарының 50 жауынгері Қурайлы елді мекеніне барып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіпті. Олар өзара асар ұйымдастырып, үй салып жатқан 10 отбасыға қол ұшын берген. Сонымен қатар «Жасыл ел» жасағының 10 жауынгері қоғамдық көліктерде акция өткізіп, тұрғындарға елорда туралы ән айтқызып, ойындар ойнатыпты.

— «Жасыл ел» жасағының жастары бос уақытында қайырымдылық акцияларын көп өткізеді. Мәселен, осы шілде айында 25 жас қаладағы 5 қарияның үйіне барып, олардың аулаларын, бау-бақшаларын тазартып, көмектесті, — дейді А.Әзиев.

Оның айтуынша, жуырда «Жасыл ел» жасағының жауынгерлері үшін футбол мен валейболдан жарыс ұйымдастырылмақ. Ал жазғы еңбек маусымы тамыз айының аяғында аяқталады. Еңбек маусымының жабылуы қарашада өтеді және үздік жауынгерлерге облыс әкімінің арнайы сертификаттары, сыйлықтары табысталады.

Биыл ай сайын «Жасыл ел» жасағында белсенді жұмыс жасаған студенттерді өз арамызда «Ең үздік жауынгер», «Ең үздік командир», «Ең үздік жасақ», тағы басқа номинациялармен марапаттап жатырмыз. Бұл жастарды еңбекке құлшындырады, олардың белсенділігін арттырады. Ал күзде жылдың қорытындысы кезінде ең үздік 100 жауынгер марапатталатын болады, — дейді «Жасыл ел» жасағының аға комиссары.

Жауынгерлер не дейді?

Дина ЖИЕНҒҰЛОВА, топ бригадирі:

— Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу мақсатында қолға алынған бұл бағдарлама жыл санап өз жемісін беріп келеді. Биыл мен «Жасыл ел» жасағында мамыр айынан бастап жұмыс жасап жатырмын. Менің тобымда 38 студент бар. Олардың 25-і — қыз, 13-і — ұл. Қазір қыз балалар «Мағаджан» тәлімбағында, ал ер балалар 41 разъезд аумағында еңбек етіп жатыр. Әр ай сайын белгілі бір аумақ беріледі, сол жерді өз уақытында аяқтауымыз керек. Жалпы жұмыс қиын емес. Өзіміздің еңбегімізді адал тауып, ата-анамызға көмектесіп жатырмыз. Ай сайын уақытымен еңбекақымызды алып тұрамыз. Түскі үзілісте қыздар болып табиғат аясында түскі асымызды ішеміз. «Жасыл ел» жасағында еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын. Бұл жерде бәрі көңілді, қызықты.

Гүлсезім Серікбаева, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті:

  • Мен Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында тұрамын. 2-курста оқимын. «Жасыл ел» жасағында жұмыс жасағаныма екі жыл болды. Биыл мамыр айынан бастап еңбек етіп жатырмын. Үйде 4 баламыз, үйдің үлкенімін. Жазғы демалыста еңбек етіп, табыс табуды жөн көремін. Ата-анам менің адал еңбек еткеніме риза.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*