Басты бет » Жастар » Көрмеде қызмет етіп жүр

Көрмеде қызмет етіп жүр

ЭКСПО-2017

Бүгінде Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Ақтөбеден барған 100 жас еріктілер командасында жұмыс жасап жатыр. Олардың дені — студенттер, сондай-ақ белсенді жастар да бар.

«ЭКСПО-2017» көрмесіне еріктілерді саралау үш кезеңнен тұрады: анкета толтыру, сұхбаттасу және құжаттардың жылдам әрі шынайы түрде тапсырылуы.

Еріктілерді іріктеу кезінде алдымен биылғы жылы XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға ерікті болып қатысқан жастар алыныпты. Қалғандары үш кезең бойынша сынақ тапсырған. Қазір осы сынақтан өтіп, жүзден жүйрік шыққандары көрмеде Астана тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетіп жүр. Еріктілердің барлығы кем дегенде үш тіл біледі және еркін сөйлей алады.

Қазір Астанада ерікті болып жүрген ақтөбелік студенттердің бірі — Сұлтан Жантөриев. Ол — С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті техникалық факультетінің 3-курс студенті.

  • 1 шілдеден бастап «ЭСКПО-2017» көрмесінде мәдени іс-шаралар бағыты бойынша жұмыс істеп жатырмын. Менің қызметім — Конгресс орталықта өтетін іс-шараларға, форумдарға келген қонақтарға жол көрсету, делегацияларға бағыт сілтеу. Біз таңертеңгі 8-ден 15.00-ге дейін, кей күндері 15.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Қоғамдық көлікте тегін жүреміз және көрменің мәдени шараларын тегін тамашалаймыз. Қазір Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жатақханасында тұрып жатырмын, — дейді Сұлтан.

Оның айтуынша, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында еріктілер бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Ал еріктіге қойылатын басты міндет — шет тілін жетік меңгеріп, сапалы қызмет көрсету.

  • «ЭКСПО-2017» көрмесінің қызығы көп. Біз мұнда әр елден келген өзге ұлт өкілдерімен танысып, оларға қызмет көрсетеміз. Бұл — тәжірибе жинақтауға таптырмас мүмкіндік. Көрмеде ең алдымен еліміздің «Нұр Әлем» атты ұлттық павильоны ерекше көзге түседі. 8 қабаттан тұратын павильон — келушілердің бірінші баратын орны. Сондай-ақ Ресей, Германия, Америка Құрама Штаттарының павильондары да ерекше. Менің бұл көрмеге келу себебім — елім үшін маңызы зор шараға өз үлесімді қосу, аянбай еңбектену. Бұл көрме мен сияқты еріктілердің барлығының жадында мәңгі қалады. Мен үшін еліме қызмет ету — үлкен абырой, — дейді Сұлтан Жантөриев.

«ЭКСПО-2017» көрмесінде ерікті ретінде жұмыс жасап жүрген жастардың бірі —Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті шет тілдер факультетінің 2-курс студенті Ақтілек Есенжолова. Ол көрмеге шілде айында барыпты. Қазір ол мәдени іс-шаралар бағыты бойынша жұмыс жасап жүр.

ЭКСПО көрмесін алғаш көргенде ерекше таңғалдым. Мұнда бәрі әдемі, үйлесімді, көруге көз жетпейді. Шетелдерден келген қонақтардың да таңданысы ерекше. Біз, еріктілер, қонақтарға қызмет етуден басқа бос уақытымызда көрмені тегін аралаймыз. Менің ЭКСПО-ға қатысудағы басты мақсатым — шетелдіктердің санасына қазақ елі туралы жақсы естеліктер қалдыру, сондай-ақ еліме қызмет ету, — дейді ол.

Ақтілектің айтуынша, 13 шілдеде Астанада «ЭСКПО-2017» көрмесі аясында еріктілерге арналған үлкен іс-шара өткен. Онда еріктілер Ақтөбені таныстырып, үлкен сахнада өздерінің өнерлерін көрсетіпті.

Аталған шарада Ақтілек Қазақстанның танымал цирк әртісі Мұрат Мұтырғановпен бірге жүргізуші болыпты.

Еріктілерге арналған кешке еліміздің әр өңірінен келген 1500-ден астам ерікті қатысты. Олар өздерін таныстырып, өнерлерін ортаға салды. Шараға сондай-ақ белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан да келді, — дейді А.Есенжолова.

Ақтілек қазақ, орыс, ағылшын, қытай, неміс тілдерінде еркін сөйлейді. Сондықтан ол үшін шетелдік қонақтармен тілдесу қиын емес.

Айта кету керек, Ақтөбеден барған еріктілер «ЭКСПО-2017» көрмесінде 4 тамызға дейін жұмыс жасайды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*