Басты бет » Басты жаңалықтар » Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр

«Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көктемгі су тасқынан зардап шеккен отбасылар үшін салынып жатқан үйлердің құрылысын барып көрді, сондай-ақ қандай мәселелерге шұғыл араласу керектігін де анықтады», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге 70 учаске бөлінген қала маңындағы Сазды және Қурайлы ауылдарында болды. Асықпай аралап, мән-жайға қаныққан ол  құрылыс алаңдарын   тұрғын үй-коммуналдық қызметімен қамтамасыз ету туралы бірқатар тапсырмалар  берді.

— Барлық учаскеге газ, су, жарық тартылған. Ендігі басты мақсат —  үйлерді қазан айының ортасынан асырмай салып бітіру керек. Қазақ қай кезде де  бір-біріне көмектесіп, асар жасаған. Оған ағайын-туыс, дос-жаран, бәрі бірдей атсалысатын. Әр отбасының материалдық жағдайын ескере отырып, қажет болса, қосымша көмек беру жағын да қарастырамыз, — деді облыс әкімі.

Ақтөбеде  тасқыннан зардап шеккен 89 отбасыға жер учаскесі берілді. Учаскеге қоса олар 1 миллион теңгенің сертификатын алды. «Қолғанат-Ақтөбеден» бөлінген бұл қаржыға әр тұрғын  5 те 8 метрлік үйдің құрылысы үшін материал алып, оны көлікпен тасып алуы тиіс. Айта кету керек, жер алғандардың ішінде бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, мүгедектер мен көпбалалылары бар 8 отбасыға шағын отбасыларға арналған жатақханалардан  үйін салып алғанша тұра тұратын   пәтер берілді. Бұдан басқа 20 отбасыға пәтер кілті табысталды: 12  отбасыға  облыс аудандары, 4 отбасыға демеушілер мен жұмыс берушілер  үй алып берді, 4 отбасы  кейін сатып алуға болатын арендалық үйге ие болды.  Тағы екі адамға — Ұлы Отан соғысы мүгедегіне теңестірілген жеңілдігі бар кісіге  және бюджет саласының қызметкеріне шағын отбасыға арналған жатақханадан қайтарымсыз пәтер берілді.

Бұған қоса жергілікті билік үйі жөндеуді қажет ететіндерге де барынша көмектесіп жатыр. Кейбір зардап шегушілердің құрылысқа құқық беретін құжаттарының  жоқтығын ескере отырып, «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қоры арқылы материалдық көмек беру туралы шешім қабылданды. Дәлірек айтқанда, 585 отбасыға жалпы сомасы 61,6 миллион теңгеге  материалдық көмек көрсетілді. Екі отбасыға үйлерін қалпына келтіру үшін қалалық мәслихаттың депутаттары және 11 отбасыға «Кәсіби әскерилендірілген апаттан құтқару қызметі» РМК ұжымы көмектесті. 61 отбасының  жер уческелері жеке тұрғын үй құрылысы етіп  қайта рәсімделді.

Көктемгі су тасқынынан қала маңындағы үш ауыл мен саяжай ұжымдары аумағында  орналасқан 907 баспана зардап шеккен болатын. Жіті зерттеуден кейін комиссия әу баста құрылыс нормаларына сәйкес келмейтіндігіне қарамастан және су қаупі зор аймақта салынған 110 баспананы қалпына келтіруге болмайтынына көз жеткізді. Тағы 797  саяжай және тұрғын үйге жөндеу керек.

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қоры құрылып, оның есепшотына 168 миллион теңге келіп түсті.

Зардап шеккен бірде-бір отбасы көмексіз қалмайтынына уәде берген облыс әкімі бұл мәселені ұдайы бақылауда ұстап отыр.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*