Басты бет » Басты жаңалықтар » Балаларды жыл бойы қабылдайтын лагерь ашу жоспарланып отыр

Балаларды жыл бойы қабылдайтын лагерь ашу жоспарланып отыр

14 шілдеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жазғы балалар лагерінің жұмысымен танысты.

Өңір басшысы облыстың барлық аудандарының оқушылары келіп, демалып жатқан №60 орта мектеп жанындағы «Айналайын» лагері, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның «Мұнайшы» демалыс орны, «Əсем» демалыс орталығы, сондай-ақ, «Ақбөбек Шығыс» жəне «Достық» балалар лагерьлерінде болды.

Ағымдағы жылы облыстың 112 мың оқушысы жазғы лагерьлерде демалады, бұл өңірдегі білім алушылардың жалпы санының — 92 пайызы. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 152 миллион теңге қарастырылған.

«Мұнайшы» лагерінде болған Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында «Артек» халықаралық лагері үлгісіндегі жыл бойғы балалар лагерінің жұмыс жасайтындығын атап өтті.

«Сондай жыл бойғы балалар лагерін Ақтөбеде де ашу керек», — деді облыс басшысы. Б.Сапарбаев қала әкімдігі мен білім басқармасына аталған мәселені жеке бизнестің қолдауымен пысықтауды тапсырды.

Сондай-ақ, әкім балалар лагерінің тек жазғы маусымда ғана емес,  басқа да демалыс мезгілінде жұмыс жасау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Қазіргі таңда облыста балалардың толыққанды шығармашылық жəне жеке дамуы, сауығуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған 11 қала сыртындағы, 384 мектеп жанындағы жəне 37 шатырлы лагерь жұмыс жасайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жазғы кезеңде  оқыту мекемелері, лагерьлер мен аула клубтары жанынан жазғы тіл мектептерін ұйымдастыру жолымен үш тілде білім беру жұмыстары жалғасуда. Облыста барлығы 119 тіл алаңы жұмыс жасайды.

Бұған қоса, балалардың денсаулығын Алматы қаласындағы «Бөбек», Щучинск жəне Қапшағай қалаларындағы «Балдəурен» сынды республикалық орталықтарда, сонымен қатар РФ Орынбор облысындағы «Күншуақ елі» балалар орталығында сауықтыру жұмыстары да жүргізілуде. Осы жылы барлығы 426 кішкентай ақтөбелік республикалық лагерьлерде демалмақ.

Бұдан өзге, Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне баратын 16 мың баланың 3 мыңы — əлеуметтік жағынан əлжуаз жəне аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар.

Сондай-ақ, «Әйгерім» жекеменшік емханасының жұмысымен танысқан Бердібек Сапарбаев емделушілермен әңгімелесіп, магниттік-резонанстық томография мен компьютерлік томографияға түсіретін заманауи медициналық құрал-жабдықты қарап шықты. Медициналық мекеме ай сайын 7 мың емделушіні қабылдайды, бір жылда мұнда 600-ге тарта күрделі ота жасалады.

 Облыс əкімінің баспасөз қызметі.

 

      
 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*