Басты бет » Жаңалықтар » Биыл 31 мың адам жұмыспен қамтылады

Биыл 31 мың адам жұмыспен қамтылады

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен өткен жиналыста халықты жұмыспен қамтуға арналған кешенді жоспар, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын жүзеге асыру сұрақтары талқыланды.

— Биылғы жылдың соңына дейін халықты жұмыспен қамтуға арналған кешенді жоспар аясында 31 мың адамды еңбекпен қамту жоспарланып отыр. Бүгінде осыған орай жұмыс орындарын құру, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар арқылы қайта оқыту қарастырылған. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жоспар 50,2%-ға орындалды. Алайда облыстың кейбір аудандарында бұл көрсеткіш жалпы облыстық деңгейден әлдеқайда төмен. Атап айтсақ, Байғанин, Мәртөк, Ойыл және Шалқар аудандары берілген тапсырманы орындаған жоқ, —деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.

Облыс әкімінің орынбасары жоспар көрсеткішіне қол жеткізе алмаған аудандарға жетекшілік ететін әкімдердің орынбасарларына аталған мәселені қарап, шешуді тапсырды.

— Кешенді жоспар өңір халқының әл-ауқатын жақсарту үшін өте маңызды. Оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету — облыс әкімінің тікелей тапсырмасы. Аудандар 1 тамызға дейін барлық кемшіліктерді дұрыстауы қажет. Осыдан кейін тапсырманы орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданатын болады,  — деді Ербол Нұрғалиев.

Сондай-ақ ол жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жеделдетілген қайта даярлау курсынан өткен азаматтардың жұмысқа орналасуын қадағалауды күшейтуді тапсырды.

Бүгінде қысқа мерзімді оқыту курсына 840 адам жіберілген, оқуын аяқтағандардың 88 %-ы жұмысқа орналастырылыпты.

Айта кету керек, биыл жаңа бағдарламамен сұранысқа ие мамандықтар мен іскерлік негіздеріне жаппай оқыту жолымен, сонымен қатар кәсіпкерлікпен белсенді айналысу үшін жағдай жасау арқылы барлығы 5 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда. Олар: өзін- өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар мен мамандығы жоқ азаматтар. Оның ішінде мыңнан аса ақтөбелік өңірде сұранысқа ие кәсіптер тізіміне енгізілген мамандықтар бойынша арнаулы орта білім ала алады. Мобильді оқу орталықтарын ашудың арқасында шалғай аудандардағы тұрғындардың да кәсіби білім алуға мүмкіндігі бар.

Облыс әкімінің орынбасары бағдарламаға қатысушылардың жоғары кәсіби білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие болуына мүмкіндік беретін сапалы білім алуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазір бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауыл мен қалада шағын несиелеуді кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар жыл соңына дейін өзінің кәсібін ашқысы келетін өңір тұрғындарына 3 млрд теңгеге жуық шағын несие беру жоспарлануда. Шағын несие алуға ниеті бар бағдарлама қатысушылары міндетті түрде кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Бүгінде облыста 6 ауданында «Бастау-Бизнес» оқыту курсы ұйымдастырылған.

Жиын соңында Ербол Нұрғалиев бюджет қаражатының мақсатты түрде жұмсалуын үнемі қадағалау қажеттігін айта келіп, бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуы үшін барлық қажетті шараларды қолдануды тапсырды.

«Ақтөбе ақпарат».

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*