Басты бет » Жаңалықтар » Мерекедегі марапат

Мерекедегі марапат

Өткен аптада Металлургтер күніне орай «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының Металлургтер мәдениет үйінде еңбек озаттары мен ардагерлер марапатталды.

Аталған шараға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов пен зауыт басшысы Мұрат Мұқашев қатысты.

Мерекелік шарада зауыт директоры атқарылған жұмыстар мен алдағы міндет-жоспарлар жайында айта келе, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, бір топ еңбек озатын арнайы марапаттады.

Атап айтсақ, Еуразиялық топтың «Еңбектегі ерлігі үшін» құрмет белгісімен зауыттың №2 балқыту цехының бригадирі Төлеубай Маханов марапатталса, компанияның ең жоғары марапаты — «Қазхром» ТҰК» АҚ еңбегі сіңген жұмыскері» алтын төсбелгісі зауыттың екі еңбек озатына, сондай-ақ «Қазхром» ТҰК» АҚ құрметті жұмыскері» күміс төсбелгісі зауыттың екі қызметкеріне табыс етілді. Сонымен қатар бір топ еңбек озатына ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды.

Мерекелік шарада шаһар басшысы Ілияс Испанов зауыт қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бір топ еңбек озатына Алғыс хаттар табыс етті.

Сонымен қатар шарада цехаралық өндіріс бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген зауыттың дайын өнімдер цехы, механикалық жөндеу цехы, қожды қайта өңдеу цехы және техникалық қадағалау цехы марапатталды.

Айта кету керек, аталған шарада барлығы 125 адам марапатқа ие болды.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты. Металлургтер мәдениет үйінің алаңында арнайы шақыртумен келген белгілі әнші Мөлдір Әуелбекова ән шырқап, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сонымен қатар мереке аясында зауыт басшысы Мұрат Мұқашевтың атынан бір еңбек озаты мен зауытта ұзақ жыл жұмыс жасаған ардагерге мерекелік сыйлықтар табысталды. Және зауытта 16 еңбек озатына арналған құрмет тақтасы ілінді.

Д.ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*