Басты бет » Басты жаңалықтар » Астықты аудан

Астықты аудан

Ақтөбеде Әйтеке би ауданының күндері өтті.

 Жәрмеңкедегі береке

Сенбі күні «Табыс» коммуналдық базарының сөрелері Әйтеке би ауданынан жеткізілген азық-түлік өнімдерімен толықты. Бұл жәрмеңкенің басты ерекшелігі — өнімдер бағасының арзандығында болды. Мәселен, сиыр еті — 1150, жылқы еті — 1500, қой еті 1000 теңгеден сатылды. Бұдан өзге қала тұрғындарына сүт өнімдерінен сүзбе, құрт, қаймақ, май, қымыз ұсынылды.

Жәрмеңкеде болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты аудан әкімі Мәлімбет Ибрашев өзі басқаратын өңірдегі ауыл шаруашылығы жұмыстары жайынан хабардар етті.

«Құмқұдық» ЖШС директоры Александр Чемоданов бұл жәрмеңкеге әртүрлі азық-түлік өнімдерімен бірге қымызды молырақ әкелгендерін айтты.

— Қазіргі уақытта қала тұрғындары арасында қымызға сұраныс көбейе түскені байқалып жүр. Екіншіден, біздің өңірдің қымызының дәмі өзгешелеу. Бағасы да қонымды, литрін 600 теңгеден сатып жатырмыз. Таңертеңнен бері бұл өнімді көптеп алып жатыр, — дейді ол.

Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан шаруашылықта биылғы егіс салу науқаны ойдағыдай өткізіліпті.

Ақкөл ауылынан келген шаруа қожалығы жетекшісі Қанымгүл Сағынғалиева өзінің үш жылдан бері мал шаруашылығымен шұғылданып жүргенін айтты. Былтыр жеңілдікпен 800 мың теңге несие алып, екі жылқы, бірсыпыра ұсақ мал сатып алыпты. Қазіргі уақытта мал қорасын тұрғызып жатыр екен. Шаруасын кеңейту үшін алдағы уақытта да мемлекеттік қолдау бағдарламасы бойынша несие алу ниеті бар екенін де жасырмады.

Қанымгүл бұл жәрмеңкеге бір семіз жылқысын сойып әкеліпті.

Кәсіпкер Галина Волынецтің кондитерлік өнімдері де көпшілік сұранысына ие болды. Әсіресе, өзіндік өрнектерімен пісірілген торттар тұтынушыларын тез тауып жатты. Оның да реті бар екен. Көптеген ақтөбеліктер өздерінің той-томалақтарына дастарқан мәзіріне түрлі кондитер өнімдеріне арнайы Галинаның кәсіпорнына тапсырыс береді екен.

Жалпы ауданда Волынецтердің отбасылық кәсібі жоғары бағаланады. Отағасы Виталий Волынең 1998 жылы құрылымдалған «Комсомол» ЖШС-ын табысты басқарып келеді. Бұл серіктестікте қазіргі уақытта 150-дей адам жұмыс істейді.

— Жалпы жәрмеңкеге аудандағы 15 селолық округтің ауыл шаруашылығымен шұғылданатын әртүрлі құрылымдары өкілдері түгелдей қатысуда. Солардың қатарында Аралтоғай ауылдық округінде жұмыс істейтін «Рахат+» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі де сиыр етін алып келді.  Кооператив басшысы Абзал Нығметтің мамандығы мал дәрігері, осы бағыттағы жаңа істі қолға алған ол аз ғана уақыт ішінде оң көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде шаруасын жақсы жолға қойған «Шыңғыс» шаруа қожалығы да өз өнімдерін жәрмеңке сөресіне қойды. Біз бұл жәрмеңкеге барлығы 2 тонна сиыр етін, 1 тонна жылқы етін және 500 килограмм қой етін алып келдік, — деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтімов.

Базарда жылқы етіне құмартушылар көп екені байқалды. Қала тұрғыны Кенжебай Кемелбаев кезекте тұрып, бес килограмм семіз сүбе алып шыққанына мәз. «Балаларым қызылсырап жүр еді, бүгін ет асатын болдық» деп қояды.

Қазақтың шаңырағындағы береке әдетте дастарқан молшылығымен де келеді. Бұл күні көптеген қала үйлерінде Әйтеке би ауданы шаруашылықтарынан жеткізілген сапалы азық-түлік түрлері игіліктің бір нышаны болары анық.

Облыс басшысы «Табыс» коммуналдық базарының жұмысын жақсарту, тазалық сақтау бағытында өзінің ескертуін білдіріп, аудандардың өз өнімдерін тұрақты өткізіп тұруы үшін жағдай жасау жөнінде тиісті мекемелер басшыларына тапсырма берді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Би көшесіндегі салтанат

Әйтеке би атындағы көше мерекесі «Аталы сөздің иесі Әйтеке би» деп аталды. Бұл көше бойында бірқатар оқу орындары, белгілі мекеме-кәсіпорындар орналасқан.

Алдымен Әйтеке би ескерткішіне гүл шоқтарын қойған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова содан кейін көше бойындағы мерекеге қатысты.

Негізгі шара аталған көше бойындағы «Нұр» университеті алдында ұйымдастырылды. Осы алаңда киіз үй тігіліп, мұражай заттары қойылды.

Шара барысында Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашев көктемгі су тасқыны кезінде баспанасы пайдаға аспай қалған отбасыға үйдің кілтін, тағы бес отбасыға 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Жеті баланың анасы Күлән Имағамбетованың күйеуі екінші топтағы мүгедек. Су тасқыны кезінде үйлері жарамсыз болып қалған бұл отбасыға Благодарный ауылдық округі аймағынан жер үй сатып әперілді.

100 мың теңгенің сертификатын алып, осындай қолдау-көмекке ие болғандардың бірі Жарқынбек Ерғалиев өздерінің қиын сәтте жалғыз қалмағанына байланысты билік органдарына алғыс сезімін білдірді.

Көше мерекесін қызықтаушылар қарасы біраз болды. Солардың бірі — ұзақ жыл Әйтеке би ауданында медицина саласында жемісті еңбек еткен, осы салада қатардағы қызметкерден басшылық деңгейге дейін көтерілген Жақсылық Қасымов. Ол мерекенің жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын, жалпы қала мен ауылдың байланысын нығайта түсетін мұндай шаралардың жиі өтіп тұрғаны дұрыс болатынын жеткізді.

Бұл күні Әйтеке би көшесі бойы әсем ән мен тәтті күйге бөленіп тұрды. Көше бойында орналасқан мекемелер де мерекеден тыс қалған жоқ. Олар алдағы уақытта да өздері орналасқан, жұмыс істеп жатқан Әйтеке би көшесінің тазалығына үлес қосып, ел игілігі үшін бірлесіп еңбек ете беретіндіктеріне сендірді.

Ұлттар достығы ұлықталды

Әйтеке би ауданының күндеріне арналған іс-шара Тұңғыш Президент атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары екі концерттік бағдарламаны тамашалады. Біріншісі — ұлтаралық бірлікті, татулықты насихаттайтын — «Бірлігіміз жарасқан» атты ән кеші болса, екіншісі аудан күндерінің қорытынды шарасы — «Егеменді елдің сырлы саздары» атты  гала-концерт.

Аталған шараларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Облыс басшысы бастаған топ саябақ ортасында ұйымдастырылған қазақша күрестен түйе палуан сайысын көрді. Он палуан бақ сынаған жарыс тартысты өтті.

Күреске 70 келі салмаққа дейінгі спортшылар қатысты. Қорытындысында, қазақ күресінен жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы, бірнеше дүркін халықаралық турнирдің жүлдегері, тәуелсіздіктің құрдасы Айдос Әбілқаев бас бәйгені иеленді. Сайыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар тарту етілді, — дейді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Рүстем Ермағамбетов.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен өткен «Бірлігіміз жарасқан» бағдарламасының аясында жұртшылық назарына ұсынылған шараның бірі — 21 ұлт өкілінің тағамдары мен тұрмыстық бұйымдарының көрмесі.

Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері мекендейтін болса, соның 21-і біздің ауданда тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Солардың арасында армян, авар, неміс, мордва, чуваш, башқұрттар да бар, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұргүл Сатанова.

Шара барысында өңірдегі 15 селолық округ тұрғындары, сондай-ақ, мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік мекемелердің ұжымдары әр ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрін дәріптеді. Мысалы, Басқұдық ауылының тұрғындары корей халқының өнерін, тұрмысын, ал Жамбыл ауылдық округінің тұрғындары неміс ұлтының салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық тағамдарын таныстырды.

Аудан күндері аясында «Руханият жүрегі — жәдігер» атты тарихи-мәдени ескерткіштер көрмесі, қолданбалы қолөнер шеберлерінің «Қолөнер — зор өнер» атты шеберлік класы, «Өрелі, өрісі кең Әйтеке би» атты жылжымалы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, саябаққа астықты аймақтың тарихы, әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы стендтер қойылды. Әйтеке би ауданы — облысымыздағы ең астықты өңір. Биыл аудан бойынша 187 мың гектардан астам аумаққа егін егіліпті. Егін алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға артқан. Бұл аудан «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасуымен де ерекшеленеді. Үлкен жолдың бойында, кемпинг, дәмхана секілді түрлі  қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Соның арқасында өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып жатқан кәсіпкерлер де көп. Бұл өз кезегінде аймақтағы жұмыссыздықты азайтуға сеп болып отыр.

Екі күнге созылған аудан күндеріне арналған іс-шаралар «Егеменді елдің сырлы саздары» атты  гала-концертпен қорытыланды. Бағдарламада «Асыл» этнофольклорлық ансамблінің әншісі, халықаралық ән байқауларының лауреаты Дина Атамқұлова, Астана қаласындағы  мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі Данияр Сағынтаевтар өнер көрсетті.

Жолдасым қызмет бабымен Әйтеке би ауданының әкімі қызметіне тағайындалғаннан бері Астанадан арнайы келіп, жолдасыма қолдау көрсетіп, аудан көлемінде, облыс көлемінде өтетін мәдени іс-шараларға қатысып, өнер көрсетіп жүрмін. Жолдасым екеуміз үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз.

Ақтөбе облысы маған қатты ұнады. Тұрғындары — ақжарқын, бауырмал. Облыс орталығы — Ақтөбе шаһарының сәулеттік келбеті  ерекше. Бұл өңір тарихи-мәдени ескерткіштерінің көптігімен де ерекшеленеді екен, — дейді халықаралық ән байқауларының лауреаты Дина Атамқұлова. Әнші гала-концертте «Алқоңыр», «Көктем вальсі» әндерін шырқады.

Әйтекебиліктер ұйымдастырған мәдени көпшілік шаралардан ақтөбеліктер риза болып тарқасты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Бір пікір

  1. Осы ұлттар достастығын қоймайсыздар, ұлықтап біттік қой. Өзіміздің қазекең шетте қалып отыр. Жастардың санасын уламай дұрыс ақпарат беру қажет.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*