Басты бет » Мәдениет » Базар жырауға арналды

Базар жырауға арналды

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда Әйтеке би ауданының күндеріне орай даңғайыр жырау Балқы Базар Оңдасұлының 175 жылдығына арналған облыстық термешілер байқауы өтті.

Артында 15 мың жол өлең мен 5-6 толғау қалдырған, сөз өнерін қадірлейтін қазақ үшін әр сөзі алтынға бергісіз Базар жыраудың өнеге-насихатқа толы терме-толғауларын кейінгі жас ұрпақтың санасына сіңіруді, оның үстіне жыршылық-жыраулық дәстүрдің үзіліп қалмауын ойлаған ел осындай сайыстарды өткізуге асығатын шығар. Әйтеке би ауданы күндерінде аудан әкімдігі де облыстық деңгейде термешілер сайысын өткізуді жөн көріпті. Оған облысымыздың 7 ауданынан және Ақтөбе қаласынан 11 термеші қатысты.

Байқау екі кезеңнен тұрды, алғашқысында Базар жыраудың шығармалары орындалса, екіншісінде әр термеші өз репертуарындағы басқа да авторлардың шығармаларын шырқады.

Байқаудың беташарын Байғанин ауданынан келген жыршы-термеші Құрал Беркалин айтты. Дәстүрлі өнердің өлмей келе жатқаны ел ішінде жүрген осындай өнерпаздардың арқасы. Тек қана жыршылық-жыраулықпен айналысып, кәсіби деңгейін көтеріп жататын мүмкіндік те, мектеп те жоқтығына қарамастан, қолдарынан келгенінше жыршы-жыраулардың мол мұрасын насихаттауға атсалысып жүрген термешілердің мойнындағы жүгі бір бұл емес. Мысалы, ырғыздық Ратбек Бердалиев халық театрының режиссері әрі актері бола жүріп, термешілер сайысында аудан намысын жыртып жүр.

Құрамында белгілі термеші Әділбек Сарин,  дәстүрлі әнші Ғазиза Әбдірова, облыстық халық шығармашылығы үйінің бас маманы Алтынгүл Ғұбайдуллиналар бар қазылар алқасы байқаудың екі кезеңінде хал-хадерінше өнер көрсеткен термешілердің ішінен жеңімпаздарды анықтады. Бас жүлде хромтаулық дарынды өнерпаз Естай Өтеулиевтің қанжығасында кетті.  І орынды  байғаниндік Құрал Беркалин жеңіп алды. Екінші орынға Ақтөбе қаласының атынан қатысқан термеші Жұлдыз Орынбекова  шықты. Үшінші орын әйтекебилік Заманбек Жолшиев пен қарғалылық  Бекболат Ырсымбетовке бұйырды. Байқоңыр Қапанжаров Балқы Базар жыраудың арнайы жүлдесін алды.  Ал ақтөбеліктер Өмірхан Жетесов пен Нұрзат Құлман, ырғыздық Рәтбек Бердалиев, мұғалжарлық Света Ақмалаева, темірлік Райса Шәменовалар ынталандыру  сыйлықтарына ие болды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*