Басты бет » Жаңалықтар » Фольклорлық фестиваль әріптестікті нығайтады

Фольклорлық фестиваль әріптестікті нығайтады

Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында «Volksfest-2017» фольклорлық фестивалі өтті.

Бұл шара М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында өткізіліп, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Осы мерекелік кештің концерттік бағдарламасын ұйымдастырған Қазақстандағы «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігі ассоциациясы екенін атап өткен жөн.

Қазақстандағы немістер үшін ең маңызды оқиғаға саналған «Volksfest» фестивалінің өзіндік ерекшелігі бар екені дау туғызбайды. Осы арқылы немістердің мәдениеті мен тілі республикалық дәрежеде көпшілікке танылды. Ұлтаралық келісім, достық пен рухани бірлікке негізделген бұл шара шығармашылық әріптестікті одан әрі дамытуға сара жол салды.

Фестивальдің ашылу салтанатына ГФР Бундестаг депутаты, федеральды үкіметтің қоныс аударушылар және ұлттық азшылық істері жөніндегі өкілі Хартмут Кошик, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай, ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдардың және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығының хабарлауынша, мерекелік фестивалді өткізу барысында ағайындық татуластық тінін одан әрі жалғастыру мақсатымен Германиядан арнайы қонақтар шақырылған. Театрландырылған шараға Павлодар, Рудный және Қарағанды қалаларының шығармашылық өнерпаздары қатысып, ән шырқап, мың бұрала би биледі. Осы кеште қазақ және орыс тілдерінде де ән шырқалды.

КӨРМЕГЕ 70 ЖӘДІГЕР ҚОЙЫЛДЫ

«Елорда тұрғындары мен қонақтары «Шығыс және Батыс: мемлекеттік Эрмитаж жиналымынан көне қару-жарақ» көрмесінен императорлардың сайыс қылыштары мен серілік сауыт-саймандарды, қанжарларды көре алады» деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы. 

«Көрмеге қару-жарақ өнерінің үздік туындылары қойылған. Экспозицияда 70-тен астам зат: Түркиядан, Ираннан, Үндістаннан Жапониядан, Франциядан, Италиядан және де өзге мемлекеттерден жауынгерлік, аңшылық, шерулік қарулар жеткізілді» дейді ҚР Ұлттық музейінің экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері Құмар Жүнісов.

— Көрменің жылнамалық шегі қару-жарақ қолөнерінің 400-ден астам жыл бойғы даму тарихи кезеңін — XV ғасырдан XIX ғасыр соңына дейін қамтиды, — деді Қ.Жүнісов.

Көрме қарулардың даму тарихынан және оларды жасаушы шеберлердің талантынан сыр шертеді.

— Экспонаттар арасында ерекше қару бар — ол Наполеон Бонапарттың семсері. Оны ол император І Александрға Тильзиттік бейбітшілік келісіміне қол қою кезінде сыйға тартқан, — деп атап өтті Қ.Жүнісов.

Халықаралық ЭКСПО көрмесінің өтуіне орайластырылған көрме 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

ОТАНДЫҚ СӘНГЕРЛЕРДІҢ ШЕТЕЛДІК ҚОНАҚТАРҒА СЫЙЫ

 Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында қазақстандық дизайнерлердің «EXPO FASION FEST» сән фестивалі өтті.

Фестиваль аясында 30-ға жуық қазіргі заманғы қазақстандық дизайнер алаңда орнатылған шоу-румдарда өздерінің киім жиынтықтарын көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, белгілі имиджмейкер Жанна Ахметова стиль бойынша тегін шеберлік сыныбын өткізсе, ал make-up шеберлері мінсіз макияж жасау құпияларымен бөлісті.

Фестивальдің шарықтау шегі танымал дизайнерлердің ашық аспан астында өтетін сәнді киімдер көрсетілімі болды. «EXPO FASHION FEST» шарасына келушілер назарына SAMIDEL, DeGuise, AYANA style, Avventurista, Ainel және Zhamili Kapanova ұлттық брэндтері өздерінің соңғы киім үлгілерін ұсынды.

Айта кетейік, сәнді киім көрсетілімінен басқа фестивальді тамашалауға жиналған қауым қазақстандық эстрада артистерінің және би ұжымдарының қатысуымен ойын-сауық бағдарламасын тамашалады, сондай-ақ, дизайнерлердің сыйлықтар мен жүлделер ұтысына қатысты.

ӨНЕРЛІ ЖАСТАР СЫНҒА ТҮСТІ

Астананың «Жерұйық» саябағында «Биле, Астана — 2017» байқауы өтті. Аталмыш шараны Астана қаласы жастар саясаты жөніндегі басқармасы «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай ұйымдастырды. Жастар 7 аталым бойынша өзара сайысқа түсті.

«Бал билері» аталымында Артур Ли мен Анастасия Ли жеңіске жетті, «Халық биі» аталымы бойынша Мәдина Мекебаеваның басшылығымен «Самұрық» би мектебі топ жарды, «Халық биі» (кіші топ) аталымы бойынша «Есіл» тобының би ұжымы, «Хип-хоп» аталымы бойынша Астана қаласы Жастар сарайының «Поколение чудес» би тобы алға сытылып шықты, «Брэйк-данс» атылымында Әділ Жантаев жеңіске жетті. Ал «Данс баттл» аталымы бойынша қазақстандық «Simplе System» би студиясына тең келер ешкім болмады, «Заманауи билер» (кіші топ) аталымы бойынша №63 орта мектептің «Gold Step» командасы үздік өнер көрсетті.

— Менің ойымша, бұл — өте қызықты байқау. Оның басты мақсаты — еліміздің өнерлі жастарының басын қосу, — деді «Сальса» биінің жеңімпазы Диана Мадыраимова.

Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығының мәліметінше, шара барысында Қазақстанның эстрада жұлдыздары және елордалық «Қазақ қыздары» тобы өнер көрсеткен.

Әзірлеген Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*