Басты бет » Әлеумет » Елу жылдан соң…

Елу жылдан соң…

2017 жылғы он екінші шілде күні біздің есімізде көпке дейін сақталмақ.

Себебі, бұл күн біздің осыдан 50 жыл бұрын жастық шағымызды бастап, ал бүгін қарттық шаққа аяқ басқан күніміздей болып тұр.   Барша қазақ танитын көптеген ақын-жазушы, ғалымдар: облыстық кітапхананың аты берілген ғалым Сақтаған Бәйішев, облыстық жасөспірімдер кітапханасының атын иеленген Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаев және басқалар Жарқамыс орта мектебінде оқыған. Кезінде «Жарқамыс – жарты жазушылар одағы» деген сөздің мәтелге айналып кеткенін көпшілік біледі.

Міне, осындай асыл ағаларымыз оқып, еңбек еткен мектепті біз 1967 жылы бітірген екенбіз. 50 жылдан кейін қайта табысып, қос қолдап амандасып, құшақтасып көріскен кластастардың кейбірінің көздеріне қуаныштан жас та үйіріліп жатыр. Тай-құлындай тебісіп өскен балалық шақ, бой түзеп, ойлары алыстарды шолған қыздарымыз, жалаңдаған жігіттік шаққа аяқ басып, ендігі жастық өмірімізді неден бастаймыз, қандай мамандық қаласақ болады деп, армандаған күндер көз алдымызда сағымдай өте шыққандай болды.

Жалпы саны екі кластан елудің үстінде адам оқыса, бұл күні олар жұбай, зайыптарымен келіп, бір-бірімен танысып, білісіп мәз-мейрам болды. Ақтөбенің тұңғыш Президент атындағы орталық саябағына жиналған қауым «Нұр Ғасыр» мешітіне барып, бұл фәни өмірден бақи дүниеге өтіп кеткен кластастар рухтарына дұға бағыштады.

Арнайы дайындалған ас үстінде алдымен осы кластардың оқушыларына білім мен тәрбие берген мұғалімдер атынан Әбілқайыр Жәметов мен зайыбы Нағима Табыловалар жалынды сөз сөйлеп, бұрынғы шәкірттері туралы жақсы естеліктер айтты. Бірінен соң бірі шығып сөйлеген кластастар балалық, оқушылық шақтарын, түрлі болған қызықтарын ортаға салып, отырыс керемет көңілді өтті. Әбілқайыр ағайымыз бен Нағима апайымызға сый-сияпат жасалды. Бұл екі класс бітірушілерінің арасынан білім беру ісінің бірнеше үздіктері, мектеп басқарған ұстаздар, бір физика-математика ғылымдарының кандидаты, бір журналист, жүргізуші, механизатор, басқа да сан түрлі мамандық иелері елеулі еңбек еткен. Кластастар алдағы уақытта да бұл кездесуді жалғастыруға уәделесіп, бір-біріне амандық-саулық тілеп, қимай тарасты.

Мұқанбетулла КЕМЕР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*