Басты бет » Әлеумет » Мейрамхана тұрғызғанша неге кітапхана салмайды екен…

Мейрамхана тұрғызғанша неге кітапхана салмайды екен…

Пікір

«Мен жастарға сенемін», — деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұлтымыздың болашағы бүгінгі жастардың, яғни біздің қолымызда. Біздер рухани жағынан мықты болуымыз керек. Рухани байлықтың көзі   кітапта екенін айтқым келеді замандастарыма.

Кітап  адамды ізгілікке, ізеттілікке, адам болуға, арды аттамауға, жат қылықтарға бармауға тәрбиелейді. Кітап — өмір ұстазы, адамдарды болашаққа бастайтын бағдаршам. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті дағдылы істерінің біріне  айналдырса деп армандаймын. Онсыз өмірді түсіну, білім алу  мүмкін емес.

Кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт тартары қақ. Қайткен күнде де  бүгінгі  ұрпақтың кітап оқу мәдениетін арттыруға игі әсер ететін көпшілік шараларды жиі өткізген дұрыс.

Ғаламтор бар іздеген ақпаратыңды лезде тауып беретін құрал екені рас. Бірақ біз кітапханаға барып, қолымызға кітап алып оқуды, көркем әдебиетке деген қызығушылығымызды ғаламторға  жұтқызып қоймауымыз керек. Онда тіпті рухани  құндылықтарымыз ғана емес, тіпті тұтас ұлттың ұлттық қасиеті жұтылып кетуі ғажап емес.

Компьютердің жас ұрпақты өзіне желімше жабыстырып, тәуелді етіп отырғанын бәріміз көріп-біліп отырмыз. Кітап оқудың орнына компьютерге тесіліп, телміріп өсудің өкінтерлік жағын біздің құрдастарымыз көп жағдайда түсіне білмейді.

Қазақпын дейтін қазақ баласының санасында  «Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы» деген қанатты сөз бағдаршам іспетті мәңгі жарқырап тұруға тиіс. Шынымен де кітап арқылы біз ұлыларымыздың ұлағатты қазынасын оқи отырып, рухани құндылықтарға сусындаймыз, тұлғаларды құрметтеуге қалыптасамыз. Мен оны кітапхана деп аталатын керемет үйде өз оқыған кітаптарымнан танып, тағылым алып келемін. Осы киелі корын кітапхана мен кітап арқылы мен қанша танымал аға-апаларыммен жүздестім, жүздесе бермекпін. Себебі мен «Бір ел — бір кітап» акциясының оқырманымын. Өткен жыл Фариза апаммен шақ қоштассам, биыл «Отамалыны» оқи отырып, айналама аяушылықпен қарауға қалыптасқандаймын.

Кітапхана арқылы мен жалпы әлемді танығандаймын.

Кітапханаға кіргенде сені үнсіз ұстаз — кітаптар қарсы алып, керегіңді беріп, кереметіне бөлеп шығарып салады. Нұрпейіс Байғанин атындағы балалар кітапханасына  барғанда: «Қолында мүмкіндігі бар ағалар мейрамхана, тойхана сала бергенше, жас ұрпақ үшін  неге кітапхана ғимаратын салмайды екен?» — деп ойланамын.  Бұл ғимараттың салынғанына, кітапхана еншісіне тигеніне  биыл 55 жыл толады екен.

Мен бәрібір сол елеусіздеу жерде орналасқан, шағын болса да рухани мұраға бай балалар кітапханасына күніне бір бас сұқпай, ең болмағанда сол жаққа бір көз салмай өтпеймін.

Айгүл НАҒАШЫБАЕВА,  №31 орта мектебінің

11-сынып оқушысы, Н.Байғанин атындағы

балалар кітапханасының

 тұрақты оқырманы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*