Басты бет » Басты жаңалықтар » Өңірлік құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылды

Өңірлік құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылды

Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы құқықтық қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастады.

Оның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, ҚР Бас прокуратурасының аға көмекшісі Сағатбек Сүлеймен, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров қатысты.

Аталмыш орталық — облыстық прокуратураның облыс әкімдігі қолдауымен жүзеге асырған пилоттық жобасы. Жобаның мақсаты — азаматтардың мемлекеттік және құқықтық органдарға деген сенім деңгейін арттыру, олардың жүгіну құқығының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, сапалы құқықтық қызметтерге «бір терезе» қағидасы бойынша қол жеткізуді арттыру.

— Жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне талдау жасадық. Құқық қорғау органдарының қызметі бойынша сұрақтар өте көп түседі. Мен аталған орталық  халық үшін пайдалы болады, әкімшілік кедергілерді алып тастауға мүмкіндік беріп, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының беделін арттырады деп санаймын, — деді Е.Нұрғалиев орталықтың ашылу салтанатында.

Өз кезегінде Бас прокуратураның өкілі С.Сүлеймен облыс әкімдігінің басшылығына орталықтың ашылуына қолдау жасағаны үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде осыған ұқсас орталықтар ашу жоспарланған.

Орталықта құқық қорғау және атқарушы органдардың мемлекеттік органдар  әрекеттеріне шағым беру  мәселесі бойынша көрсететін құқықтық қызметтердің толық жиынтығы ұсынылатын болады. Ақтөбеліктер прокуратура, ішкі істер, әділет органдары, облыс әкімдігі қызметкерлерінен, сонымен қатар, қорғаушылар мен медиаторлардан кеңес ала алады.

Келушілерге қолайлы болу үшін орталық электрондық кезек жүйесімен жабдықталған. Азаматтардың қызметтерді таңдауы бойынша білікті мамандар кеңес беретін болады.

Құқықтық қызмет көрсету орталығы облыстық прокуратура ғимаратының жеке қанатында орналасқан.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*