Басты бет » Жаңалықтар » «DOING BUSINESS»: үздіктер анықталатын күн алыс емес

«DOING BUSINESS»: үздіктер анықталатын күн алыс емес

Облыстық әкімдікте «Doing Business» рейтинг көрсеткіштерін жақсарту мәселесі және бизнес ортаны оңтайландырудағы рұқсатнама қағаздарына жаппай ауқымды түгендеу жұмыстарын жүргізуге қатысты кеңейтілген жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалық етуімен өткен басқосуға облыстық прокуратура, кәсіпкерлік саласына жауап беретін органдар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Өткен жылы біздің облыс елімізде іске асырылған «Doing Business» рейтингін енгізу бойынша пилоттық жобаның қатысушысы атанды. Бұл үшін Ұлттық банк сарапшылары жетекші өңірлердегі мемлекеттік органдар арқылы «Кәсіпорынды ашу», «Құрылысқа рұқсатнама алу», «Электр энергиясы жүйесіне қосылу», «Жекеменшікті тіркеу» бойынша сауалнама жүргізген-ді. Нәтижесінде Ақтөбе, Алматы, Қостанай сияқты облыстардың жоғары көрсеткіштерге жеткені анықталды.

Рейтингтің өзі бизнесті оңай жүргізудің Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жасақтаған әдістемесі бойынша жүргізіледі. Өз ішінде 5 көрсеткіш бойынша түзілетін сауалнаманың қорытындысына сәйкес, жеңімпаздарға Елбасының арнайы сыйақысы тағайындалады.

— Біз «Doing Business» рейтинг көрсеткіштерін одан сайын жақсартуға мүдделі болуымыз керек. Өйткені сол арқылы бизнес ортадағы орны ерек шетелдік инвесторлар шешім қабылдап, әріптестік орнатады. Сондықтан бәріміз жұмыла еңбек етіп, үздіктердің қатарынан табылуға күш салуымыз тиіс.

Өткен жылғы жүлделі екінші орын алуымыз, әрине, айтуға тұрарлық. Бірақ биылғы талап одан да күрделі. Қатысушылар да көп болғалы тұр. Осының бәрін ескере келе, барлық мүмкіндіктерімізді көрсету керек екендігімізді кезекті рет айтқым келеді, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова.

Биылғы көрсеткіштер, аталған рейтингте қай өлкенің озғаны күз айларында белгілі болмақ. Осыны айтқан сала мамандары бизнес ортаны жақсартудың тиімді амал-әдістерін бірлесіп ұйымдастыруға шақырды.

Айта кетейік, рейтингке 25 мың тұрғыны бар қалалар да қосылғандықтан, біздің облыстан Қандыағаш, Хромтау, Шалқар қалаларының да аяқ алысы қаралатын болады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*