Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Тың және екінші тың

Тың және екінші тың

Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңындағы облыстың тыныс-тіршілігіне «Социалистік жол» және «Актюбинская правда» газеттерінің сол жылдардағы нөмірлері арқылы көз жүгірттік…

 

Ленин сөзіндегі төрт қате

 Тың көтеру жылдарында Қазақстанға КСРО-ның басқа республикаларынан 2 миллион адам келгені белгілі. Қазақтың жеріне келген соң, тілін үйрену, құрметпен қарау керек деген ұғымдар олардың қаперіне де кіріп-шықпады. Өз жерімізде туған тіліміздің халінің мүшкілденуі осы 50-жылдардың соңынан басталды. Ал ақтөбелік қазақтар уақытында бұған бейжай қарамаған, айталық, 1958 жылдың 15 маусымында облыстық газетте «Қаланы аралағанда…» атты мақала жарыққа шықты. Автор Н.Әбілов былай деп бастайды: «Ақтөбе қаласында еңсесі биік үйлер көп-ақ. Солардың көпшілігі — мекеме орындары. Әр мекеме үйінің маңдайшасындағы жарнама да көрікті үйге көрік бере түскендей болады. Амал не, «жылтырағанның бәрі алтын емес» дегендей, оның бәрі көрік беріп тұрған жоқ. Осыған бірнеше мысал келтірейік…».

Автор келтірген мысалдар арасында мынадай маңдайша жазулары бар: «Ақтөбе облыстық ушкі устер басқармасы ведомстводан тыс сыртқы кузет бөлімі»; «Ақтөбе қалалық элеуметтік қомсыздандыру бөлімі»; «Ақтөбе облыстық китапқанасы»; «Ақтөбе облыстық муғалемдердің мамандығын көтеру институты». Осындай қателерді тізбелей келіп, автор: «Бұлар сонда «мұғалім» деген сөз бен «кітапхана» деген сөзді жаза алмағанына қалай күлмейсіз?» — дейді. Әрине, бұл айтарға сөз таусылғаннан келетін күлкі ғой…

Мақаланың жалғасында: «Вокзал — тоғыз жолдың торабы сияқты орын… Жолаушылар мына бір плакатты оқығанда, қандай ой қорытындысында қалар екен: «Темір жолдар барлығының тұйіні болып табылады, мұның езі — қала мен деревняның арасындағы, өнеркәсіп пен еріншіліктің арасындағы нағыз айқын байланыстың көріністерінің бірі, социализм бұтіндей осы байланысқа негізделеді». Бұл — Лениннің сөзі. Соның өзінде төрт қате бар», — делінген.

Сонымен қатар, көптеген мекемелердің маңдайшаны, ұрандарды тек орысша жазып, қазақша жазуды қажетсіз деп шешкендерін де айтып кетеді: «Әсіресе, халықтың көп баратын жері — дүкен. Оған облысымыздың колхоз, совхоздарынан да еңбекшілер келеді. Олардың бәрі де орысша біле бермейді. Сондықтан дүкен жарнамалары қазақша да жазылғаны дұрыс».

Міне, осыдан әрі батырып айтып, талап ете алмайды, өйткені ол басқа заман — баста еркіндік жоқ заман еді…

41-разъездің бұрынғы аты қандай еді?

Ақтөбе мен Алға қалалары арасындағы 41-разъезд ол кездері Әлжан разъезі атанған. Тіпті 1928-1930 жылдар аралығында Ақтөбе округінде Әлжан Мағаджанов атындағы аудан да болған. Ал 50-жылдардың соңында Новоресей ауданы совхоздарының бірі Мағаджановтың есімін иемденген.

Әлжан Мағаджанов — Торғай облысы Кеңестерінің бірінші съезінде облыстық атқару комитетінің мүшесі болып сайланған, яғни Кеңес өкіметін құрысқандардың бірі. Әлжанды кейіннен Қазақ АКСР-інің Әділет халық комиссары, Жоғарғы Сот төрағасы болған Мырзағұл Атаниязовтың шәкірті деп те атайды. Осы Атаниязовтың көмегімен Орынборда білім алған. Азамат соғысы кезінде дутовшыларға, яғни ақтарға қарсы шайқасқан. Сондай шайқастардың бірінде Әлжанды ақтар өлтіреді…

Кеңестік тарихнама деректері бойынша, Әлжанды өлтіруге ақтармен бірге алашордашылар да қатысқан-мыс және ол айуандықпен өлтірілген. Мұның анық-қанығы бізге беймәлім. Белгілісі, Әлжан өмірден жастай өткен. Кеңес заманында ол барлық ғұмырын Ленин ісінің жеңіске жетуі жолында жұмсаған батыр ретінде ұлықталған.

Жыр бар, жылқы жоқ…

Хрущевтің басшылығымен 1959 жылы КСРО-ның халық шаруашылығын дамыту жолында бұрынғыдай бесжылдық емес, жетіжылдық жоспар қабылданды. Енді шаруашылықтар 1965 жылдың соңына дейін атқарылатын істерді жоспарлады. Мысалы, Мәртөк ауданының Дзержинский атындағы совхозы 7 жыл ішінде қой санын — үш есе, сиыр малын — 2 есе, құсты 6 есе көбейтуге міндеттеме алған. Жоспар бойынша, Ойыл ауданы мал шаруашылығын жедел өркендетіп, 1965 жылы қой санын 450 мыңға жеткізуі тиіс еді.

Ал облыс бойынша жеті жылда жалпы өнім көлемін 3,7 есеге, ферроқорытпа өндіруді  33,4 пайызға, хром өндіруді 2,3 есеге, азық-түлік өндіруді 20 есеге аттыру көзделген. Жеті жыл ішінде егіс көлемін 21,8 пайыз ұлғайтып, жыл сайын кемінде 60 миллион пұт астық алу жоспарланыпты. Сондай-ақ, мал басын «мықтап өсіру» мақсаты да алға қойылды. 1965 жылы облыстағы колхоздар мен совхоздарда қой санын 5 миллионға, ірі қараны 390 мың басқа, құс санын 1,7 миллионға жеткізу көзделген. Мұның бәрі дұрыс-ақ. Алайда, сол кездегі облыстық газеттерде жарияланған қаптаған міндеттемелер арасында жылқыға қатысты сөз мүлде дерлік кездеспейді. Бұл туралы бұрын да айтқан едік, дегенмен… Сталин билігінің соңғы жылдарында облыстық газеттер беттерінен, мысалы, руханиятқа қатысты, танымдық материалдар, өлеңдер табылмайтын. Барлық сөз соғыстан кейінгі қалпына келтіру, өндіріс пен ауыл шауаруашылығын дамыту төңірегінде ғана болды. Ал билікке Хрущев келгеннен кейінгі жылдардағы газеттер басқаша: «Жер қанша жаста?» деген секілді, түрлі тақырыптардағы танымдық мақалалар (әрине, бір жағынан, бұл — атеизм насихаты), сол жылдары жарық көрген кітаптар туралы хабарлар, пікірлер, әсіресе, өлеңдер көп жарияланды. «Социалистік жол» газетінің сол тұстағы нөмірлерінен, мысалы, Мұхтар Құрманалиннің өлеңдерін жиі кездестіре аласыз. Есесіне, Хрущев қазақтың есте жоқ замандардан бауыр басқан жылқысы мен тарысына қырын қарайтынын бірден аңғартты. Сталин тұсында Еңбек Ері атанып, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған жылқышылар Хрущевтің кезінде мүлде есептен шығарылғандай…  Байқағанымыздай, 50-жылдардың ортасымен салыстырғанда, соңына қарай тарыға деген көзқарас жақсарған. Мемлекетке тапсырылатын астық көлемі жылдан-жылға көбейе түсті. Сондықтан Ақтөбе топырағына сіңіскен, үйреншікті дақылды көбірек егу насихатталды. Ондай дақыл тары еді. Агрономдар облыстық газеттерде, қатты бір қуаңшылық болмаса, Ақтөбе жерінде тарының қайткенде де жақсы өнім беретінін дәлелдеп, жиі сөз алды. 1959 жылы облыс бойынша тары өндіруді 8,4 миллион пұтқа арттыру көзделген. Алайда жылқыға деген көзқарас өзгере қоймапты. 50-жылдардың соңында да КСРО үкіметі ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін жиі-жиі марапаттап, ынталандырып отырған. Озат атанып, «Құрмет тақталарына» ілінген, орден-медаль таққан, Мәскеудегі ауыл шаруашылығы көрмесіне барған, депутат болып сайланған еңбеккерлер тізімдері облыстық газеттер беттерінде әрдайым жарияланды. Солардың арасынан да жылқышылар есімі кезікпейді. Тек анда-санда: «Жылқы өсіруге неге көңіл бөлінбейді?» — деген жанайқай «естіледі». Мысалы, «Социалистік жол» газетінің 1958 жылғы 14 желтоқсандағы нөмірінде былай делінген: «Жұрын ауданы, Ленин атындағы колхоз басшылары жылқы шаруашылығына тиісті көңіл бөлмейді. Мұнда биыл жоспар бойынша 230 жылқы болуы керек. Ал қазір 198 жылқы ғана бар. Құлын алу тапсырмасы да орындалған жоқ. 50 биеден 22 ғана құлын алынды. Қолдағы жылқылардың күйі нашар. Бірқатар жұмыс аттары арықтап, жүдеген. Ал күйсіз аттарды бөлек бағымға алып, семірту жұмыстары ескерілмейді. Колхоз председателі Горобец жылқышыларды іріктеп алуға көңіл бөлмейді. Олар жиі алмастырылады. Бірқатар колхоз активтері өздеріне бекітілген жұмыс аттарын күйлі бақпайды. Мысалы, бригадир Олейникке бекітілген ат жауыр болып, жүдеген…».

Көп армандардың бастауы

50-60-жылдарда көп балалардың болашаққа қатысты арманы аспанмен байланысты еді: ұшқыш болу, ғарышкер болу… Баспасөзден ол тұста Әуе флоты күні де ерекше атап өтілгенін көреміз: «Облысымыздың еңбекшілері СССР Әуе флотының күнін зор белсенділік үстінде атап өтті. 20 июльде кешкілік Ақтөбедегі В.И.Ленин  атындағы теміржол клубында бүкілхалықтық мерекеге арналған қалалық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттарының қалалық Советінің қаладағы қоғам ұйымдарының өкілдерімен бірлескен салтанатты мәжілісі болды… Салтанатты мәжілістен кейін жиналғандар орыс авиациясының негізін қалаушы Н.Е.Жуковскийдің өмірі мен творчествосы туралы кинофильм көрді.

Бұл күні Ақтөбе аэропортында сауық болды. Жүздеген қала тұрғындары совет авиациясының мерекесіне жиналды. Мұнда олар Ақтөбе ұшқыштарының шеберліктерін көрді. Бірқатарлары самолетке мініп, Ақтөбе үстін шарлады. Еңбекшілердің самолетке мініп, әуені шарлауы, бұл күні Родников, Қосестек және басқа облысымыздың жұмысшы поселкелері мен селоларында болды». («Социалистік жол», 1958 жыл, 22 шілде.)

«Мал өсірсең — қой өсір»

Бұл — сол кезеңнің ұраны. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақтөбе облысында барлық колхоздар мен совхоздар 1959-1965 жылдар аралығында қой санын 2-3 есе өсіруді жоспарлады. Тіпті әр шопан өзіне үлкен міндет алды. Мысалы,  Ойыл ауданы, «Қазақстанның 30 жылдығы колхозының» шопаны Қуаныш Ержанов әрбір 100 саулықтан 130 қозы алып, әр қылшық жүнді қойдан 3,3 килограмнан жүн тапсыруға міндеттеніпті. Айта кетелік, Социалистік Еңбек Ері Қуаныш Ержанов осы сала бойынша сол тұста облысымыздағы ең жоғары атақ-абыройға жеткен тұлғалардың бірі еді.

Мұғалжар тауында

Жырада жүйткіп аға су,

Жалғасып жатыр көлменен.

Жағалай биік зор асу,

Жолында жота көлбеген.

Созасың күнге қолыңды,

Төбесі таудың тым сыйлы.

Көтеріп көкке көңілді

Төменде тоғай сыңсиды.

Қас батыр сынды қия тас,

Ғасырлар жүгін өңгерген.

Шыққандай бейне ол қапас,

Осынау ескі үңгірден.

Жапырағын жайған өркен ғып,

Шыршалар шежіре шертеді.

Айнала — әсем көркемдік,

Секілді ғажап ертегі.

Сіміріп жұпар ауасын,

Жайлаған тауды бір айдай,

Қоштасар шақта курортшы

Тұрады жұртын қия алмай.

Қауышып мұнда көктемде,

Дауалы дәмін бөлістік.

Үстінен дәйім өткенде,

Көзіме осы тау ыстық.

Мұқтар Құрманалин.

«Социалистік жол», 1959 жыл, ақпан

 Жалпы, республикада қой шаруашылығына «екінші тың» ретінде маңыз берілгені белгілі. Сондықтан, қазақ жастарын «ата кәсіпті» таңдауға үгіттеу жұмыстары белсенді жүргізілді. Шопан таяғын қолына алған жастарды басқаларға үлгі етті. «Социалистік жол» газетінің 1959 жылғы 20 қаңтар күнгі санында «Төкен шопан болды» деген шағын мақала шыққан. Жұрын ауданы, «Жаңа тұрмыс» колхозының перзенті Төкен Сәрсенов 1955 жылы міндетті әскери қызметін өтеп, туған жеріне оралады. 1957 жылы тракторист мамандығын алып шығады. «Бірақ, — делінген мақалада, — Сәрсенов колхоз шаруашылығының негізгі саласы мал шаруашылығына тұрақты жұмысқа баруды көптен аңсаған еді. Жақында жас жігіттің бұл арманы жүзеге асты. Колхоз басқармасы оның арызын қарап, Сәрсеновті шопан еті етіп бекітті. Қазір оның отарында 680 бас тоқты бар. Төкен өз отарын қыстан күйлі, қоңды етіп шығару үшін күресуде». Міне, осы мазмұндас мақалалар, хабарлар баспасөзде жиі жарияланған… 1959 жылы облыс мемлекетке 47 мың тонна ет тапсыруға міндеттелді. Ал жетіжылдықтың соңғы жылында бұл көрсеткіш 121 тоннаға дейін артуы тиіс болатын.

 Әзірлеген Индира ӨТЕМІС.

Деректер облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*