Басты бет » Әлеумет » Смағұлов көшесі

Смағұлов көшесі

Есте қалар есімдер

Ақтөбедегі Степная көшесі қазір Смағұлов көшесі аталады. Бұл көшенің атауы көпшілікке жақсы таныс. Бірақ тұрғындардың басым бөлігі көше есімін иеленген азаматтың кім болғанынан  бейхабар.

Әжмағи Смағұлов — медицина ғылымының кандидаты, профессор.

Ол 1932 жылы Темір ауданының Кеңқияқ ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген.  Бала кезінен дәрігер болуды армандайды. Талапты жас сол арманына жетіп, 1955 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіреді. Туған облысына оралып,  Жұрын ауруханасына дәрігер болып орналасады. Ол кез жоғары білімді, білікті дәрігер маманның қат кезі. Сол жылы-ақ Темір аудандық туберкулез сырқатын емдейтін диспансерге дәрігерлікке шақырылады. Өзінің дәрігерлік, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, үш жыл осында жемісті еңбек етеді.  Алайда арманшыл жас  ғылыми жұмыспен айналысуға талаптанады. 1958 жылдан бастап Алматы қаласындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының кіші ғылыми қызметкері, ассистенті, доценті және рентгенология кафедрасының меңгерушісі лауазымдарын атқарады. Осындағы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерінде, «Сәулелік терапия  кезіндегі тамыр бұзылулары патогенезінің кейбір мәселелері» деген  тақырыпта 1963 жылы  кандидаттық диссертациясын қорғайды.

1971 жылы Әжмағи Смағұлұлы ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына ректоры болып тағайындалады және осы маңызды оқу орнын 1995 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін басқарады.

Ақтөбе мемлекеттік медицина институты оның өмірінің мәніне айналды. Ол басқарған жылдары  институт республикадағы алдыңғы қатарлы іргелі жоғары оқу орындарының бірі болды. Өзін жақсы ұйымдастырушы, шебер басшы ретінде көрсете біліп, денсаулық сақтау саласының қайраткері дәрежесіне көтерілді. Білікті мамандар тәрбиеледі. Қазір оның  шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шетелдерде жемісті еңбек етіп жатыр.

Әжмағи Смағұлұлының отбасылық өмірі де үлгі тұтарлық. Екі бала өсірді. Соның ішінде қызы Ғазиза әке жолын қуды. Қазір ол — дәрігер, ғалым, доцент, Марат Оспанов атындағы БҚММУ-да кафедра меңгерушісі.

1995 жылы Әжмағи Смағұлұлы денсаулығына байланысты ректорлық қызметтен кетті, алайда өзінің өмірінің соңына дейін сәулелік диагностика және сәулелік терапия кафедрасының профессоры болып жұмыс жасады. 1997 жылы 24 сәуірде өз жұмыс орнында кенеттен көз жұмды.

Былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жұлдызды 25 жыл» шарасы аясында ғалымның атындағы көше мен Асау-Барақ көшесі қиылысындағы алаңға ескерткіш орнатылды. Бұл көшенің бойында «Хабар-Сервис» баспаханасы және өзге де сауда, әлеуметтік ғимараттар орналасқан.

 Дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*