Басты бет » Құқық » Талап — мемлекеттік қызмет тәртібін қатаң сақтау

Талап — мемлекеттік қызмет тәртібін қатаң сақтау

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қайыржан Тоқышев жиналғандарды күн тәртібімен таныстырып, қандай мәселеде болмасын талап біреу, ол — мемлекеттік қызмет тәртібін қатаң сақтау екендігіне арнайы тоқталып өтті.

Жиында Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалиннің хабарламасында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде айтылды. Биылғы жылы ауданның атқарушы органдары 38 231 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның баяндамасы тыңдалып, мақұлданды. Жыл басынан бері 19 қызметкер басқа жұмысқа ауысқан.

Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов сол өңірдегі мемлекеттік қызмет саласы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер жөнінде баяндады. Өткен жылы мемлекеттік қызметке тұруға байланысты 58 конкурс өткізілген. 101 мемлекеттік әкімшілік қызметші аттестациядан өтіп, барлығы да атқаратын қызметіне сай деген шешімге ие болған. Осындай оң істерге қарамастан, назар аударатын жайттар де аз емес. Мәселен, өткен жылы 53 мемлекеттік әкімшілік қызметші тәртіптік жауаптылыққа тартылған. Бір мемлекеттік қызметшіге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілген. Мемлекеттік қызмет көрсетілу мерзімі сақталмауы дерегі де кездеседі.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ерлан Назаровтың есебі негізінен өзі жетекшілік ететін мекемедегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы алынып жатқан шараларға арналды. Биылғы бірінші жартыжылдықта мұнда 3 конкурс өткізілген. Бос әкімшілік лауазымға жалпы конкурс өткізуде бір шағым болған. Конкурстық комиссияның мәжілісінің қорытынды хаттамасын орналастыру тұрғысындағы тәртіп бұзушылықты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті анықтап, кінәлі адамдарға ескерту түрінде тәртіптік жаза берілген.

Мұғалжар аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Амангелді Құлетов, осы аудандағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нұркен Өтегенов өздері сайланған комиссия құрамында өз міндеттерін толық деңгейде атқармағаны үшін жауапкершілікке шақырылды.

Кеңес отырысында барлық орын алған кемшіліктер бойынша тәртіптік шаралар алынды.

Жиында Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушілігі міндетін уақытша атқарушы Мейрамгүл Бибітова маусым айындағы кеңес отырысында қабылданған шешімдердің орындалуы жөнінде хабарлама жасады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*