Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Олимпиада жүлдегері Ақтөбеге келді

Олимпиада жүлдегері Ақтөбеге келді

«Ақтөбе — құтты мекен» облыстық форумы аясында шілде-қыркүйек айларында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен маңызды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Соның бірі, Рио-де-Жанейрода өткен олимпиада ойындарының қола жүлдегері, боксшы Камран Шахсуварлымен кездесу өтті.   

Камран Шахсуварлы кезінде өзі үлкен спортқа қадам басқан мектебінің жас спортшыларымен кездесіп, шеберлік сабақтарын жүргізді. Сондай-ақ болашақтағы жоспарларымен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.

Камран — 2000-2009 жылдары Ақтөбе қаласындағы №12 мектепте білім алып, Ақтөбе ауыл-шаруашылық колледжін тәмамдаған. 2011 жылы КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаевтың жүлдесіне арналған халықаралық турнирде жеңімпаз атанды. 75 келі салмақ дәрежесінде еліміз құрамасының мүшесі болған. 2013 жылы Әзірбайжан елінің азаматтығын қабылдады. Бокстан 2016 жылы өткен олимпиада ойындарының қола жүлдесіне ие болды. Қазіргі таңда Әзірбайжан елінің спортшысы.

—Ақтөбе қаласында өстім. Жеткен жетістіктеріме себепкер болған бапкерлерімнің еңбегі зор. Ақтөбеге тәжірибе жинақтап, достарымды, таныстарымды көру үшін келдім. Бүгінде Германияда өтетін әлем чемпионатына дайындық үстіндемін. Ақтөбелік спортшыларға жаңа белестер, жетістіктер тілеймін, — деді К.Шахсуварлы.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нурлыбек Жүсіпов спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.

— Мемлекет басшысы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Осы бағдарламаны іске асыру барысында және өңірдің 85 жылдығына байланысты облыстық форум ұйымдастырылмақ. Осы орайда өзге облыстарда, мемлекеттерде жүрген жерлестерімізбен тәжірибе алмасу мақсатында кездесулер өтіп жатыр.

Елбасымыз әрдайым бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Өңір басшысының қолдауымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірнеше құрылыс нысандары бой көтеріп, пайдалануға берілді. Облыстың 85 жылдығына орай қазан айында қазақ күресінен әлем біріншілігі өткелі жатыр. Оған дүниежүзінің  40 мемлекетінен спортшы қатысады деп күтілуде. Тамызда Францияда өтетін еркін күрес және грек-рим күресінен әлем чемпионатына бірқатар спортшыларымыз жолдама алды. Енді олардан жақсы нәтижелер күтеміз, — деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл Батыс-2 ауданында теннис орталығы салынғалы жатыр. Сондай-ақ 2500 орындық Мұз сарайының құрылысы басталды. Биылғы жылы облыстың Қобда, Әйтеке би және Қарғалы аудандарында спорт кешендері бой көтермек.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*