Басты бет » Басты жаңалықтар » Қала жолдары жөнделіп жатыр

Қала жолдары жөнделіп жатыр

Биыл Ақтөбе қаласындағы көше жолдарын жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа жалпы ұзындығы 35 шақырым болатын 5 жол мен 17 көшеге күрделі жөндеу, сондай-ақ, 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Күрделі жөндеудің қарқыны қандай?

Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғалидың айтуынша, қазір қала бойынша 5 жол салынып жатыр. Олар: ұзындығы 806 метр болатын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына баратын автокөлік жолы, Қызылжар ауылынан Жаңақұрылысқа баратын жол (ұзындығы 2484 метр), Жаңақұрылыс ауылындағы ұзындығы 652 метр болатын жол, Заречный-1 елді мекенінде Тополиная көшесі (ұзындығы 644 метр), сондай-ақ ұзындығы 538 метр болатын Авиақалашықтағы «Алтын бала» балабақшасына баратын автокөлік жолы.

  • Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы Прохоров, Чекалин көшелеріне жасалған күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір Жазықов, Космодемьянская, Папилов, Ватутин көшесінің Земледельческая көшесінен Тургенев көшесіне дейінгі бөлігі, Куйбышев, Тимирязов, Жанұзақов, Морозов, Красин көшелеріне, сондай-ақ Қурайлы ауылындағы Жеңіс көшесі мен Оңтүстік-батыс-2 ауданына баратын жолға, Жеңіс даңғылындағы автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қала бойынша орташа жөндеу Нокин даңғылына, Жеңіс даңғылынан Ақтөбе хром қосындылары зауытына дейінгі аралық, Кереев көшесіне, ағайынды Жұбановтар көшесінің Ғазиза Жұбанова көшесінен Марат Оспанов көшесіне дейінгі бөлігі, Мәншүк Мәметова көшесінен Әбілқайыр хан даңғылына дейінгі «Капитан Бриг» саябағы аумағында және Мәншүк Мәметова көшесінің «Аида» сауда үйінен Бөкенбай батыр даңғылына дейінгі бөлігіне жүргізіліп жатыр, — дейді Руслан Төреғали.

Оның айтуынша, жуырда қаладағы Тілеу батыр, Ембі, Пугачев көшелері мен Ақтөбе облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне (бұрынғы ПОШ ғимараты) баратын жолға, сондай-ақ ағайынды Жұбановтар көшесінің Пацаев көшесінен Бейбітшілік даңғылына дейінгі бөлігіне орташа жөндеу жұмыстары жасалады.

  • Биылғы жылы қала бойынша жол жөндеуге байланысты жасалған кейбір жобаларда жаяу жүргіншілер жолдарын, ал кейбіреулерінде жарық шамдарын орнату, суағар жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарастырылған. Бұл жұмыстар көшелер мен автокөлік жолдарына жасалатын күрделі жөндеу кезінде толықтай жасалады. Мәселен, қазір Жазықов, Космодемьянская көшелері, сондай-ақ Жеңіс даңғылы, Қызылжар ауылындағы жолдардың екі жағына жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр, — дейді бөлім басшысы.

Конкурс және кепілдік

Биыл жол жөндеу жұмыстары сәуір айының аяғында басталды. Ал жол жөндеуге байланысты тендерлер 2016 жылы өткізілген. Мәселен, Қызылжар ауылынан Жаңақұрылысқа баратын жол мен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына баратын автокөлік жолына тендер өткен жылы жарияланған. Сондай-ақ

Прохоров, Чекалин, Жазықов, Космодемьянская көшелерін жөндеуге тендер өткен жылы өткізілген. Ал қаржы көлеміне байланысты қалған тендерлер биылғы жылы наурыз айында өткен.

Бөлім басшысының айтуынша, мердігер ұйымдарға жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ашық конкурс жарияланады. Конкурсқа мемлекеттік сатып алу бойынша заң талаптарына сәйкес құжаттары бар, сондай-ақ арнайы техникасы бар мердігер мекемелер қатысады.

Биылғы жылы жол жөндеу жұмыстарын «КТП», «Ақтөбегордорстрой», «ЖолАлғаСистемс», «Сауран Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізіп жатыр. Сондай-ақ ағымдағы жөндеу жұмыстары 6 мердігер мекемеге тапсырылған.

Руслан Төреғалидың айтуынша, жол салған мердігер мекемелер жолдың сапасына үш жылға дейін кепілдік береді. Егер үш жыл ішінде жолдың сапасыздығы анықталып, ақаулар болған жағдайда мердігер ұйымдар жолдарды өз қаржысына қайта жөндейді.

Ал қала бойынша барлық жол жөндеу жұмыстарына қажетті құм, қиыршық тас секілді материалдар жергілікті өндіріс орындарынан алынады. Ал битум еліміздің өзге өңірлерінен әкелінеді.

Өткен жылы жол жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 миллиард, жергілікті бюджеттен 2,4 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ былтыр Ақтөбе қаласы бойынша жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын жол жөнделді. Ал биыл жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлініп отыр. Алдағы уақытта тағы да қосымша қаржы қарастырылады. Ал қала бойынша жалпы ұзындығы 35 шақырымдық жол жөнделеді. Биылғы жылы біз тұрғындар көп шағымданатын Заречный-1 ауданындағы Тополиная көшесін, Қызылжар ауылын, сондай-ақ көліктер көп жүретін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына баратын автокөлік жолын жөндеуге шешім шығардық. Сонымен қатар Авиақалашық ауданындағы әлеуметтік нысан болып табылатын балабақшаға баратын жол да жөнделіп жатыр, — дейді Р.Төреғали.

Тұрғындар түсіністік танытса…

Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батырлары атында отызға жуық көше бар. Олардың барлығы бүгінге дейін түгелдей асфальтталып, жөнделмеген.

  • Осыдан екі жыл бұрын Жеңістің 70 жылдық мерекесінде аталған көшелерге жаңадан асфальт жамылғысы төселетінін айтқан болатынбыз. Соған байланысты биылғы жылы қаладағы Кеңес Одағының Батырлары атындағы 7-8 көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, біз екі жылдан бері батырлар атындағы көшелерді кезек-кезек жөндеп жатырмыз. Сондай-ақ биыл Космодемьянская көшесіне диодты жарық шамдарын қондырдық. Сонымен қатар қоғамдық көлік жүретін бірқатар көшелерге де жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өткен жылы Озерная, Чернышев көшелеріне жарық шамдар орнатылды, — дейді Р.Төреғали.

басшысының айтуынша, биыл асфальт салынған көшелердің барлығына жарық шамдар қондыруға қаржы жетпейді. Алайда бұл жұмыстар алдағы уақытта қолға алынбақ.

Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан барлық жолдар мен көшелерде көлік кептелісі көп. Бұған тұрғындардың бір бөлігі түсіністікпен қараса, енді біреулері тіпті ашуланып жатады. Осыған орай бөлім басшысы қала тұрғындарын сабырлы болуға, қандай жағдай болса да түсіністікпен қарауға шақырады.

Жөндеу жасалып жатқан жолдарды түгелдей жауып тастап жатқан жоқпыз. Көп жағдайда жолдың бір бөлігін ғана жауып, қалған бөліктерін көліктердің өтуі үшін ыңғайлы етіп бөліп қоямыз. Ал егер жол жабылып, қоғамдық көлік қатынасы өзгеретін болса, алдын ала тұрғындарға хабарлама беріледі, — дейді Р.Төреғали.

Айта кету керек, жол жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.

415 метр — 50 млн теңге

Жөндеу жүргізіліп жатқан жолдардың бірі — ағайынды Жұбановтар көшесінің Ғазиза Жұбанова көшесінен Марат Оспанов көшесіне дейінгі бөлігі. Бұл аумаққа жауапты мекеме —  «Сауран инжиниринг» ЖШС.

Мердігер ұйымның өкілі Самат Қамашевтың айтуынша, аталған аумақтың ұзындығы — 415 метр. Көшенің жолын жөндеу үшін 50 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары 1 шілдеде басталыпты.

Қазір жол жиектерінің тастарын қойып, асфальт жамылғысын төсеуге дайындық жұмыстарын жасап жатырмыз. Жақын күндері қиыршық тас келеді. Содан кейін жұмысты бастаймыз. Бұл жерде 10 адам жұмыс жасап жатырмыз. Он шақты техникамыз бар, атап айтсақ, экскаватор, трактор, жүк тиеуші машина, автогрейдер, тағы басқалар, — дейді ол.

Самат Қамашевтың айтуынша, серіктестік биыл екінші жыл жол жөндеу жұмыстары бойынша тендер ұтып алған.

  • Асфальт жамылғысын төсеп болған соң тротуарлар салып, суағарларды қайта қалыпқа келтіреміз. Бұл көше көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Сондықтан жөндеу жұмыстарын сапалы, өз уақытында аяқтауға тырысамыз. Бүгін ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмысымыз біраз тұрып қалды. Дегенмен жұмысшылар жауынға да қарамай жұмыс жасап жатыр, — дейді серіктестік өкілі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*