Басты бет » Мәдениет » Қолөнердің қолдаушысы

Қолөнердің қолдаушысы

ШҰБАРҚҰДЫҚ СЕЛОСЫНДАҒЫ №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ ТЕХНОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ НҰРЛАН ЖАҚЫБАЕВ ШІЛДЕ АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОНКҮНДІГІН АСТАНАДА «ЭКСПО» КӨРМЕСІНДЕ ӨТКІЗДІ. ОСЫ САПАРҒА ЖҮРЕР АЛДЫНДА РЕДАКЦИЯДА БОЛҒАН ОЛ АЛДАҒЫ САПАРЫНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ, ӨЗ ЖҰМЫСТАРЫ ТУРАЛЫ БАЯНДАП БЕРГЕН ЕДІ.

— Әуелі Астанаға сапарыңыз туралы айтып берсеңіз.

— Біз Астанада болғанда ЭКСПО-ға қатысып, Ақтөбе облысының этноауыл көрмесін жабдықтайтын боламыз. Бұл үлкен шараға Ерқосай Әбілов, Болат Атыраубаев, Ирина Құрманалина, Орынбасар Төлегенов секілді шеберлер қатысады. Олардың бірі сурет салса, екіншісі зергерлікпен шұғылданады, қару-жарақ, саз аспаптарын жасаушылар да бар арамызда.

Менің өзім көп жылдан бері қазақтың дәстүрлі тері ыдыстарын жасаймын. Оның ішінде саба, көнек, торсық, кесеқап, түйемойнақ (қауға шелек), қамшы секілді қазақтың әр шаңырағында бағзы заманнан пайдаланылатын тұрмыс заттары бар. Біз көрмеде осындай туындыларымызды халыққа көрсетумен бірге, шеберлік кластарын да өткіземіз. Бұл жалпы жұртшылық үшін қызғылықты болады деген ойдамыз.

Менің өзім өрімшілік өнерін көрсетемін. Яғни қамшы қалай жасалатынын бастан-аяқ қолмен атқарып шығамын.

Басты мақсатымыз — дәстүрлі өнерді, ежелгі мәдениетімізді көпшілікке, оның ішінде шетелік қонақтарға жеткізу. Жалпы келушілер сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары қалай әзірленетінін өз көздерімен көруі үшін арнайы қолөнершілер ауылы құрылған.

Мен өзімнің ЭКСПО-ға баруымды жиырма жеті жылғы үздіксіз еңбегімнің, ізденістерімнің жемісі деп есептеймін. Сондықтан да өзімнің еңбектерімді мүмкіндігі келгенінше халыққа танытуды мақсат тұтамын.

— Сіздердің отбасылық игі істеріңіз туралы көпшілік хабардар. Дегенмен, кім немен айналысады, соны айқындап айтып берсеңіз. 

— Өзім қолөнерді таңдаған соң отбасы мүшелері де менің маңымнан табылды. Зайыбым Гүлшара Жөлекешқызының негізгі мамандығы — технолог. Көп уақыттан бері шәкірттерге қолданбалы өнерден сабақ береді және осы шаруамен тікелей шұғылданады.

Балам Алтынбек кішкентайынан көне өнердің соңына түскен деп айтуға болады. Қолының шеберлігі бар, өзінше ізденіп жүреді қай уақытта да. Қызым Орынгүл тұрмыста, дегенмен ол да кішкентайынан қасымда болып, талай сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді.

Қазақ қолөнері — ерекше өнер, ол кез келген адамның ырқына көне бермейді. Әрі қиын, әрі  қызық жұ­мыс. Технология өркендеп, дамыған қазіргі заманның өзінде қолөнерге ескіліктің көзі деп қарауға болмайды.  

Турасын айтсақ, әкенің қанымен, ананың сүті­мен берілген деп айтуға болатын осы өнер — менің ғұмырым іспетті. Бала кезімде қолға алғанымда, рас, көптеген қиындықтар кездесті. Бұйымдарды үй жағдайында жасадық. Құрал-жабдықтар тапшылығы білінетін. Сонда да жоқтан бар жасап дегендей, талай дүниені жасап тастаппыз.

2006 жылы баламның есімімен «Алтынбек» қолөнер шебер­ханасын ашқанбыз. Осы шеберхананың аумағында «Бизнес мектебі» дүниеге келді. Бұл мектеп ауылдық жерде талпынған жас буынға жол сілтейтін ұстахана ретінде танылды.  Мұнда біз тәрбиелеген балалар ұлттық қол­өне­рдің қыр-сырын ғана үйреніп қоймай, өздерінің қол­дарынан шыққан бұйымдарын сатуға да шығарды. Жастардың  кішкентайынан пайдалы іспен шұғылда­нуы олардың келешегінің жақсы қалыптасуына да септігін тигізеді.

Біздің шеберханада көптеген бұйымдар тапсырыс негізінде жасалады. Шикізатты алыстан іздеп жатпаймыз, тері қай жерден де табылады.

Өнер өзіңдікі болып қалмауы тиіс. Ел, халық игілігін көруі тиіс. Біз Ресей жағына көбірек барып жүрміз. Мәселен, Астраханьда болып, шеберлік класын көрсеттік. Саратовтағы Орта Азия халықтарының этнокөрмесіне бардық. Қай жерде болсақ та, біздің еңбектерімізге қызығушылықтар байқалады. Соған қанаттанамыз, ісімізді ілгерілете түскіміз келеді.

— Сіз қол өнер шебері болумен бірге ұлағатты ұстазсыз. Өз шәкірттеріңіз туралы да айта кетсеңіз.

— Мен шәкірттеріме кәсіпшіліктің ғылыми жағын игеруге көп күш жұмсаймын. Осы кезге дейін оқушыларымның 104 ғылыми еңбегі жарық көрді. 8 оқушы халықаралық ғылыми жиындарға барып, өздерінің жобаларын қорғап, жүлдегер атанды. Он шәкіртім республикалық жарыстарда мемлекеттік білім грантына қол жеткізді. Дархан Ниеталиннің «Шешендік сөз өнері» атты ғылыми еңбегі көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Қолөнер шеберіне баулу балғын жастарға не үшін керек? Мен алдымнан шыққан шәкірттерімнің бәрі бірдей осы жолды түпкілікті ұстанып жүрсін демеймін. Менің ойым жас ұрпақты агротехникалық, экономикалық, технологиялық, қолөнершілік, этнодизайн кәсіптеріне бейімдеу, олардың бойына іскерлік, ұқыптылық, төзімділік негіздерін қалау.  Менің бағдарламамдағы оқу және өндірістік еңбек тәжірибесін ғылымға шығар жол еткім келеді.  Осы мақсатта жүзеге асыру үшін мұ­ғалімдер мен ғалым­дарды жетекші ете отырып, «Болашақ» және «Жас натуралистер» үйірмесі мен «Ата­мұра» бірлестігінің жұмысын өрістеттік.

* * *

Біз Нұрланмен телефон арқылы кеше тағы да хабарласып, көрмеден алған әсері туралы сұрағанбыз.

— Астанадағы он шақты күн өте шықты. Келген мақсатымыз толық орындалды. Ақтөбеден апарған қолөнер бұйымдарына қызығушылық көп болды. Бүгін елге қайтар алдында көрмені аралап жүрмін. Мұнда әлемнің таңғажайыптары жинақталған деп айтуға болады. Қарасаң көз тоймайды, көре бергің келеді. Дәл қазіргі сәтте Африка елінің аумағындамын. Мен үшін бейтаныс, өзгеше құбылыстар көп кездесті. ЭКСПО сонысымен ерекше деп айтуға болатын шығар, — деді ол.

   Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*