Басты бет » Басты жаңалықтар » Астықты өңірдің мүмкіндіктері мол

Астықты өңірдің мүмкіндіктері мол

Әйтеке би ауданы — облыстағы ең астықты өңір. Аудан бойынша, биылғы жылы 187 368 мың гектар аумаққа егін егілді. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда егін алқаптарының көлемі 12,5 пайызға артқан.

Аймақтағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3829,2 миллион теңгені құрап отыр. Яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен  салыстырғанда 98,4 миллион теңгеге артық. Жыл аяғына дейін ауыл шаруашылығы өнімін 20418,0 миллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Мұнда көптеген кәсіпкерлік нысандары ел игілігі үшін пайдалануға берілуде.  Аудан территориясының «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасуы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға сеп болып отыр. Сондай-ақ, жұмыссыздықты азайтуға да үлкен үлес қосуда. Күре жолдың бойында бірнеше қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді.  

Ауданда  салық түсімін арттыру мақсатында да жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алты айдың қорытындысы бойынша салық және басқа да бюджеттік төлемдер жоспары  127,5 пайызға орындалды. Яғни, 331 065,0 мың теңгенің  орнына 422 210, 0 мың теңге  түсіпті. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда  7 020,8 мың теңгеге  артық.

Астықты аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қандай? Біз бұл жөнінде нақтырақ білмек ниетпен аудандағы тиісті бөлімдерге хабарласқан едік. Сонымен… 

Өндіріс

КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ҚАРҚЫНЫ ҚАЛАЙ?

Аймақта 3 өндірістік кәсіпорын бар: «Текшетас», «КазКупер» және «Vertex Holding» ЖШС.

Былтыр «Vertex Holding» серіктестігі темір кенін өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану зерттеулерін аяқтады. Кен орнында 23,0 миллион тонна кен бар.

«Текше Тас» ЖШС қиыршық тас өндіреді. Аталған кәсіпорын былтыр  40,0 мың тонна ұсақ тас өндірді. Өнім еліміздің батыс аймақтарына сатылды.

Шағын және орта кәсіп

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛІК ДӘЛІЗІ — ТАБЫС КӨЗІ

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.  Қазір өңірде 1137 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. Бұл салада жалпы 2438 адам еңбек етеді.

Жыл басынан бері бірнеше шағын кәсіпкерлік нысаны іске қосылды. Мысалы, Әйке ауылында наубайхана мен дүкен пайдалануға берілсе, Комсомолда монша, тігін шеберханасы, автоқосалқы бөлшектер сататын дүкен, ал Құмқұдықта наубайхана ашылды.

Жыл соңына дейін тағы да көптеген кәсіпкерлік нысандары ашылып, ел игілігі үшін жұмыс ісейтін болады. Мәселен, Комсомол ауылында монша, мейрамхана, қонақүй, жиһаз құрастыру цехы, жеміс-жидек дүкені, сауда үйі, наубайхана ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Айгүл Даркулованың жеке балабақшасы еңсе көтереді. Жақында мұнда супермаркет те бой тіктейтін болады.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 327 шақырымы Әйтеке би ауданының аумағына тиесілі. Сол себепті, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау үшін Қарабұтақ пен  Аралтоғай ауылдарында  кемпингтер салынып жатыр.

ТІГІНШІ ГҮЛДӘУРЕН

Гүлдәурен Бозшина — өз кәсібінен береке тауып отырған жастардың бірі.  Оның өз тігін шеберханасы бар.

Жақында аудан әкімі жас кәсіпкерге демеушілік танытып, жалпы құны 450 мың теңге тұратын екі тігін машинасын алып берді. Оның бірі — компьютерлік өрнек тігетін заманауи машина.

Гүлдәурен бала кезінен іс тігуді ұнататын. Өрнектеп ою сырып, басқа да тігін жұмыстарын жасай беретін. Бұл дағдыға айналды. Қолы қалт етсе болды тігін машинасын қолға алып, көңілі қалаған дүниесін тігеді. Сөйтіп, тапсырыстар да көбейе бастады. Гүлдәурен 2014 жылдан бастап жеке кәсібін бастады. Қазір Гүлдәуреннің тігін шеберханасы бар. Жас кәсіпкерге аудандық Мәдениет үйі мен саз мектебінің ұжымы тұрақты түрде тапсырыс береді.

Л.БЕРІКОВА.

Баға

БАҒА БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Өңірде баға жергілікті биліктің жіті бақылауында тұр.

Аудан әкімдігі мен 23 азық-түлік дүкенінің басшыларымен тауарларға 10-15 пайыздан артық үстемеақы қоспау туралы меморандумға қол қойылды.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Доданованың айтуынша, аталған бөлім мамандары Үкімет басшысының халық тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында апта сайын аудандағы дүкендерді аралап, кәсіпкерлерге бағаны ретсіз көтермеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі екен.

Облыс орталығының көтерме сауда орталықтарынан алынған ұн, нан, қант тәрізді тағы да басқа әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын аудан орталығында 10 пайыздан, ал селолық округтерде 15 пайыздан артық өсірмеу жөніндегі жасалынған меморандум шарттары сақталуда. Апта сайын көтерме және бөлшек сауда нүктелеріндегі негізгі азық-түлік тауарларының бағаларына мониторинг жүргіземіз, — дейді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

Ауыл шаруашылығы

МАЛ БАСЫ ӨСІП КЕЛЕДІ

Аудан бойынша, биыл 187 368 мың гектар аумаққа егін егілді. Егін алқаптарының көлемі 12,5 пайызға артқан. Шегірткеге қарсы  31,5 га жер өңделді. Бұл мақсатта мемлекеттен 22, 942 миллион теңге бөлініпті.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Сатимовтың айтуынша, аймақта төрт  түлік мал  басының өсуі байқалады. 49 941 бас мүйізді ірі қара, 109127 қой-ешкі,  12391 жылқы, 26 түйе,  66 700 құс бар.

Мал басын асылдандыру мақсатында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Қазір өңірде 4 асылтұқымды мал шаруашылығы бар. Олар: «Әсем-Наз» өндірістік кооперативі (ірі қара), жылқы өсіретін «Алуа», «Қонысбай»  шаруа қожалықтары және «Шыңғыс» шаруа қожалығы (қой).

Өңірде 11 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның 8-і ет бағытында, 3-еуі сүт өнімдерін жинақтау бағытында жұмыс істеп жатыр.

Мал өнімдерін өндіру көлемі де артып келеді. Мысалы, 25,4 тонна ет, 7 614,4 литр сүт, 2 408,5 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Жер

ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕР ҚАЙТАРЫЛЫП ЖАТЫР

Өңірде өз мақсатында пайдаланылмаған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Мысалы, ауылшаруашылық мақсатындағы жерді пайдаланушы 53 адам өз еріктерімен 58,3 мың гектар жерді қайтарды. Оның 29,8 мың гектары — егін егуге жарамды жер учаскелері.

Сондай-ақ, 22 шаруа қожалығының (жалпы көлемі 84,975 мың гектар) құжаттары облыстық жер инспекциясына ҚР «Жер Кодексі» және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес тиісті шаралар қолдану үшін жіберілді.

Айта кету керек, былтыр өңірде жалпы көлемі 53,5 мың гектар (соның ішінде, егістік 14,2 мың гектар) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері айналымға енгізілді.

Суармалы жер

СУАРМАЛЫ ЖЕР КӨЛЕМІ АРТТЫ

Қолданыстағы суармалы жер алқабын 456 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қосымша 1388 гектар суармалы жерлердің жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырылды.

ӘЛЕУМЕТ

Газдандыру

КӨГІЛДІР ОТЫН: КЕЛДІ, КЕЛЕДІ…

Былтыр аудан орталығы — Комсомол ауылында көгілдір отын берілгені белгілі. Сол себепті, биыл Комсомолда 3 мектеп, 2 балабақша, аудандық Мәдениет үйі, аудандық коррекциялық мектеп, білім бөлімінің, сонымен бірге аудандық және ауылдық округ әкімдіктерінің ғимараттары, газ құбыры жүйесіне қосылады.

Айта кету керек, Комсомол ауылына газ құбырын тартудың арқасында мұндағы 1344 тұрғын үйдің 920-сы, яғни 68 пайызы газбен қамтылды. Тұрғын үйлердің газ құбырына қосылу жұмысы жалғасып жатыр.

Биыл Аралтөбе ауылына жеткізуші газ құбыры құрылысының мердігері анықталып, жұмысы басталуы тиіс. Бұл жобаның құны — 290,9 миллион теңге.

 

 

Ауызсу

 

ІШЕР СУЫМЫЗ ТАЗА МА?

 

Аудандағы 28 елді мекеннің 10-ында орталықтандырылған ауызсу желісі бар. Яғни аудан халқының 64,9 пайызы ауызсумен қамтылған.

Ауылдарды таза ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Аралтоғай, Ақкөл, Сарат, Ақтасты, Сұлукөл елді мекендеріне су көздері қорын анықтау жұмыстары жүргізілді. Қазір Талдысай ауылын сумен қамту мақсатында  жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ, Тымабұлақ, Аралтөбе, Жабасақ ауылдарына су құбыры желілерін тарту жұмыстары басталды.

Тымабұлақ ауылына су құбырын тарту «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаның мердігері — «Аспан+» ЖШС. Құрылыс  жұмысы келесі жылы аяқталатын болады. Ал қалған екі ауылды сумен қамту жұмыстары биыл аяқталады.

Аудан орталығы — Комсомол селосындағы ұзындығы 22 шақырым болатын қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы аудан бойынша елді мекендерді ауызсумен қамтуға  республикалық бюджеттен 642740,0 мың теңге бөлініп отыр.

 

 

Жол

 

АУЫЛ ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР

 

Аудан орталығы мен Үшқатты ауылына дейінгі автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарына 292 776,0 мың теңге бөлінген. Мұның ішінде былтыр 150,0 миллион теңге қарастырылып, толық игерілген. Биыл 142 776,0 мың теңге қарастырылып, оның 54 400,0 мың теңгесі игерілді. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталып, қолданысқа беріледі.

Айта кету керек, қазір Комсомол ауылындағы Жүргенов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме —  «ЗапКазСтройИнвест» ЖШС жұмысты былтыр бастаған болатын. Жұмыс биыл аяқталады.

 

Құрылыс

 

 

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖӘНЕ КЛУБ 

 

Комсомол ауылынан 7 бір пәтерлі және 1 екі пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Мердігер мекеме — «Адай Кұрылыс Ақтөбе» ЖШС. Бұл бағыттағы жұмыстарға 59 851,0 мың теңге бөлініпті.

Жақында Әйке ауылдық округі, Тереңсай ауылында жалпы құны 33,0 млн теңге болатын клуб құрылысы басталады. Қазір құрылыс мердігерін конкурстық әдіспен анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

 

Білім

 

МЕКТЕПТЕРДІҢ БАРЛЫҒЫ ТОЛЫҚТАЙ КЕҢ ЖОЛАҚТЫ ҒАЛАМТОРҒА ҚОСЫЛҒАН

 

Ауданда жалпы білім беретін 30 мектеп бар. Оның 24-і орта, 5-еуі негізгі, 1-еуі бастауыш мектептер. Сонымен қатар, 2 мектептен тыс мекеме (балалар саз мектебі, педагогико-психологиялық түзету кабинеті) жұмыс жасайды. Жалпы оқушылар саны — 4350.

Ауданда 42 мектепке дейінгі ұйым бар, оның 24-і шағын орталықтар, 18-і балабақша. Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші — 83,6 пайыз (1491 бала).

Өңірде үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер жоқ.

Білім беру мекемелерінің материалдық базасын нығайту мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мектептерде 694 компьютер бар. Яғни бір компьютерге 6,3 оқушыдан келеді. Өңірдегі барлық білім шаңырағы толықтай кең жолақты интернет желісіне қосылған. Мектептердің 86,7 пайызы немесе 26 мектеп интерактивті құралдармен, 13 мектеп лингафонды мультимедиялық кабинеттермен, 17 мектеп химия кабинетімен, 11 мектеп биология кабинетімен және 26 мектеп физика кабинеттерімен жабдықталған.

Айта кету керек, былтыр 306,3 млн теңгеге 5 білім мекемесі (Ақтасты ауылындағы Абай ОМ, Әйке ОМ, Сарат ОМ, Қарабұтақ ауылындағы «Ақбөбек» балабақшасы, Комсомол ауылындағы «Балауса» балабақшасы) күрделі  жөндеуден өткізілді.

 

 

 

Денсаулық  

 

ДӘРІГЕР ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

 

Ауданда бір мезгілде 130 азаматты қабылдайтын аудандық  емхана,  61 орындық орталық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 17 медициналық пункт және 2 фельдшерлік-акушерлік пункт бар.

Ауданның медициналық мекемелерінде 41 дәрігер жұмыс жасайды, оның ішінде 7-еуі дәрігерлік амбулаторияларда еңбек етеді. Өңірдің дәрігерлермен қамтылуы —  96,6 пайыз.

Жыл сайын аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Соңғы жылдары аурухана сандық рентген, диагностикалық кешен, сандық флюроаппарат, қан сақтайтын тоңазытқыш, лапароскоп, электрокардираф және т.б. заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биыл УЗИ, ФГДС және ИВЛ аппараттарын сатып алу жоспарланып отыр. Аймақтағы дәргерлік амбулаториялардың барлығында факс аппараты, ғаламтор желісі және жедел жәрдем автокөлігі бар.

 

 

 

Мәдениет

 

Ауданда 43 мәдениет мекемесі қызмет көрсетеді. Оның 17-сі клуб, 23-і — кітапхана және 3-еуі мұражай.

Ұлттық қордан бөлінген бюджет қаражаты есебінен былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы Үшқатты, Ұлғайсын, Ақтасты, Сарат ауылдық клубтарына, Тымабұлақ, Аралтөбе ауылдық кітапханаларына ағымдағы (жалпы сомасы 45,0 млн теңгеге) және күрделі (жалпы сомасы 10,6 млн теңгеге) жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 

 

 

 

Спорт

 

Ауданда дене шынықтыру және спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, білім беру мекемелері мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қызметкерлерімен тұрақты жұмыс жүргізіледі. Өңірде жалпы 3 стадион,  20 спорт залы, 26 спорт алаңдары және 1 ату тирі спорттық нысандар бар.

Аудан спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, облыс намысын абыроймен қорғап жүр.

Мысалы, Санжар Боранбаев 2016 жылдың қараша айында Астана қаласында белбеу күресінен өткен әлемдік  чемпионатында І орын алып, әлем чемпионы атанды, Бағдат Әлқуаныш — белбеу күресінен Татарстанда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Аудан бойынша спортпен жүйелі айналысатындардың саны —  5871 адам.

Бұл — аудан халқының 22,0 пайызы.

Аудандағы спорт ғимараттарында әр уақытта барлық жастағы спортшылардың волейбол, футбол, үстел теннисі спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндігі бар.

 

 

 

 

Айқара бетті әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*