Басты бет » Тарих » Аласармас биік бар…

Аласармас биік бар…

Мынау тұтамдай тірлікте кісілік қасиетімен дараланып, азамат деген абыройлы атқа лайық ғұмыр кешкен жандар болғаны қандай ғанибет. Намысы нардай, көңілі ақ қардай ақжүрек жандардың есімі еске түскенде, жүрек шіркіннің жылып қоя беретіні несі екен? Бұл олардың қара басынан гөрі қарашаның қамын көбірек ойлаған кеңдігінен бе? Таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні бар ғой. Қайырбай Мұғалұлының бақилық болғанына он жылдың жүзі болыпты. Осы уақытта менің байқағаным, ол бізден алыстаған сайын жақындай түскендей. Оның бейнесі жыл өткен сайын тұлғалана беретіндей.

Біздің Қайырбай Мұғалұлы да жоғары адамгершілік қасиетімен ерекшеленіп, ұлттық мүдде жолында аянбай тер төккен нағыз азамат болатын. Өзіндік пікір-ұстанымынан ауытқымайтын қадір-қасиетке бай оны айналасы да әрдайым мақтан тұтатын.

Бабалардан «Терек те текті жерде өседі» деген сөз қалған ғой. Дала руханиятының төл туындысы іспетті осы бір тіркесті Қайырбай Мұғалұлына қарата айтсам артық етпес. Қайрекең өсіп-өнген әулеттен көреген әулие де, ел қорғаған батыр да, аузы дуалы шешен де, елге қызмет еткен арда азамат та шыққан.

Қайырбайдың бабасы Бақашы (Боқай) әулие болған кісі. Сүйегі Атырау облысы Құлсары елді мекенінің іргесіндегі Жем өзенінің бойында жатыр.

Алаштың абыз ақсақалы, сұңғыла сөздің сардары Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романында өзендегі бақаның шуылын тоқтатып, Бақашы атанатын сол кісі екен.

Осы әдеби шығармадағы Бақашы әулиенің Боқай екенін тарихи негізде дәлелдей түсетін тағы бір еңбек — А.И. Левшиннің  тарихи-этнографиялық кітабы. Осы ғылыми еңбекте «Кладбище Бакашы аулие (Х\/ІІІ-ХІХ в.в.) находится на левом берегу реки Эмба, в 18 км от пгт. Кульсары» деп жазылған.

«Қасқадан төбел туады» деп бекер айтылған ба, Қайырбайдың атасы Балтықбай да алдына мыңғырған мал біткен, қайырымдылығымен, адамгершілігімен елге танылған бай болыпты.

XIX ғасырдың орта тұсында Кенесары хан Ырғыз өңіріне Кіші жүздің әлім-шөмен, жетіру руларының игі жақсыларымен кеңес құруға келгенде Балтықбай оған өзінің кенже ұлы 18 жастағы Ембергенді жүзбасы етіп, 100 жасақ, олардың алмастырып мінуіне 100 қосар ат және сойысына 100 жылқы алып барған деген дерек бар.

Ал осы Балтықбай әулетінен Келаман, Әбет, Амандық сияқты ортақ пікір туғызар озық ойларымен, тауып айтатын нұсқалы әңгімелерімен, ұтқыр әзілдерімен қазақ арасында кеңінен танылған шешен-билер шыққан.

Қайырбайдың әкесі Мұғал да Ырғыз өңіріне танымал азамат болатын. Заманында аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, колхоз басқармасының төрағасы, кеңшар директорының орынбасары сияқты қызметтерді абыроймен атқарған. Қазіргі Әйтеке би, Ырғыз аудандарында Мұғал ақсақалдың шарапатын көрген ағайындар жетерлік.

Міне, осындай құт дарыған киелі шаңырақта туып-өскен Қайырбайды да артында өшпес із қалдырған азамат деп айта аламыз.

1968 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіріп шыққан Қайырбайдың еңбек жолы Қобда аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасында бас дәрігерліктен басталыпты. Содан зейнеткерлікке шыққанға дейінгі отыз жылын медицина саласына арнаған.

Саналы ғұмырын облыстағы денсаулық сақтау саласын көтеруге арнаған ол әр жылдары аудандық партия комитетінің мүшелігіне, облыстық және аудандық халық депутаттары кеңесіне депутаттыққа сайланып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған.

Сол кездегі Ақтөбе ауданында өзі құрған «Қазақ тілі» қоғамына төраға болған жылдары төл тіліміздің дамуына қосқан үлесі Қайырбайдың күрескерлік қасиетін көрсетсе керек.

Кежегесі кері тартатындар қай заманда да болған, мемлекеттік тілдің мәртебе алуына кедергі келтірушілер аяқтан шалған тұста «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оны басқару Қайырбайға оңайға түспегені аян. Алайда, елім деп туған азамат өзінің жанына шынайы патриоттарды, білімді принципшіл адамдарды жинай білді.

Қазақтың біртуар азаматы Қайырбайдың қазақ тілінің дамуы мен елдің болашағы жолындағы жанқиярлығы еріксіз сүйсіндіреді. Ұлттық мүдденің ұйытқысы бола білген ол Ақтөбе ауданының орталығы Қарғалыда қазақ мектептерінің ашылуы үшін өзін де, өзгені де аяған жоқ. Барын да, жанын да салды. Аянбай тер төкті. Оның жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр.

Қайырбай «Қазақ тілі» қоғамымен қатар, Қазақстанның халық конгресі партиясының Ақтөбе өңіріндегі үйлестірушісі де болды. Сол жылдары облыстық мәслихатқа депутаттыққа кандидат болып түскендегі бағдарламасы оның шын мәніндегі ұлт жанашыры болғанын, мемлекеттік масштабта ойлайтын тұлға екенін дәлелдесе керек. Бағдарламасына адамзаттың демократиялық құндылықтарын басты желі қылып алған оның бұл қадамынан салиқалы саясаткердің бейнесін көреміз.

Бауырлас түрік халқында «Садақты неғұрлым қаттырақ тартсаң, жебесі соғұрлым алысқа барады» дейтін сөз бар. Қайырбай да асқақ арман-мақсатымен, алысты болжап, қиядан шалар қасиетімен дараланып тұратын жан еді. Осы қасиеті оның ардақты есімін алысқа апарары сөзсіз.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді қазақ даналығы. Қайырбай да артына өсіп-өнген ұрпақ қалдырған азамат. Өмірлік серігі Ақзада Айбекқызы екеуінен туған үш бала ел мақтанышына айналған жігіттер. Тұңғыштары Қайсар мен Қайрат Қазақстан Қарулы Күштері қатарында абыройлы қызмет атқарып жүр. Екеуі де полковник. Кенжелері Қайдар елде, қарашаңырақтың отын маздатып отырған жайы бар. Кәсіпкерлікпен айналысып, ел экономикасының өркендеуіне қал-қадарынша үлес қосып жүр. Атыраудағы Бақашы әулие бабасының басын қарайтып, ескерткіш қоюға ұйытқы болған да осы Қайдар баламыз. Осы үш ұлдан 8 немере, 2 шөбере өсіп келеді.

Мұғал әулетінен тараған ұрпақ бүгінде ата-аналары Қайырбай мен Ақзаданың өмірінің жалғасы ретінде тамырын тереңге жайып, мәуелі бәйтеректің жапырақтарын жайып келеді.

Білсем, танысам деген адамға Қайырбайдың тәрбие алар тұстары жетерлік. Жайсаң жанның ғұмырнамасынан оның өмірден ары мен абыройын таза сақтап, биік ұстап өткенін көреміз.

Нығмет БАЛБОСЫНОВ,

дербес зейнеткер.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*