Басты бет » Денсаулық » Тілмені асқындырып алмаңыз

Тілмені асқындырып алмаңыз

Дәрігерлік кеңес

Тілме қабынуы (рожистое воспаление) —  А тобының стрептококты микроағзасымен шақырылатын, ағзаны тез интоксикацияға әкеліп, терінің кілегей қабатының жергілікті қабынуымен жүретін микробты қабыну ауруы. Ертеде бұл ауруды гректер «erysipelas» (қызарған тері) деп атаған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тілме қабынуымен 1 жылда 10 мың адамға шаққанда 15-20 адам ауырады. Тілме қабынуының 70%-ы жаз және күз айларында кездеседі. Бұл сырқатқа әкелетін себептерді бейімдеуші және жүзеге асырушы  себептерге бөліп қарастырамыз. Бейімдеуші себептерге салқын тию, құнарсыз тамақтану (ағзаға дәрумендердің, минералдар мен белоктардың аз түсуі) жатады, ал  қант диабетімен ауыратын науқастар қауіпті топқа жатқызылады.  Ауруды жүзеге асырушы себепке терінің зақымдануы, зақымданған теріге стрептококтың енуін айтады.  Терінің жиі ластануы мен зақымдануы шахтерлерде, силикат, цемент, тағы да басқа заттар қолданылатын не шығаратын  өнеркәсіптерде жұмыс жасайтын мамандарда кәсіби ауру ретінде дамуы мүмкін. Ал ересектер мен балаларда жәндіктер тістеп алғаннан не маса шаққаннан кейін теріні қасып зақымдауы, тұрмыстық жарақаттар жиі  себеп болады. Теріге инфекция көзге көрінбейтін болмашы жарақаттан кейін де енуі мүмкін. Ал науқастар ол жарақатты өздері де байқамай жатады. Сол жерге стрептокпен бірге басқа микроағзалар (стафилакокк, саңырауқұлақтар) еніп, бірігіп қабыну тудырады.

Аурудың типті көрінісіне теріде жарақат пайда болған жағдайда бірнеше сағаттан кейін, дене температурасының 38-39 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, жергілікті лимфа түйіндерінің ұлғаюы  байқалады. Оған стрептококк пен басқа да микроағзалар  еніп, таралып, токсиндер бөлу арқылы  оны жалпы улауымен байланысты.  Науқастар алғашқыда терінің қышып, қызарып, күйдіріп бара жатқанына шағымданады.Терінің қызаруын шиқаннан  ажырата білу  керек. Тілмеде қызарған жер мен сау терінің айырмашылығы анық байқалып тұрады. Ал шиқан шыққанда ондай болмайды.

 Азамат ҚАЙЫРҒАЛИ,

облыстық «Жас ғалымдар кеңесінің» мүшесі,

интерн-хирург.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*