Басты бет » Білім » «Нұр Ақтөбенің» шамшырағы

«Нұр Ақтөбенің» шамшырағы

Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 1200 балаға есептелген  мектеп туралы жазуымызға оқушылардың ата-аналары тарапынан айтылған  жылы лебіздер себеп болды.

Қарғалы ауылының жоғары жағынан «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының бой көтергеніне көп уақыт өткен жоқ. Пәтер жағалап, баспанасыз жүрген қалалықтар үшін болсын, ауданнан, ауылдан көшіп келген  адамдар үшін де, әсіресе, жас отбасылар үшін жұмақ мекенге айналды деуге болады. Бүгінде  түнгі шамдары самаладай жарқыраған шағын аудан тұрғындары үшін көңілдеріне қуаныш сыйлайтын жаңалықтар көп. Астанадан келген Үкімет адамдары да, облыс, қала әкімдері ұдайы назарда ұстағандықтан болар, 15 мыңдай тұрғыны бар (оның 5 мыңға жуығы бала)  «Нұр Ақтөбе» үшін заманауи мектеп ғимаратының іске қосылғанына жыл толды. Мектеп жанындағы 5-12 жастағы балаларға арналған «Айналайын» жаздық лагерінің ашылуына барғанда, ата-аналардың шексіз қуанышына куә болдық. Өйткені күндіз өздері жұмысқа кеткенде, балаларының бос уақытын қалай өткізетініне басы қататын ата-аналар оны тығырықтан шығар жол деп қарайды екен.

Мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы, облысқа белгілі педагог, облыстық дарынды балалар мектебінің мұғалімі  Боранбай Әлиұлы:

  • «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы мектепте немерем оқиды. Қырық жылдай мектептерде ұстаздық етіп келе жатқан тәжірибелі маман ретінде ата-аналар комитетін сайлағанда таңдаулары маған түсті. «Мектеп — болашақтың бесігі, ұстаз — болашақтың есігі» деген бар. Бұл шағын ауданның өзі жаңадан ашылды, оған жан-жақтан бірін-бірі білмейтін әртүрлі ортаның адамдары жиналды. Мектепте сабақ беретін ұстаздар да, оқушылар да әртүрлі деңгейде. Сондықтан осы ұжымға бағыт-бағдар беріп, ортақ мақсатқа  жұмылдыру — ол тек мектеп әкімшілігінің ғана емес, ата-аналар комитетінің де міндеті.  Мұндай шағын ауданның тез арада салынып, ол жерде білім ордасының да жедел іске қосылуы үкімет тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлық.  Оқушылар ғана емес, жас ата-аналар арасында да тәрбие жұмыстарын жүргізу керек. Мәдениетті орта қалыптастыру қажет. Өйткені мұндағы тұрғындардың дені — ауылдікі. Сосын орыс сыныптарда оқитын оқушылардың бір-екеуі ғана өзге ұлт өкілдері, қалғаны қаракөздер. Біздер мектепте өтетін барлық шараларға қолдан келгенше атсалысып келеміз. Сондай шараларда белсенділік танытып жүрген Ұлан, Эльвира секілді ата-аналарға алғысымыз шексіз. — дейді.

Биылғы Наурыз мейрамын тойлағанда  Қарғалы ауылының адамдары үшін жалпыхалықтық мерекеге айналыпты.

№60  мектептің бастауыш сынып мұғалімі әрі ата-анасы Жадыра Нұрманова өзінің былтыр «Нұр Ақтөбеден» үй алып, Әйтеке би ауданынан көшіп келгенін, балаларының да, өзінің де қай мектепке баратынын білмей уайымдағанын, бірақ құрылысы уақытынан бұрын аяқталған №60 мектептің ашылуы оның бар проблемасының шешілуіне игі ықпал еткенін есіне алды.

  • Комсомол селосында мектепте сабақ бердім. Ол да жаңа мектеп, бірақ мына мектеппен салыстырғанда арасы жер мен көктей.

Ұжым ұйымшыл. Жарқырап тұрған мектептің одан сайын көркеюіне ата-аналар көп көмектесіп жатыр. Балаларымыздың мектебі үйдің жанында, алаңдамаймыз. Ақтөбеге көшіп келгенде жолым болды деп қуанып жатырмын.

Қазір өзім мектеп жанындағы таңертеңгі сағат 9-дан түскі 1-ге дейін жұмыс жасайтын ойын лагерінде тәрбиеші болып жұмыс жасап жүрмін. Балаларды ойнатамыз, қыдыртамыз, бір мезгіл бойларын сергітуге жақсы. Әлия Молдағұлованың музейіне, ойын-сауық орталықтарына, бассейнге, тағы басқа жерлерге апарамыз.

Бұл мектепте барлық шаруа жария түрде жасалады. Ешқандай құпиясы жоқ. Ата-аналар тарапынан шағым болса, оны кедергісіз мектеп басшысына жеткізе алады.

Ата-аналар мектеп жанын көгалдандыруға таңғы сағат 7-ден бастап кірісіп жатады. Мектеп «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының  мәдени орталығы сияқты.  Оның айналасы кешкілік халық серуендейтін саябаққа айналдырылуда. Көпшілік шаралар өткізілуде Гүлдер, тал-теректер егілуде, — дейді Жадыра.

Бұл мектептің ішіндегі акт залы қаладағы филармония, театр орналасқан Мәдениет үйлерінен кеңдігі жағынан да, көркемдігі жағынан да асып түседі. Спорт залы сарай деуге лайық. Асханалары, басқа да бөлмелері кісі қызыққандай. Ондай мектепте білім алып жатқан оқушы түгіл, ондағы ұстаздардың, басқа да қызметкерлердің  заман талабына, барлық халықаралық стандарттарға сай салынған жаңа ғимаратта шабытпен  жұмыс істейтіні сөзсіз. Оқу ордасындағы   химия, физика, математика, биология кабинеттері, компьютерлік кластар, интерактивті тақталар, шеберханалар,  спортзалдар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Мектеп директоры Абзал Тәжімішовтің айтуынша, былтыр мектеп ашылғанда  1492 бала қабылданыпты. 13 бірінші сыныпқа оқушылар қабылданған. Ақтөбе қаласындағы 1200 орындық 2 мектептің бірі. №40 мектеп пен осы оқу ордасы. Автоматтандырылған жылу жүйесі бар. Мектептегі ұстаздардың орта жасы — 35.  123 мұғалім қызмет етеді, оның 17-сі — ер адам.

  • Мектепте ер мұғалімдердің көбейгенін мен де қолдаймын. Ер балалардың тәрбиесінде әкелердің орны бөлек. Қазір мектептегі мұғалімдердің басым көпшілігі — әйелдер. Үйде де аналардың ықпалы басым. Ата-аналар жиналысына да бірлі-жарым әкелер ғана қатысады. Сондықтан мектепте әкелер мектебін қолға алып жатырмыз.  Мектептегі сабақтан тыс уақытта, кешкілік балалардың  қоғамдық негізде волейбол, баскетбол, гимнастика сияқты  спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік жасадық. Дегенмен күндізгі уақытта спорт секцияларын ұйымдастыру үшін мектептің подвалын бос қоймай, соған сай әрлеп-жөндеп іске қоссақ деп іске кірісіп жатырмыз, — дейді бұрын да мектептерде басшылық жасаған, бұл салада тәжірибесі бар іскер директор Абзал Тәжімішов.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы  №60 орта мектептің бір жылда жеткен жетістіктері де аз емес. ҚР Білім және ғылым минстрлігінің Қазақстан Интернет олимпиадасынан (КИО) республикадағы мектеп арасында 4 орынды, Ақтөбе облысы бойынша І орынды жеңіп алды.

Мектеп кітапханасының қорын байыту мақсатында «Кітапханаға кітап сыйла» қайырымдылық акциясын өткізді. Соның арқасында  жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңітетін 4 мыңдай кітап жиылды. Акцияға мектеп ата-аналары, ұстаздары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері де қатысты.

Жаңа мектептің ішін тірі гүлдермен көмкеріп қою үшін ата-аналар арасында «Мектебіңе гүл сыйла» акциясын ұйымдастырды. Акцияға мектеп оқушылары мен ата-аналары белсене қатысты, қазір құмырадағы  97  керемет гүл мектептің ажарына ажар қосып тұр.

Қазақтың жас ұрпағының осындай алтын ұяларда тыңғылықты білім алып, өмірден өз орындарын табатынына күмәнданғың келмейді.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*