Басты бет » Тарих » Ілгері істің ұйытқысы еді…

Ілгері істің ұйытқысы еді…

Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген Амантай Әбдіров еңбек жолын қазіргі Мұғалжар ауданындағы өз ауылында — «Ильичев» кеңшарының екінші фермасында бастағаны бүгінгідей көз алдымда. Фермада іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ол шаруашылықтың бас зоотехнигі қызметіне жоғарылатылды.

Бұл 35 мың гектардан астам дәнді және мал азығындық дақылдар егетін, 45 мың қой, 2 мың ірі қара, бір мыңдай жылқы өсіретін аудандағы ірі кеңшарлардың бірі еді. Егісінің көбі жемшөп өндіруге арналған.

Шаруашылық жер аумағының көбі сортаң топырақты, шөл-шөлейтті қуаң дала болатын. Кеңшар директоры Қамидолла Түйтебаевпен бірге Амантай Әбдіров шаруаны ұйымдастыру жұмыстарында табиғи жағдайы қатаң қуаң даланы тиімді пайдалана білді. Жер ыңғайына қарай негізгі өндірістік бағыт — қой өсіру мен мал шаруашылығы болғандықтан, оған қажетті шаралар, қора, жемшөп дайындау, емдеу-егу жұмыстары жүйелі ұйымдастырылды.

Бас зоотехник Амантай қойды сұрыптау, іріктеу, отарға топтау, қолдан ұрықтандыру, қозы айыру секілді іс-шараларды өз дәрежесінде жүргізді.

Аналық қойды бағу-күту, қоздату жұмыстары қол еңбегін көбірек қажет ететін болғандықтан, оларды ықшамдап, 500-600 бастан отарға топтастырып, тәжірибелі шопандарға бекітіп берді.

Сол кездерде мемлекетке сүт тапсыру жоспары берілгендіктен бір сауын сиыр бағатын табын ұйымдастырылды. Сиырлардың сүттілігін арттыру және етке тапсырылатын өгіздерді семірту мақсатында оларға көкмайса, қоректігі күшті шөп беру үшін суармалы жер аумағын ұлғайту қолға алынды.

Малшылардың тұрмыстық-өндірістік жағдайы, барлық малдың бағу-күтімі бас зоотехник Амантай Әбдіровтің ұйымдастыруы мен қадағалауында болды.

1983 жылы кеңшар 23 мың саулықтан басына бас қозы өсіріп, ең жоғары нәтижеге жеткен аудандағы және облыстағы жалғыз шаруашылық болды.

Сиыр мен биеден төл алу да жоспарланғандай 100 аналықтан 80 бас болды.

Қой шаруашылығын дамытуда ең жоғары нәтижеге жеткені үшін республикалық социалистік жарыста «Ильичев» кеңшары 1983 жылы жеңімпаз болып, ауыспалы Қызыл Туға, Құрмет дипломы және ақшалай сыйлыққа ие болды.

Кеңес үкіметінде ауыл шаруашылығының озаттарының еңбектерін жоғары бағалау-марапаттау әр бесжылдықтың қорытындысы бойынша жүргізілетін-ді. Шаруашылықтың басшысы, ұйымдастыру ісінің шебері Қамидолла Түйтебаев бесжылдық аяқталғанға дейін кенеттен қайтыс болды да, оның орнына алдында ғана осы кеңшардан аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатылған Амантай Әбдіров тағайындалды.

«Ильичев» кеңшары сол жылдары мемлекетке арзан астық, картоп, көкөніс, ет, сүт, жүн, тері тапсыратын көпсалалы, шаруашылық жылдарын табысты аяқтайтын, рентабелді, ірі кәсіпорынға айналды.

Тұрғын халқы көп Жұрында бұрын клуб болмаған еді, Амантай Әбдіров сәулетті Мәдениет үйінің ғимаратын салдырған басшы болды.

1985 жылы басталған қайта құруда ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етудің бұрынғы жоспарлы жүйесі өзгерді. Өзін-өзі қамтамасыз ету басталды.

Осы кезде кеңшар директоры Амантай Әбдіров ұн дайындайтын, нан пісіретін, шұжық өндіретін цехтар ашуды ұйымдастырды. Тауықты көбейту үшін инкубатор аштырды. Осы цехтардың өндірген өнімдерімен халықты азық-түлікпен, бірқатар жастарды жұмыспен қамтамасыз ету істеріне үлес қосқан басшы болды.

Кейін шаруашылықтарды тарату басталғасын Амантай жеке кәсіпкерлікпен шұғылданды. Арпа егетін шаруа қожалығын ұйымдастырды.

Бұрынғы қоғамдық жүйеде ауыл шаруашылығы өндірісін үздік дамытуға қыруар еңбек сіңірген, шешуші үлес қосқан, қазіргі нарықтық экономика кезінде де жеке кәсіпкерлікті жете игерген, өмір, қоғам талабына сәйкес лайықты қызмет істей білген ардақты азамат Амантай Әбдіров өмірден ертерек кетті.

Артында қалған өмірлік жолдасы Күләш пен Асхат бастаған балалары әулеттің жақсы дәстүрлерін ілгеріге жалғастыруда.

Әбуғали ЖАЛДЫБАЕВ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*